Қазақстан • 09 Қазан, 2018

Петропавлда қоғам қайраткері Қ.Тәштитовке ескерткіш тақта орнатылды

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Петропавлда қоғам қайраткері Қ.Тәштитовке ескерткіш тақта орнатылды

«АЛЖИР» естеліктер жинағында 1933-1937 жылдары  Қазақстан ЛКЖО бірінші хатшы хатшысы қызметін абыроймен атқарған Қайсар Тәштитовтың жан жары Сағадат Құдабайқызы былай деп  сыр шертеді:

«...Ұлт республикалары комсомол комитеттері хатшыларының кеңесінде БЛКЖО орталық комитетінің бірінші хатшысы А. Косарев «Егер маған, ұлты орыс хатшысынан Тәштитовтың қандай айырмашылығы бар деп біреулер сұрай қалса, мен айтар едім–олардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Тіпті Тәштитовтың қажыр-қайраты басымдық алып кетеді. Мен оны орыс обкомдарының қай-қайсысына болса да жіберсем, оны басқарып кететіндігіне сенемін», деген екен». Атына заты сай асыл азаматтың өмір жолына үңілетін болсақ, қамшының сабындай қысқа ғұмырында жалындап, алмас қылыштай жарқылдап өткенін аңғару қиын емес. Ол өткен ғасырдың 20-30 жылдары  Қазақстан жастар қозғалысының көшбасшысы, жетекшісі ретінде кеңінен танылып, небір бастамаларға мұрындық бола білді. Петропавл орыс-қазақ мектебін, партия-кеңес  мектебін, Мәскеу коммунистік университетін бітіргеннен кейін бірден саяси жұмыстарға тартылып, қашан «халық жауы» ретінде тұтқындалғанша,  ұлтқа, елге қалтқысыз қызмет етті. Осындай тұлғаны қадірлеп-қастерлей білген жерлестері  бір кездері губерниялық партия комитеті орналасқан орталық көшедегі еңселі ғимараттың қабырғасына ескерткіш тақта орнатты.

Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде «Одақ» комсомол ардагерлері қоғамдық бірлестігініңтөрағасы Валерий Маслов Қайсардың революциялық ұяшықтарды, маркстік ұйымдарды ұйымдастырушылардың бірі болғанын, БЛКЖО-ның төртінші сьезіне қатысып, шешендігімен, білімділігімен, парасаттылығымен жұртшылықтың зор ілтипатына бөленгенін, орталық комитеттің мүшелігіне сайланғанын тебірене әңгімеледі. Басқа да сөйлеушілер батыл, ержүрек тұлғаның адамгершілік асыл қасиеттерін жас буынға үлгі –өнеге етудің ізгі жолдарын  ұсынды.

Қайсар Тәштитовтың альпинизммен шұғылданып, бірнеше рет парашютпен секіргеніне қарағанда биіктіктерге ұмтылудан қаймықпайтын  тәуекелшіл мінезін танытса керек.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы