30 Желтоқсан, 2011

Жаңаөзендегі оқиғаға құқықтық баға берілуде

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков Жаңаөзенге байланысты соңғы жағдайды айтып берді. Ол 16 желтоқсанда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қозғалған қылмыстық істердің нәтижесінде 20 адам ұсталды, олардың 18-і соттың санкциясымен қамауға алынды, деді. Жаңаөзен қаласындағы тәр­тіп­сіздіктер нәтижесінде 16 адам қайтыс болды. Дегенмен, ресми өкілдің айтуынша, олардың кей­біреулерінің өлімі құқықтық тәр­тіпті қорғау органдарының әре­кет­терімен байланысты емес кө­рі­неді. Мәселен, қайтыс болған лицей оқытушысы Атаберген Дүй­секеновтің әкесі өзінің ұлын тәрбиеленушілерін мерекелік ша­ра­ларға алып шыққаны үшін бұзақылар өлтіргенін хабарлаған. Ал мәйіті «Сулпак» дүкенінде та­былған Нұрлан Мұналбаевтың өлімінің себебі жоғары темпера­тура­ның әсері екен. Сол сияқты Атабай Құлқаи­ров­ты өлтіру қылмысы ашылған. Бұл қылмысты жасаған деген күдікпен Жаңаөзен қаласының бір тұрғыны қамауға алынды. Куә­лердің айғақтары бойынша дәл осы адам 2011 жылдың 17 желтоқсанында Жаңаөзен қа­ласының 5-ші мөлтек ауданында Құлқаировқа оқ атқан. Осылайша, тергеумен адам­дар­дың қаза болуының әрбір фак­тісі бойынша, оның ішінде қыл­мыс­т­ың жолын кесуде қа­жет­ті ша­ралардың шегінен шығып табельдік қару қолданған полиция қызметкерлері әрекеттерінің заң­сыз­дығы туралы хабарлар бой­ынша да деректер анықталуда және құқықтық баға берілуде дейді. Бұл орайда Бас прокуратура 2011 жылдың 27 желтоқ­са­нында полиция қызметкерлерінің қаруды адамдарға қарай ату нә­тижесінде өлімге соқтыру дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 308-бабы 4-бөлігінің «б» тарма­ғы­мен  қыл­мыс­тық іс қозғаған. Шынайы­лық­ты қамтамасыз ету мақсатында бұл іс арнайы про­курордың бас­шы­лығындағы топпен тергелуде. Қазіргі уақытта іс бойынша бір­қатар қажетті сот сараптамалары тағайын­далды. Оның жұмысына Маңғыстау об­лысы ардагерлер ке­ңесінің төр­ағасы Өмірзақ Озған­баев­тың бас­қа­руымен қоғамдық комиссия тар­тылды. Комиссия мүше­ле­рі­нің қа­ла­лық мүрдеханаға, уа­қыт­­ша ұстау абақтысына баруы және қыл­мыс­тық іс бойынша ұс­талған тұлға­лар­мен кездесуі қамтамасыз етілді. Қала тұрғындарын заңсыз ұс­тау­ға және оларға тыйым салын­ған тергеу әдістерін (қинау) қол­дануға қатысты шағымдарды қа­рау мақ­сатында бөлек комиссия құрылды. Оның құрамына прокуратура және басқа құқық қорғау органдары қыз­меткерлерімен қа­тар еңбек ардагерлері, қаланың ақсақалдары, үкі­мет­тік емес ұй­ым­дардың мүшелері, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде және одан кейін ұсталған адамдардың туыстары енді. Комиссия мүшелеріне қамауға алынғандардың және әкімшілік тәртіппен ұсталғандардың тізімдері ұсынылды, олармен уақыт­ша ұстау абақтысына, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған қабылдағышқа бару жүзеге асы­рылды. Сөйтіп, комиссия мүше­ле­рі ұсталғандармен әңгімелесті, оларды ұстау жағдайын жеке өз­дері көріп, денсаулықтары дұрыс екендігіне көз жеткізді. Сондай-ақ, комиссия мүшелері қалалық ІІБ-ның шаруашылық ауласын, га­раждарын және қалалық ауру­ха­наның жертөлесі мен мүрде­ха­на­сын қарап шықты. Бұл шара комиссия мүшелеріне адамдарды заңсыз ұстау, оларды қорлау және өлтіру туралы қауесеттердің негізсіздігіне көз жеткізулері үшін қажет болды.

Осындай қауесеттердің негіздігін анықтауда құқық қорғау ор­гандары Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға қатысты ресми  қуат­тал­маған ақпараттарды да тексеруде екен. Мәселен, кейбір бұқа­ра­лық ақпарат құралдары арқылы өзінің келіні Шолпан Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіз­дік­тер кезінде мерт болған 23 адам­ның көздерін жапқанын айт­қан А.Унгаровадан жауап алын­ды, дейді ресми өкіл. Осы орайда сұралған Шолпан Өтекеева Ун­га­рованың сөздерін жоққа шығар­ды және өлгендердің көздерін жап­пағанын, өзі тікелей 2011 жылғы 16 желтоқсанда қаза бол­ған тек 3 адамды көргенін хабар­лады. Сонымен қатар, ол Унга­роваға келін емес көрінеді. Сон­дықтан да қазіргі уақытта А.Ун­гарованы бұқаралық ақпарат құ­ралдарына көрінеу жалған мәлі­меттер бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда, деді Н.Сүйіндіков.

Александр ТАСБОЛАТОВ.