Үкімет • 10 Қазан, 2018

Жаңа кешеннің құрылысы басталады

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағын­таев пен Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич «БК Тесла Парк» көп ­функциялы тұрғын үй кешенінің болашақ құрылысы жүргізілетін орын­ға кап­сула салды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. 

Жаңа кешеннің құрылысы басталады

Б.Сағынтаев пен А.Вучич Жолдау мәтінін капсулаға енгізіп, оны құры­лыс­тың іргетасы қаланатын жерге бірге салды. Жолдау мәтінінде «БК Тесла Парк» көп функциялы тұрғын үй кешенін салу екі ел арасындағы әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуда тағы бір қадам болатыны және ұрпақтардың есіне бір-біріне деген өзара сый-құрметті салатыны атап өтілген.

«Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы тұрғындарының арасындағы достық біздің бауырлас халықтарымыздың арасындағы сан ғасырлық қарым-қатынастар тарихының ерекше беттері болып қала береді», делінген Жолдауда.

Сонымен қатар шараға Астана қаласының әкімі Б.Сұлтанов, Қазақ­станның Сербиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Н.Рүстемов, Сербияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі В.Матич қатысты.

Еске сала кетейік, Сербия Респуб­ликасының Президенті Александр Вучич Астанаға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысу үшін ресми сапармен келді.