Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Владимир Балахонцев: Жол - экономиканың күретамыры

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар үшін жол сапасы әлі де  маңызды әрі өткір мәселе күйінде қалып отыр.

Владимир Балахонцев: Жол - экономиканың күретамыры

Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, күрделі, ағымдық жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп келеді. Елбасының дәстүрлі Жолдауында атап өтілгендей  2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолдары салынып, қайта жөнделді. Ал 2020 жылға таман  қосымша 4600 шақырым жол іске қосылады.  Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі көбейіп,  150 миллиард теңгеге дейін жетіп отыр. Расында да жол экономиканың күретамыры, ел мен елді, жер мен жерді жалғастыратын басты, негізгі буын екендігінде дау жоқ. Оны облыс өмірінен де айқын аңғаруға болады. Жалпы қолданыстағы  автомобиль жолдарының ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды. Бұл жөнінен елімізде үшінші орындамыз. Оның 1468 шақырымы-республикалық, 2487 шақырымы-облыстық, 5043 шақырымы-аудандық маңызға ие. Жергілікті жолдардың  58 проценті ғана қанағаттанарлық, 36 көпірдің  7-уі апаттық жағдайда екенін ескерсек, келтірілген цифрлар шешімін жедел табатын қордаланған проблемалардың аз емес екенін көрсетеді. Осы себепті Мемлекет Басшысы бұл салаға жұмсалатын қаражатты мейлінше өткір мәселелерге жұмылдыру міндетін, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру міндеттерін қойды.

«Тоғыз жолдың торабы» саналатын Петропавл арқылы транзиттік жүк тасымалының, автомобильдер қозғалысының алыс-жақын шетелдерге  күрт артуына байланысты ішкі өңірлік қатынастарды жетілдірудің мүмкіндіктері мен резевтерін кеңінен қолдануды қарастырып отырмыз. Былтыр  жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге республикалық қазынадан 11,1 миллирд теңге жұмсалып, «Келлеровка-Чкалов» автожолының 14 шақырымы жаңғыртылды. «Становое-Новомихайловка, Смирново-Қиялы, Сергеевка-Тимирязево жолдары жөнделді. Сөз арасында  салқындатылған ресайклинг әдісіне негізделген озық технологияның енгізілгенін айта кеткен жөн. Нәтижесінде  құрылыс материалдары үнемделіп, ең бастысы, жол сапасы әлдеқайда жақсарды. Сапа дегеннен шығады ,барлық  жөндеу  шаралары құрылыс нормалары мен ережелерге сай жүргізіліп , мемлекеттік стандарттар барынша қатаң сақталды.

Биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға бөлінген қаражат тіпті қомақты, 14,7 миллиард теңге. Оның 10,2 миллиард теңгесі ел бюджетінен қарастырылған. Жыл аяғына дейін жарты мың шақырым жолды қалпына келтіретін боламыз. «Келлеровка-Тайынша-Чкалово» бағытындағы  жолдарды жаңалау одан әрі жалғасады. Тоғыз автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізіледі. Осылайша алға қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру барысында автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 61 процентке дейін көтерілмек.  Қазіргі қарқынға қарағанда жобаланған меже орындалады деген сенімдеміз.

Президентіміздің  Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмасына орай «Жергілікті маңызы бар жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарын дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» іске қосылып,  ерекше серпін бергелі отыр. Бұл жоба бойынша жыл сайын 20 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Үш жылда 1700 шақырым жол қалпына келтірілетін болады. Бұл–бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Жол инфрақұрылымын дамытудың басты басымдықтарын айқындап берген Жолдау солтүстікқазақстандықтардың да табысы мен тұрмыс сапасына оң ықпал етері даусыз.

Владимир БАЛАХОНЦЕВ,

облыстық жолаушылар көлігі және

автомобиль жолдары басқармасының басшысы

Солтүстік Қазақстан облысы