Үкімет • 09 Қазан, 2018

Жол картасында мектепке дейінгі тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралады

96 реткөрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру жүйесінің өзекті мәселелері, Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында мектепте, мектепке дейінгі және жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру туралы берген тапсырмаларын ведомство қалай шешуді жоспарлайтыны туралы баяндады, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. 

Биыл 5 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңінде қазақстандық білім беру жүйесінің алдында тұрған бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Олардың қатарында — мектептегі және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдағы педагог мәртебесі мен рөлін арттыру, мектептердің құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру және т.б.

Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында 3–6 жас аралығындағы балалар 93% қамтылғанын айтты. Балабақшаларға жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Бүгінде республика бойынша 69,5% автоматтандырылған. Балабақшалардың 58%-ында бейнебақылау камералары орнатылған.  

«Елбасы үш жыл ішінде бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуді тапсырды. Министрлік өз тарапынан ай сайын мониторинг жүргізіп, ақпаратты жариялап отырады», — деді Е. Сағадиев.

Мектепке дейінгі білім сапасын жақсарту үшін балабақшадағы педагог мамандардың білім сапасын арттыру қажет. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әкімдіктермен бірлесіп, биыл Жол картасы бекітіледі, онда мектепке дейінгі тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу шаралары қаралып, еңбек ақысын төлеу жүйесі қайта қарастырылатын болады.

Орта білім беруде, министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленеді. Заңда педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, оқу жүктемесін қысқарту, қажетсіз тексерулерден қорғау нормалары қарастырылады. Заңды 2019 жылы бекіту жоспарланған. Биыл осы заң әзірленіп, қоғамдық талқылау процесінен өтетін болады.

Орта білім беру

Е. Сағадиевтің айтуынша, апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелерін шешу мақсатында бүгінде республика бойынша 60 мектеп салынып жатыр. 11 мектептің құрылысына республикалық бюджеттен қаражат қарастырылған, республикалық бюджет есебінен 27 мектеп салынуы тиіс — ҚР БҒМ деректеріне сәйкес, аталған мектептер мен жаңа үш ауысымды мектептер бойынша апта ішінде ұлттық база толықтай қалыптастырылады. 50 млрд қаражат ең алдымен осы мектептерге жұмсалатын болады. Білім және ғылым министрінің айтуынша, қалған үш ауысымды мектептер жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынуы тиіс.

«Елбасы тапсырмасының аясында мектеп салу процесін “7-20-25” және “Нұрлы жер” тұрғын үй салу бағдарламаларымпен сәйкестендіру қажет. Осыған орай өңірлер жаңа тұрғын-үйлерді мектептермен қамтамасыз ету нормаларын енгізуі және жекеменшік компанияларға мектептерді салу үшін жеңілдікпен несие беру жүйесін қарастыруы қажет», — деді Е. Сағадиев.

Мектептердегі психологтар санын ұлғайтып, олардың біліктілігін арттыру мақсатында ҚР БҒМ шетелден мамандарды тарту арқылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізді. Жұмыс әрі қарай жалғасын таппақ, Министрлік бірыңғай бағдарлама дайындайды. Бұдан өзге ұлттық тестілеу енгізіледі, барлық облыста психологтардың біліктіліктерін арттыру курстары өткізіледі. Бұған қоса, аттестациялаудың жаңа жүйесі мен кәсіби құзыретіне байланысты тест алуы арқылы педагог-психолог мамандардың еңбекақысы мен санатын арттыруды қарастыру көзделген. Биыл жаңа жүйе әзірленіп, Үкіметтің қарауына жіберіледі.  

Сонымен қатар, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев отырыс барысында қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары туралы баяндады. ҚР БҒМ мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда балалардың 70% жаңартылған бағдарламалар бойынша білім алып жатыр. Ата-аналар бәрін жақсы түсінеді, мұғалімдер жұмысқа дайын. Сондай-ақ, электрондық оқулықтарды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір пәндердің оқулықтары электронды нұсқасында бар, оларды оқушылар белсенді түрде қолданып жүр. ҚР БҒМ жоспары бойынша, екі жыл ішінде мектептердің 100% электронды оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, оқушыларға қолайлы жағдай жасай үшін мектептерде шағын шкафтар қою мәселесі пысықталып жатыр.

Мәселені қарау барысында өңірлерде білім беру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, үш ауысымда оқытуды азайту және жаңа мектептер салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар