Қазақстан • 09 Қазан, 2018

Астанада кітапханашыларға арналған бес күндік тренинг басталды

971 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің аймақтарынан 34 кітапханашы Астана қаласында арнайы оқуға жиналды. Назарбаев Университетінде республика бойынша қоғамдық кітапханалардың қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған бес күндік семинар-тренинг жұмысын бастады.

Астанада кітапханашыларға арналған бес күндік тренинг басталды

Кітапхана ісі мамандарының білімі мен кәсібилігін арттыру мақсатында «Жас Отан» Жастар қанаты мен Назарбаев Университеті кітапханалардың заманауи өзгерістерге бейімделуі мен жаңа форматта қызмет көрсетуі бойынша семинарлар мен тәжірибелік тренингтер өткізеді.      

Шара барысында Назарбаев Университеті кітапханасының бас сарапшысы, Белорусь кітапхана ассоциациясы Кеңесінің Төрағасы  Петр Лапо бес күн бойы қатысушыларға аймақтағы кітапханалардың сұранысын арттыру жолдарын үйретеді. Сондай-ақ шара барысында қатысушылар Назарбаев Университетінің студенттеріне арналған жаңа кітапхананың жұмысымен де танысады.  

«Жас Отан» Жастар қанатының Төрағасы Данияр Сүндетбаев бұл шараның аймақтық кітапханалардың жаңғыру жолында жасалған үлкен қадам екенін атап өтті: «Қатысушылар осы семинар-тренинг нәтижесінде өз аймақтарында қоғамдық кітапханалардың жұмысын заманауи талаптарға сай түрлендіруге қадам жасап, алған білімдерімен өз өңірлеріндегі әріптестерімен бліседі деп сенеміз. Қазіргі заманның кітапханалары жастардың білімін толықтыруға, жаңа достар табуға мүмкіндік беретін, бос уақытын тиімді өткізетін  жастар алаңдарына айналуы тиіс».

«Жас Отан» наурыз айында өткен Съезінен кейін кітапханаларды жастардың қажеттілігіне жауап беретін заманауи білім орталықтарына айналдыруды қолға алды. Ұйым жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарында қоғамдық кітапханалардан заманауи жастарға арналған коуоркинг зоналарын ашуды жоспарлап отыр.

Қатысушылардың бірі Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Шатырбекова Гүлсім шараның кітапханашыларға берер пайдасы туралы ойымен бөлісті: «Өңірлердегі кітапханаларға жаңа өмір беру керек екенін түсінеміз. Бізде бар ресурстарды жастар кеңінен қолдануы үшін не істеу керек, кітапхана менеджменті, кітапхана жұмысын жаңа форматқа, заманауи сұранысқа сай бейімдеу тақырыптарын алдағы семинарлар мен тренингтерде талқылайтын боламыз. Жаңа білім алып қана қоймай, өзге өңірлерден келген әріптестерімізбен танысып, өзара тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді».