(Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындылары туралы)
«Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыруымыз қажет».Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
* **
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУДІ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 20 жылында еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуымен қатар білім беруді жаңғыртуды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Қомақты әлеуметтік, әсіресе білім беру жүйесіндегі реформаларды жүргізу Егемен Қазақстанның алғашқы құқықтық құжаттарының бірі – Тәуелсіздік Декларациясында бекітілген болатын. Ұлттың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында жаңа мемлекетті құрудың және экономиканы реформалаудың ең қиын жағдайында ұлттық білім беру моделі құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білім және ғылым жүйесі Қазақстан Республикасы Президентінің басты назарында болды. Оның стратегиялық көрегендігінің арқасында мемлекет пен қоғамның сұраныстарына сәйкес ұлттық модель жыл сайын жаңа сапалы мазмұнға көшіп, жетілдіріліп отырды. 20 жыл ішінде қазақстандық білім беру жүйесінің негізін қалаған екі іргелі стратегия: 2000 жылғы «Білім беру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Еліміз дамуының жаңа кезеңі барлық салалардың инновациялық-индустриялық дамуына көшуді қарастыратын жаңа міндеттерді алға қойды. Бұл жаңа талаптарға сәйкес білім беру жүйесінің барабар өзгерістерін талап етті. Осы мақсаттарды іске асыру үшін 2011 жылы Мемлекет басшысы Білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл стратегиялық құжатта Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының 2011-2020 жылдарға арналған білім беру саласының ұйымдастыру негізі қаланды. Сонымен бірге тиімді адами капиталды құру, инновациялық жобаларды іске асыру үшін жоғары білікті кадрларды тәрбиелеу және жаңа технологияларды құруға ерекше назар аударылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтой жылы білім беруді дамытуды іске асырудың алғашқы жылымен тұспа-тұс келуі жай емес. Бұл жыл білім және ғылым жүйесіне терең және маңызды өзгертулер әкелді. Биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі – одан арғы жұмыстың құқықтық негізін қалаған «Білім туралы» және «Ғылым туралы» екі Заңның бекітілуі болып табылады. Оларды іске асыру үшін 2011 жылғы бірінші жартыжылдықта 83-тен астам нормативтік құқықтық актілер бекітілді, 48 акт әзірлену үстінде. Білім және ғылым министрлігі жаңа Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің тиімділігіне қол жеткізуді және бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар қолданды. Министрлік жанынан «Ақпараттық сараптау орталығы» құрылды. Орталықтың басты міндеті кешенді мониторинг және тереңдетілген талдау жүргізу, мемлекеттік білім саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу және қауіп-қатерлерді болжау болып табылады. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ғылыми негізде талдау жүргізілуде. Оны негізгі индикаторлар бойынша мониторингілеудің мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Жағдайға баға беру, мүмкін болатын басқару шешімдерін модельдеу іске асырылуда. Мемлекеттік бағдарлама мазмұнын әлемдік деңгейдегі көкейкесті үрдістермен салыстыру және талдау жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламада айқындалған тоғыз негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда.Педагог мамандығының мәртебесін арттыру
