Білім • 10 Қазан, 2018

Жаңақазан мектебі 150 жылдығын атап өтті

281 реткөрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылындағы орта мектеп 150 жылдығын атап өтті. Заманында Алма Оразбаева, ағарту комиссары Нұғман Залиев сабақ беріп, Қазақ АССР-інің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешев білім алған мектеп бүгінде Совет Одағының батыры Мәжит Жүнісовтің есімімен аталады.

ФОТО: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

1801 жылы Бөкей хан құрып, кейін оның ұлы Жәңгір хан билеген Ішкі қазақ ордасында ең ірі елдімекеннің бірі, сауда және мәдениет орталығы болған Жаңақазан ауылының іргетасын ханның шақыруымен қазақ даласына келген Қазан татарлары қалаған делінеді. 1868 жылы Бөкей ордасында 7 мектеп ашуға патша жарлығы шыққан кезде, соның бірі сол кездегі Қамыс-Самар қисымында, осы жерде ашылған екен.

Алғашқыда бұл мектепте төрелердің, жергілікті билеушілердің балалары оқыса, 1894-1895 жылдары қарапайым шаруа қазақтар мен татарларға да оқуға мүмкіндік туды. 1916-1917 жылдары Нарын және Қамыс-Самар мектептері ірілендіріліп, оқу орыс мектебі үлгісіне көшкен жылдары мұнда Алма Оразбаева мұғалімдік қызмет атқарып, Сейтқали Меңдешев бастауыш мектептен дәріс алыпты. 1929-1930 жылдары білім ордасы ШКМ («Колхозшы жастар мектебі») аталған. Мектептің тарихын оқып-ақ сол кездегі саясат пен ел тұрмысын бағамдауға болады.

Осы мектепте білім алған жұлдызды шәкірттердің қатарында әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиев, тарих ғылымдарының докторы Хамит Маданов, экономика ғылымдарының докторы Мәжікен Бутин, педагогика ғылымдарының докторы Бектілеу Қаражанов, филология ғылымдарының докторы Әбділхамит Нарымбетов, заң ғылымдарының докторы Қалимолла Халықов, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиевтер бар. 

Жаңақазандықтар тарихи мектептің біржарым ғасырлық мерейтойын жоғары дәрежеде атап өтті. Әуелі Алматыдағы «Арыс» баспасынан мектептің арғы-бергі тарихын қамтитын «Алыптар ұшқан алтын ұя» атты жинақ шығарды. Ал ауылда өткен салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың өзі арнайы барып, баяндама жасады. Осы мектепте білім алған, бүгінде еліміздің әр түкпірінде абыройлы қызмет етіп жүрген түлектер де жиналып, білім ордасының тойына тарту жасады. Мектептің 1996 жылғы түлектері ауылға кіреберіс жол үстіне еңселі қақпа орнатып, туған ауылына әдемі сый қалдырды. Үш күнге созылған той дала қызықтарымен ауыл тұрғындарының есінде қалды. Мерейтой аясында жасөспірімдер арасында еркін күрестен Сатым Әбуұлы атындағы облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, оған 200-ге тарта жас палуан қатысты.

Әдетте тек мал шаруашылығымен айналысатын шалғай ауылдарда орта мектеп – сол ауылды ұйыстырып отырған ең үлкен ұжым екендігі белгілі ғой. Жаңақазан ауылындағы тарихи мектептің мерейтойы да өңірдегі ең есте қаларлық оқиға болды. Осы мектептен түлеп ұшқан Жұмалиевтер әулеті ұлы тойға өздерінің 2 млн. теңгеден астам қаражатын жұмсап, мектеп ғимаратындағы мәжіліс залын жаңадан жасақтап беріпті. Дәл осы күні мектеп музейінің де тұсауы кесілді. Бұған жергілікті бюджеттен 7 млн. теңге бөлінген екен. Жалпы соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында жергілікті өлкетану музейлерін құруға ерекше көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Бұған қоса мектеп ауласында жаңа үлгідегі шағын футбол алаңы ашылды. Бұған да аудан бюджетінен 9 млн. теңге қаржы құйылған.

Жаңақазан мектебінде ұзақ жыл биология пәнінен сабақ берген ұстаз Ғұмар Салықовты жергілікті халық «біздің Мичурин» атап кеткен. Өйткені шалғай ауылда тал-терек пен бау-бақшаның небір түрін егіп, өсірген Ғұмар ұстаздың еңбегі ерекше еді. Мектептің 150 жылдық тойына осы Ғұмар ағайдың ұлы Ербол Салықов 150 түп көшетті тарту етіп алып келіпті. Сөйтіп, той меймандары «келесі мерейтойға дейін мәуелі бәйтерекке айналсын» деген ниетпен балапан теректерді мектеп ауласына қаз-қатар екті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ашық аспан астында - пианинолар

Аймақтар • Бүгін, 15:52

Медицина цифрландыруды таңдайды

Қазақстан • Бүгін, 10:16

Ашықтықтың артықшылығы көп

Аймақтар • Бүгін, 09:49

Құттықтаулар легі жалғасуда

Қазақстан • Бүгін, 09:46

Әлкей Марғұлан мұралары

Қазақстан • Бүгін, 09:42

Түлен түрткен түс

Аймақтар • Бүгін, 09:37

Сабыр түбі – сары алтын

Қоғам • Бүгін, 09:21

Құлманбетовтің қызыл алмалары

Аймақтар • Бүгін, 09:18

Қолқаны қапқан иістен құтыла ма?

Аймақтар • Бүгін, 09:16

Сырттан қаржы тарту қарқыны үдеді

Қазақстан • Бүгін, 09:14

Ұқсас жаңалықтар