Кино • 09 Қазан, 2018

Үздік актриса Түркияны да тәнті етті

666 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың сүйінші дейтін жақсы бір сөзінің талантты актриса Самал Еслямова есімімен қатар жүретініне өнерсүйер қауым әбден үйреніп алған. Көктемде ғана Францияның Канн қаласынан жеткен «Самал – үздік актриса» деген ақжолтай хабар төрткүл дүние назарын қазақ еліне бұрғызса, енді, міне күні кеше талғампаз ару шеберлігі кино өндірістің отаны саналатын түрік елін де талантына табындырды.  

Үздік актриса Түркияны да тәнті етті

spitniknews.kz

Өткен аптада Түркияның Анталия қаласында өткен 55-ші халықара­лық кинофестивальде әлемдік киноөн­діріс­тің үздіктері анықталды. 10 ата­лым бойынша сарапқа түскен таланттар тағдыры кәсіби кино маман­дарының таңдауымен анықталып, жаһанға жария етілді. Қазылар алқа­сының шешімімен, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмін­дегі рөлі үшін қазақстандық Самал Еслямова үздік актриса атанды. 

«Айка» кинотуындысында баласын өмірге әкеле салып, одан бас тартқан жас қыздың бейнесін кейіп­тедім. Оңай болды демеймін. Үлкен ізденісті талап етті. Бірақ соның нәти­жесінде кино өнеріне басқа, байыпты көзқараспен, жауапкершілікпен қарап үйрендім. Бүгінгі жеңісім сол іздені­сімнің жемісі деп ойлаймын», – деп түсін­діреді актриса Канн және Түркия кино­фестивальдеріндегі жеңісінің сырын.

Ал фильм режиссері Сергей Двор­цевой болса, кинотуындысына таңдаған актриса, яғни Самал жөнінде былайша пікір білдіреді: «Жалпы, актерге туа­бітті таланттан бөлек, мінез де керек. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Ол – шынайы сезімнің актрисасы». 

 Айта кетейік, Анталия қала­сын думанға бөлеп, қазақ қызына тең­дессіз абырой сыйлаған айтулы өнер байқауында, сондай-ақ ирандық режиссер Джафар Панахидің «Үш бейне» (Three Faces) картинасы «Үздік фильм» деп танылса, жапон ре­жис­сері Хирокадзу Корээда «Дүкен ұры­лары» (Shoplifters) картинасы үшін «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды. Ал ливандық Надин Лаба­ки­дің «Капернаум» (Capharnaüm) фильмін­дегі ізденісі үшін Заин әл-Рафеа «Жылдың үздік актері» атанды. Бұдан өзге аталымдағы жүлделер де сарапшылар алқасының шешімімен лайықты иелеріне салтанатты жағ­дайда табыс етілді. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»