Педагог мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Жоғары білікті педагогтарсыз білім сапасын арттыру мүмкін еместігі дәлелденген. Сондықтан педагогтар мәртебесін арттыру мен оларды даярлауды жетілдіру отандық білім беру саясатын дамытудың басым бағыты болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылында мұғалімдер үшін маңызды материалдық ынталандыру енгізілді. Осы жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалімдер санаттарына қарай еңбекақыларына үстемақы алады. Базалық жалақыға жоғары санатты мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері үшін – 100 %, бірінші санат – 50 %, екінші санат үшін 30 % үстемақы қосылатын болады. Педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа үлгісіне көшу де білім беру сапасын жақсартудағы маңызды қадам болды. Біріншіден, педагогикалық мамандықтар бойынша даярлайтын жоғары оқу орындарының саны екі есе, 85-тен 40-қа дейін қысқаратын болады, бұл оқытудың сапасын арттыруда оң нәтижелер береді. Екіншіден, қалған жоғары оқу орындарында жоғары мектептің үздік педагогтары еңбек ететін болады. Осы мақсатпен «педагогикалық ЖОО – инновациялық мектепке» кешенді көшу қалыптасатын болады. Биылғы жылғы мамыр айында Білім және ғылым министрлігі ҚР Үкіметіне педагогтарды сапалы даярлау бойынша ұсыныс енгізді. Болашақ педагогтарды жоғары оқу орындарында оқытудан бастап, интернатура енгізу және қазіргі мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін толық қайта қарауға дейін педагогикалық кадрларды даярлауға қойылатын талаптарды және оның тетіктерін түбегейлі қайта қарау туралы жүйелі шешім қабылданды. Біліктілік арттыру жүйесін жаңғыртудың базалық кешенін құру бойынша жұмыс басталды: Ұлттық педагогтар біліктілігін арттыру орталығының, педагогикалық жоғары оқу орындары жанындағы біліктілік арттыру орталықтары, «Назарбаев Университетінде» Білім беру факультетінің ашылуы. Бұл кешенді түрдегі педагогтардың біліктілік деңгейін үнемі арттыру үшін үлкен әдістемелік негізді құрайтын болады. Одан басқа мұғалімнің қоғамдық беделін арттыру мақсатында педагог мамандығын, үздік педагогтардың алдыңғы қатарлы тәжірибелері мен жетістіктерін белсенді түрде насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Педагог мәртебесін арттыру мәселесі математика мұғалімдерінің I съезінде де, республика педагогтарының кәсіптік өмірінде маңызды оқиға ретінде қалған ата-аналар қауымдастығы мен мемлекеттік емес сектор өкілдерінің қатысуымен өткен республикалық педагогикалық форумда да талқыланды.Электрондық оқыту – «E-learning»
Таяу уақытта қазақстандық оқушылар тұрғылықты жеріне тәуелсіз үздік білім беру ресурстарына деген қолжетімділікке ие болады. Бұл міндетті электрондық оқыту – «E-learning» шешетін болады. «E-learning» ауылдық жерлердегі балалардың ақпараттық артта қалуын төмендетіп, жалпы білім сапасын арттырады. Электрондық оқытуды енгізген елдер тәжірибесі АКТ білім алушылардың үлгерімін 17%-20%-ға арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Бұл жобаны іске асыру екі сатыда жүреді. 2011–2015 жылдары «E-learning» жүйесіне білім беру мекемелерінің 50 пайыздан астамы қосылады. 2020 жылға дейін – 90-нан астам. 2011-2012 оқу жылында электрондық оқыту қанатқақты жоба ретінде Алматы, Астана және Қарағанды облысының 44 білім беру ұйымында сынақтан өткізілді. Бұған 1,25 млрд.теңге сомасында қаржы құралдары бөлінді. Әрбір білім беру ұйымына компьютерлік техника, интерактивті тақталар мен проекторлар, планшетниктермен және классмейттермен жарақталған ұтқыр компьютерлік сыныптар ұсынылған. Бірыңғай электрондық жүйені енгізуден күтілетін нәтижелер бұл – мұғалімдердің күн ұзақтық қауырт еңбегін жеңілдету, шығармашылық пен оқу материалдарын жаңарту үшін уақыт үнемдеу. Бұл жобаның тұсаукесері Астана және Алматы қалаларында табысты өтті. Қанатқақты мектептердің 95%-ға жуық мұғалімдері оқушылардың сабақ үстіндегі белсенділігінің жақсарғанын, визуалды оқу материалдарына деген қызығушылықтың артқанын атап отыр.Білім беру менеджменті
Қазақстанда білім беру менеджменті жүйесі де жетілдіріліп келеді. Бұл оқыту семинарларын, біліктілік арттыру курстарын өткізу және білім беруді басқарудың жаңа тиімді әдістерін енгізу жолымен жүзеге асырылуда. 2011 жылғы қыркүйекте 160 білім беру ұйымдарын басқарушы қызметкерлер арасында нәтижеге бағдарланған жоспарлау бойынша оқыту семинары өтті. Даму жоспарлары әзірленіп жатқан 45 қанатқақты білім беру ұйымында жұмыстар жүргізілуде. Жыл ішінде 3970-тен астам педагог менеджмент саласында біліктілік арттыру курстарынан өтті. 2011 жылғы желтоқсанда жоо-лар ректорларының, мектеп директорларының және кәсіпорын басшыларының қатысуымен барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестердің қызмет етуі бойынша республикалық семинар өткізілді.Білім беруді қаржыландыру
Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезектегі міндеті білім беру қызметтеріне деген тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржыландыру жүйесін жетілдіру болып табылады. Бағдарламаның бірінші сатысын республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 461,1 млрд. теңгені құрайды. Жергілікті бюджеттен қаржыландыру тиісті бюджеттерден білім беру жүйесін дамытуға жыл сайын бөлінетін құралдар шегінде жүзеге асырылатын болады. 2010 жылдан бастап «Балапан» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттің нысаналары трансферттері есебінен бір балаға жылына есебінде жанбасылық қаржыландыру негізінде балалар бақшаларын және шағын орталықтарды қаржыландыру жүзеге асырылуда. Республикада барлық білім беру ұйымдарын жанбасылық нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілу үстінде. Педагогтар үшін біліктілік арттыруды жанбасылық қаржыландыру – ваучерлік-модульдік жүйе қарастырылған. Оның шеңберінде педагогке төлемақыны тікелей аудару жолымен біліктілік арттыру курсынан өту орны мен уақытын таңдау мүмкіндігі ұсынылған. Осы жылы «Білім туралы» ҚР Заңына орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жанбасылық қаржыландыру тетіктерін таратуға мүмкіндік беретін қажетті толықтырулар енгізілді. 2015 жылға қарай осы тетікті енгізу білім берудің барлық деңгейінде іске асырылады деп күтілуде. Республикада ақылы білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) жаңа тетігі әзірленді. Оның көмегімен Қазақстанның әрбір азаматы болашақта баласының жоо-да немесе колледжде білім алуына төлеу үшін жоспарлы түрде ақша құралдарын жинаудың шынайы мүмкіндігін алады. Жаңа жинақтау жүйесі азаматтар жинақтары үшін мемлекеттік сыйақының аударылуын көздейді.Мектепке дейінгі білім беру
Мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жүйесін жаңғырту болып отыр. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1145 бірлікке артып, 7591 (2591 балабақша, 5000 шағын орталық) болды. Оларға 538,5 мың бала барады. 2010 жылы бұл көрсеткіш 446,4 мыңды құраған болатын. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 65,4%-ға дейін артты. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік табысты жұмыс істеуде. Республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберінде жекеменшік балабақшалар жүйесі 102 бірлікке артып, 449 бірлікті құрады. Белгілі бір жетістіктерге қарамастан, өтініштердің көбеюіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек мәселесі өзекті болып қалуда. Бұл мәселені шешуде өңірлерде демографиялық өсім егжей-тегжейлі талданып, балабақшалар құрылысы мен оларды іске қосудың қажетті болжамы есептелінді. Әр өңірдің елді мекені бойынша, әр нысан бойынша 2010-2015 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың кезеңдік жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес осы жылдары 277,8 мың орынды 2982 балабақшаларды ашу жоспарлануда. Аталған шаралар 2015 жылдары мектепке дейінгі біліммен қамту балалардың 74%, 2020 жылы 100% қамтылады деген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.Орта білім беру
Орта білім беру сапасын жоғарылатуға жету Қазақстан Республикасы дамуының негізгі міндеттері болып табылады. Аталған міндетті шешу 12 жылдық білімге көшу, материалдық базаны жақсарту, оқыту сапасын жоғарылату, шағын жинақты мектептер (ШЖМ) мәселелерін шешу, инклюзивті мектептер санын арттыру, жаңа мектептер салу және ыстық тамақ пен оқушыларды тасымалдаумен қамтамасыз етіледі 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу тек құрылымдық өзгерістер емес, сондай-ақ жалпы білім беру мектептерінің айтарлықтай өзгеруі болжануда. 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Осы мақсатта республиканың 104 мектептерінде тәжірибе жүргізілді, оның ішінде 45 ауылдық және 59 қалалық. Негізгі және бейіндік мектептердің білім беру мазмұнын анықтау жұмыстары жалғасуда. 12 жылдық оқыту мен бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты бекітілді. Мектептердің материалдық базалары үнемі жаңартылуда. 2011 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 569 биология, 459 ЛМК кабинеттер алынды. Қазіргі кезде 3247 мектеп жаңа модификациядағы физика кабинеттерімен (43,5%), 1464 – химия кабинеттері (19,6%), 2493 – биология кабинеттері (33,4%) және 3805 – ЛМК (51,0%) кабинеттерімен қамтамасыз етілген. 26 тірек мектептерін құрумен (ресурстық орталықтар), Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы жанындағы ШЖМ дамытудағы республикалық орталықты, 12 өңірдегі БАИ жанындағы ШЖМ даму орталықтары мен Ақтөбе облысындағы ШЖМ дамуы бойынша зертханалар құру жолымен ШЖМ мәселелерін шешу жұмыстары басталды. Оқушылық орындардың тапшылығы, апатты мектептер, үш ауысымды оқыту мәселелерін шешу бірінші кезекті міндеттер болып табылады. Бұл үшін 2011 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 58,896 орынды 89 мектептің құрылысы басталды. Дамуындағы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы білім беру 39 арнайы балабақшаларда және 102 түзету мектептерінде, 274 арнайы топтарда және 1155 жалпы білім беру мектептерінің арнайы сыныптарында қамтамасыз етіледі. Жеке бағдарлама бойынша үйде оқытумен 10 мыңға жуық балалар қамтылған. Балаларды инклюзивті білім берумен қамту бойынша жұмыс жүргізілді. Олардың үлесі дамуындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы санынан 14,1% құрады. 2012-2014 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен 203 мектептің, жергілікті бюджеттен 212 мектептің құрылысы жоспарлануда. Орал, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Шымкент (2 мектеп), Петропавл, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда және Қостанай қалаларында 12 Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылысы жүргізілуде. Аз қамтылған отбасылардың 210 467 (89%) оқушыларына тегін ыстық тамақ беру қамтамасыз етілген. Тегін ыстық тамақпен қамтудың ең үлкен бөлігі Ақтөбе (57,7%), Батыс Қазақстан (82,8%), Жамбыл (56,3%) облыстарында және Астана қалаларында (70,4%) байқалуда. Астана, Алматы қалаларында және Батыс Қазақстан облысында бастауыш сыныптардың барлық оқушылары үшін тегін ыстық тамақты ұйымдастырылған. Ағымдағы жылы «Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білімнің жалпы білім беру ұйымдарына және үйлеріне тегін тасымалдауды қамтамасыз ету» мемлекеттік стандарты бекітілді. Мектебі жоқ 1512 елді мекендердегі 24 649 оқушылар үшін мектепке тасымалдау ұйымдастырылған. 7980 балалар мектепке өз бетімен барады.Техникалық және кәсіптік білім беру
Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру (ТжКБ) шеңберінде кадрларды даярлау жүйесін басқарудың жаңа ведомствоаралық үлгісі қалыптасты. Бизнес-қауымдастығы мен жұмыс берушілердің қатысуымен кәсіби-техникалық кадрларды даярлау бойынша Ұлттық кеңес және 16 өңірлік және 14 салалық кеңестер құрылды. Олар кадрлар қажеттілігін анықтауға, жұмыс берушілердің кәсіби талаптарын әзірлеуге, білім беру стандарттарының жаңаруына, кәсіби стандарттарды әзірлеуге ықпал етеді. 2 осындай стандарт кәсіби қауымдастықпен әзірленген болатын. Тағы да 147 стандарт Дүниежүзілік Банкпен бірлескен жоба шеңберінде әзірленетін болады. Кадрлар даярлау деңгейінің еңбек нарығы сұраныстарына сәйкестігін үздік бағалау үшін қызметкерлер біліктілігін тәуелсіз сертификаттау дамитын болады. Материалдық-техникалық базаны жетілдіру мақсатында оқу орындарына 2 283,2 млн.тн., оның ішінде жергілікті бюджеттен 1 683,2 млн.тн, республикалық бюджеттен 600 млн.