– Сұлтеке, Таңжарық ақын жоғарыдағы Нұржігітті қайдан, қалай асырап алғаны жайлы айтып берсеңіз?
– Менің қолымдағы деректерге қарағанда, Нұржігіт 1922 жылы Жетісу өлкесінде туған екен. Ашаршылық жылдары әкесі бас сауғалап, бала-шағасын ертіп Қытайға өтпек болады. Бірақ отбасы түгелдей шекарашылар оғынан қаза табады. Кішкентай Нұржігіт көпірдің астына тығылып аман қалыпты. Содан жанын жалдап жат елге барған тұл жетімді Таңжарық асырап алып, Құлжада ұйғыр мектебіне береді. Мұндағы Нияз дейтін ұйғыр мұғалім Таңжарықтың жақын достарының бірі екен. Нұржігіт осында бастауыш мектепті бітірген соң ақынның әйелі Бәтидің қолында болады. 1936 жылы бұл өңірде мұнай өндіру ісі қолға алынып, әуежай салынады. Жергілікті халықтан техника тілін білетін мамандар даярлау шарасы қабылданады. Нұржігіт осы науқанға ілігіп, 1938 жылы электрмен дәнекерлеуші мамандығын игереді. Бірақ сол жылы өкіл әкесі Таңжарықты үкімет қамауға алады.
– Арқасүйер әкесі түрмеге қамалғаны қиын болған екен. Әрі қарай...
– Нұржігіт Үрімжіге барып бір дүркін әкесімен жолыққан. Әкесі «балам, орайы келіп жатса Советке барып оқы» деп батасын береді. Екінші қайта жолыға алмаған. Содан 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Қытайдағы кеңес мамандары еліне қайтады. Орысшаны едәуір біліп қалған Нұржігіт «мен де фашистермен соғысам» деп солардан қалмай бірге кетеді. Қысқасы Нұржігіт 1942 жылы қан майданға аттанып, соғысты Берлинде аяқтайды. Соғыстан кейін Ташкентке барып тұрады. Кешікпей қаладағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. 1950 жылы институтты бітірген соң «Шығыс шындығы» журналына қызметке орналасады. Сөйтіп жүріп бір күні тағдыр айдап Ташкентте Сағадат Мәлікқызымен танысады.
– Сағадат Мәлікқызы кім?
– Сағадат Мәлікқызы 1936 жылы Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағындағы Сарсүмбе қаласында дүниеге келіпті. Қазақтың аты аңызға айналған жезтаңдай әншісі Күләш Байсейітованың туысы және атақты биші Шара Жиенқұлованың шәкірті. Яғни, Сағадаттың шешесі Әсия мен Күләш ағайынды кісілердің қыздары. Әсия өткен ғасырдың басындағы аласапыран кезінде Қытайға өтіп кеткен. Сонда бойжетіп, Мәлік дейтін жігітке тұрмысқа шыққан. Осы кісіден Сағадат туып отыр.
Сағадат 13 жасында Шыңжаң өлкелік кадрлар мектебінің өнер сыныбына оқуға түсіп, 1953 жылы Үрімжідегі өлкелік ойын-сауық мекемесіне кәсіби биші ретінде қызметке қабылданған. Түркия, Корея, Болгария, Жапония, Пәкістан, Албания сияқты елдердің сахналарында өнер көрсеткен. Ол орындаған «Серуен», «Жар-жар», «Кілем тоқу», «Айжан», «Ли-ли», «Қашқар ханымы» сияқты билер көрермен қауымның көңілінен ұмытылмастай орын алады. Өзі де жаңадан 20-дан астам би шығарған. Сонымен қатар драма әртісі ретінде бірнеше фильмге түскен.
– Сөзіңізді бөлейін, қазақстандық дарынды биші Шара апамыз Қытайдағы Сағадатқа қалайша ұстаз болады?
– Мұның өзіндік себебі бар. Өткен ғасырдың 40-жылдарының ортасынан 60-жылдардың басына дейін Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасының қарым-қатынасы барынша жақсарып, тығыз байланыста болғаны тарихтан мәлім. Осы тұста Алматыдан Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова бастаған бір топ өнер қайраткерлері гастрольдік сапармен арнайы Шыңжаңға барған. Кішкентай Сағадат нағашы апасы Күләш әншімен алғаш рет солай танысқан. Күләш апамыз балғын Сағадаттың бойындағы бишілік қабілетті бірден байқап, құрбысы Шарадан оған би үйретуді өтінеді.
Осылай Шарадан дәріс алған Сағадат Мәлікқызы аз уақытта бүкіл Шыңжаңға танымал бишіге айналды. 1955 жылы Варшава қаласында дүние жүзі жастарының фестивалінде өнер көрсетеді. Және бір қызығы, осы сапарында Сағадат Мәскеуге соғып, Кеңес Одағының үкімет басшысы Маленковтің қабылдауында болады.
– Түсінікті. Енді мынаны айтыңызшы, Ташкенттегі Нұржігіт пен Қытайдағы Сағадат қалай танысып жүр?
– Содан көп ұзамай өткен ғасырдың 50-жылдары Шыңжаңның бір топ өнерпазы гастрольдік сапармен Қазақстан және Орта Азия республика-ларын аралауға шығады. Делегацияны Алматы темір жол бекетінде Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова бастаған өнер қайраткерлері салтанатпен қарсы алды. Осы топтың ішінде қолында бір құшақ гүлі бар Нұржігіт те жүреді. Екеуі әуелі осылай танысқан.
Нұржігіт болса шыңжаңдық өнер делегациясымен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан республикаларын аралайды. Екінші бір себеп – Шыңжаң делегациясын бастап келген Бұқара Тышқанбаев Таңжарық ақынның үлкен қызы Сараның күйеуі, яғни Нұржігіттің жездесі. Сондықтан алыстан келген жездесін күтіп алып, бірге жүру – Нұржігіт үшін де лайықты іс. Оның үстіне Нұржігіттің қазақ, ұйғыр, орыс тілдерін жетік білуі тілмаштық қызмет атқаруына қолайлы.
– Содан...
– Содан шыңжаңдық қонақтар Орта Азияны түгел аралап елдеріне қайтқанда Нұржігіт амандық тілеп шекараның бер жағында қала береді. Бірақ Сағадатқа деген ғашықтық сезім оны шекара бұзып арғы бетке өтуге итермелейді. Сөйтіп 1957 жылы Нұржігіт қайтадан Шыңжаңға қашып өтіп, Құлжа педагогикалық институтына мұғалім болып орналасады. Сағадат екеуі 1959 жылы үйленіп, 10 жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешеді. Бақтияр, Нұрлан атты ұлдары, Сайра атты қызы дүниеге келеді.
Сүттей ұйып отырған бұларға 60-жылдардың аяғында қара бұлт үйіріледі. «Мәдениет төңкерісі» басталған алғашқы күні Нұржігітке «Кеңес Одағының жансызы» деген айып тағылып, 1969 жылы дарыны кемеліне жетіп, толысып тұрған дер шағында мерт болады.
– Сағадат апамыз қазір қайда?
– Сүйіп қосылған жарынан айырылып, шиеттей үш баламен жесір қалған Сағадат қанша қиындық көрсе де қайыспай күресіп, басына түскен ауыртпалықты жеңе біледі. Ұрпағын ешкімнен кем қылмай, тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде апамыз зейнеткер, еңбек демалысында. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, әлденеше немере сүйіп отырған бақытты ана.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»