Президент • 10 Қазан, 2018

Ынтымақтастық жалғаса береді

425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичпен кездесті. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін тараптар шағын құрамда екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастық жалғаса береді

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы өзара байланыстардың достық сипатын атап өтіп, оны одан әрі дамыту қажеттігін айтты.
«Президент мырза, Cіз ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сіне арнайы келіп, бізге қолдау көр­сеттіңіз. Ал бүгін Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының VI съе­зіне қатысу үшін Қазақстанға рес­ми сапармен келдіңіз. Мұның бә­рі біздің елімізге деген сіздің нағыз достық ниетіңізді білдіреді. Біз мұ­ны жоғары бағалаймыз», деді Н.Назар­баев.

Мемлекет басшысы екіжақты эконо­микалық қатынастарды ілгері­лету мүмкіндіктеріне арнайы тоқ­та­лып, бірқатар салаларды жандан­ды­руға мүмкіндік мол екенін жеткізді.

«Менің Сербияға сапарым б­а­ры­сында қол жеткізілген уағдалас­тықтарға сәйкес логистика, кө­лік және коммуникация, қорға­ныс өнеркәсібі, ауыл шаруашы­лығы, фармацевтика және құ­ры­лыс салаларында ынтымақтасты­ғы­мызды кеңейту қажет. Сіздің бүгінгі сапарыңыз өзара ықпалдас­тығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», деді Елбасы. 

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасында достық пен ынтымақтастықты және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Вучичті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. 

«Сербия барлық халықаралық мәселелерде бізді қолдап келеді. Біз де Сербия тарапына қолдау білдіреміз. Осынау достық қарым-қатынастарды ескере келе, Сізді шетелдік дипломаттарға арналған ең жоғары награда – бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым», деді Елбасы. 

А.Вучич өз кезегінде Н.Назар­баев­қа қонақжайлылық көрсетіп қарсы алғаны үшін және халық­аралық аренада Сербияға жан-жақ­ты қолдау білдіргені үшін риза­шылығын жеткізді. Елбасының екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы рөлін атап көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан Президентін ең жоғары мемлекеттік деңгейдегі  І дәрежелі «Сербия Республикасының Орденімен» марапаттады. Айта кету керек, мұн­дай құрметке Ресей Президенті Вла­димир Путин мен Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь ғана ие болған. 

Екіжақты келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары ресми сапар қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. 

Қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Сербия Президентіне Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынын ерекше атап өтті.

Н.Назарбаев бүгінгі өткен келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерге тоқталып, «Біздің жоғары деңгейдегі кездесулеріміз тараптардың өзара байланыстарды дамытуға мүдделі екендігін білдіреді. Ең алдымен, бұл – сауда-экономика саласындағы кооперацияны одан әрі ілгерілету. Елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтырып тұрады. Жеткізілетін өнімдер түрлерін кеңейтуге дайынбыз», деді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия арасындағы қатынастарды одан әрі ілгерілететін басым бағыттарды да атады.

«Біз Сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссия алдына жаңа міндеттер қойдық. Жақында бұл комиссияның екінші отырысы өтті. Онда басым бағыттар айқындалды. Олар – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және басқа да салалар. Біз Азия мен Еуропа арасында жүк тасымалын жеделдету үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға мүдделіміз», деді Елбасы.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Сербия арасындағы еркін сауда аймағын құру үшін сараптамалық келіссөздер жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ келіссөздер барысында өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланғанын айтты.

Соңында Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысуға шақыруын қабыл алғаны үшін Сербия Президентіне ризашылық білдірді.

Өз сөзінде А.Вучич қонақжайлылық көр­­сет­кені үшін Н.Назарбаевқа алғыс ай­тып, келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті.
«Меніңше, Орталық Азияда Астана сияқты қарқынды өзгеріп әрі өркендеп келе жатқан қала жоқ. Президент Назарбаевтың және оның көрегендігінің, күш-жігері мен іске берілгендігінің арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мені таңғалдырады. Сіздердің «Қазақстан-2050» стратегиясында белгілеген мақсаттарыңызға жететін­деріңізге кәміл сенемін», деді А.Вучич.

Сербия Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын айтып, оны әрі қарай күшейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.

«Келешекте ынтымақтастығымызды нығайта түсіп, тауар айналымымызды арттыратындығымызға сенімдімін. Өйткені екі ел арасындағы байланыс­ты нығайта түсуге мол мүмкіндік бар. Алдағы уақытта Белградта Қазақстан елшілігін ашсаңыздар, қуанышты болар едік. Бұл – біздің үлкен өтінішіміз», деді Сербия Президенті.

Сонымен қатар Сербия Респуб­лика­сының Президенті екі мемлекеттің халық­аралық деңгейде бір-біріне өзара қолдау көрсетуін нығайту қажеттілігіне тоқталды.

Айта кетейік, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Сапар аясында Александр Вучичтің Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің ашылуы­на қатысуы жоспарланған.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»