теңге бөлінді. Біліктілік арттыру курстарынан 4395 өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушылары, оның ішінде 24-IFB Халықаралық кәсіптік білім беру институтында (Мангейм қаласы, Германия) өтті. Жаңа жүйе құру шеңберінде ТжКБ-ны жаңғырту мен қазіргі заманғы кәсіби стандарттар әзірлеу үшін Дүниежүзілік Банк қаражаты есебінен 33,2 млн. АҚШ доллары болатын жоба іске асырылуда. ТжКБ үйлестіру мен басқаруды жүзеге асыру үшін «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылды. Оның базасында бизнестің қатысуымен басқарудың бірлескен үлгісі, жаңа стандарттар, түлектерді сыртқы сертификаттау, халықаралық аккредиттеу бағдарламасы саралаудан өткізіліп, соңан соң ТжКБ барлық жүйесіне таратылатын болады. Өткізіліп жатқан техникалық білімді жаңғырту жастарға сапалы кәсіптік және техникалық білім алуға және ҮИИДМБ жобасын кадрлармен толықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Жоғары білім
Жоғары білім жүйесіндегі қабылданып жатқан реформаларға назар аударған жөн. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұны мен сапасын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2011 жылы шетелдік ғалымдар мен оқытушыларды тарту жоспары бекітілді – 27 жоғары оқу орындарына 1493 адам. 2011 жылдың 1 желтоқсаны жағдайында 1100 адам келді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 28% еуропалық несиелерді аудару жүйесінің түрі бойынша несиелерді қайта есептеудің қазақстандық моделі енгізілді. ҮИИД үшін кадрларды даярлау мақсатында 37 базалық жоғары оқу орындары ірі компаниялармен өндірістік тәжірибе базасын қалыптастыруға шарттар жасасты. Жоғары оқу орындарының академиялық бостандығының кеңейтілуін қарастыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің МЖБС негізгі ережелері әзірленді: бакалавриатта 55%-ға дейін, магистратурада 70%-ға дейін, докторантурада 90%-ға дейін. Жоғары оқу орындарының оқулықтарын әзірлеу және басып шығаруды мемлекеттік қолдау жүйесі іске қосылды, бірінші кезекте мемлекеттік тілде. Алғашқы рет жоғары оқу орындары үшін базалық оқулықтарды басып шығаруға мемлекеттік қаржыландыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің сапасын арттыру және бәсекелес ортаны қалыптастыру мақсатында жоғары оқу орындары жіктеуінің жаңа жүйесі іске қосылуда. Биылғы жылы Қазақстанда жоғары оқу орындарының жіктеуіші әзірленіп, ұсынылды. Жоғары оқу орындарының алты санаты белгіленді: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, академиялар мен институттар. Әр санат бойынша әлемдік тәжірибені ескере отырып, қазақстандық жоғары оқу орындарының жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік беретін жаңа талаптар әзірленді. Зерттеу университеттерін құру – бұл білім мен ғылымды біріктіруге мүмкіндік беретін жалпы әлемдік үрдіс екендігін атап өткен жөн. Сол үшін «Ғылым туралы» ҚР Заңына сәйкес инновациялық қызметке бағытталған зерттеу университеттері мен жоғары оқу орындарын құру тетігі әзірленді. Ағымдағы жылы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен инновациялық нәтижеге бағытталған университеттік ғылымды мақсатты дамытудың ғылыми бағдарламасы іске асырылды. Әлемдік деңгейдегі жоғары мәртебелі зерттеу университеті болып табылатын «Назарбаев Университеті» белсенді қызмет етуде. Университет жанында бүгінде қоғам мен экономикаға инновация енгізіп жатқан ғылыми зертханалар мен орталықтар құрылды. Студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 300 магистранты бір семестр және оқу жылына Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және ТМД университеттеріне баруға мүмкіндік алды. Қазақстандық жоғары оқу орындары әлемдік рейтингтерде лайықты орындардағы бәсекелес күреске түсуде. 2011 жылы әлемнің 700 үздік университетінен құралған Quacquarelli Symonds рейтингінің нәтижесі бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 200 тұғырға көтеріліп, 401-450-орынға ие болды (2009 жылы – 601-650-орын). Қазақстанның жетекші ұлттық университеттері – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ топ-университеттерінің қатарына енген Орта Азияның бірінші жоғары оқу орындары болды. 2011 жылы 10 қазақстандық жоғары оқу орыны халықаралық аккредитациялаудан өтті, бұл осы оқу орындары түлектерінің дипломдарын шетелде танымдылығына мүмкіндік береді. Осы жұмыстың жалғасы республикалық аккредитациялық кеңестің және Аккредитация органдарының ұлттық тізілімінің құрылуы болады.Жастар саясаты
Негізгі бағдарламалық мақсаттардың бірі жастардың белсенді азаматтық бағытын, әлеуметтік жауапкершілігін, отансүйгіштік сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қадір-қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. Мұнда балалар мен жастар арасында тәрбие жұмыстарын күшейтуге аса назар аударылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалпы білім беру мектептерінде «Жас Ұлан» балалар-жасөспірім бірыңғай ұйымы құрылды. Жаңа жастар ұйымы екі деңгейден құрылған: 1-4 сыныптардың оқушыларын біріктірген «Жас қыран» және 5-9 сынып оқушылары үшін «Жас Ұлан». Бүгінгі күні оның қатарына 20 мың бала мен жасөспірім кірді. «Жас Ұлан» балалар-жасөспірім бірыңғай ұйымы балалар мен жастарға қазақстандық патриоттық рухта тәрбие беруге бағытталған біздің жас тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірегей жоба. Болашақта бұл ұйым азаматтық қоғамның элементі ретінде оқушылардың өзін-өзі басқарудың тиімді нысаны болады. Бүгінгі күні республикамызда жастар саясатын табысты жүзеге асырып жатқан 19 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жастарды тартуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін 2009-2011 жылдарға арналған «Ауыл жастары», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар – Отанға», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», тағы басқа жалпы ұлттық бастамасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар іске асырылуда. «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы 2011 жылдың 5 қазанында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне енгізілді. Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тәрбие және қосымша білім беру орталығын құру мәселесін жан-жақты зерделеуде. Ол балалар мен жасөспірімдер арасындағы барлық тәрбие жұмысы жүйесінің, оның әдістемелік қамтамасыз етілуінің, барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын басқарудың жаңа тетіктерін енгізудің біріктірушісі болады. 2011 жылғы қорытынды бойынша Мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңі табысты басталды деп айтуға болады. Биылғы жылы жоспарланған Мемлекеттік бағдарламаның 56 нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Жоғары білікті педагогикалық қызметкерлердің үлесі артуда; қамқоршылық кеңестер құрылды; менеджмент саласында білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігі артуда; электрондық оқыту жүйесі енгізілуде; мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен балаларды қамту артуда; 12 жылдық оқу үлгісіне толық көшудің дайындық кезеңі басталды; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасы шеңберінде мектеп құрылыстары жүруде; жұмыс берушілермен бірлескен біліктілікті тәуелсіз бағалаудан өткен ТжКБ түлектерінің үлесі артуда; үздік әлемдік университеттер рейтингісінде көрінген Қазақстанның жоғары оқу орындарының саны артуда; импакт-факторлармен ғылыми журналдарда жарияланымдары бар профессорлық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызметкерлер үлесі артуда; жастар жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрлігінің қолданған бағыттары – республиканың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді дамуының негізгі басымдықтарының бірі – Қазақстанның адами ресурстарын дамытуды іске асыруға бағытталған Заманауи білім алған, сауатты шешімдерді қабылдай алатын және оны орындауға қабілетті мамандарды даярлау жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу толығымен ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге байланысты. Бұл жұмыс табысты түрде басталды.Айқарма бетті дайындаған Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».