Аймақтар • 10 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстан активі Жолдауды талқылады

296 реткөрсетілді

Өңірде ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, аудан, қала әкімдерінің, басқарма, департамент басшыларының, депутаттардың, этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы жан-жақты талқыланды. Актив жиынында облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасап, сөйлеушілер ой-пікірлерімен бөлісті.

Аймақ басшысы стратегиялық құжатта әлеуметтік-экономикалық мәселелер жан-жақты қамтылғанын, ел тұрғындарының өмір сапасын жақсарту басты басымдық ретінде айқындалғанын, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға  барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізе  келіп, жергілікті жерлерде атқарылатын шараларға тоқталды. Елбасы тапсырмаларының ішінде жахандық  бәсекелестікке қабылеттілікті одан әрі қамтамасыз ете отырып, экспортқа бағытталған экономиканы қалыптастыру өте маңызды. Бұл орайда облыс агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосудың мәні зор. Негізгі міндет еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2020 жылға қарай  2,5 есе көбейтуге лайықты үлес қосу болып табылады. Ірі серпінді жобалардың  мемлекет тарпынан қолдау табуы арқасында аграршылар озық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Биылғы күзгі орақ науқаны ұйымшылдықпен атқарылып, гектар берекелігі 18 центнерден айналды. «Бабық-Бұрлық», «Зенченко және К», «Шағала-Агро» секілді серіктестіктер әр гектардан 40-28 центнер өнім жинай білді.  Астық өндірісін әртараптандыру, цифрлық жүйені енгізу бағытында  арнайы бағдарламалар жұмыс істейді.  Баяндамашы жер қатынастары саласында шешімін табатын мәселелерге назар аударып, соңғы үш жылда  мақсатсыз пайдаланылған 1,3 миллион гектар жер телімінің  қайтарылғанын, одан 1 миллион гектары ауыл шаруашылық айналымына қосылғанын жеткізді. Өкініштісі сол,  «Богви», «Транс Авто» секілді алпауыт компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігінің төмендеп кеткені соншалық, жылдар бойы пай үлестерін бермеуді, жалақы төлемеуді әдетке айналдырған.  Өнімділік кеміп кеткен. Жұмысшы-қызметкерлердің  өмір сүру деңгейі оларды қызықтырмайтын секілді.

Жолдау талаптарының бірі–шағын және орта бизнеске, экспорттаушыларға қолдау көрсету, қайта өңдеу секторына басымдық беру, халық тұтынатын тауарлардың ауқымын көбейту, ішкі  нарықты отандық өнімдермен толықтыру екенін  атап көрсеткен баяндамашы бұл бағытттар бойынша атқарылатын  істердің жай-жапсарын әңгімеледі. Биыл 3400 бас сиырға лайықталған 8 миллиард теңгенің 7 жобасы  іске қосылады.  Сонда  жылына 17 мың тонна сүт өндіруге қосымша мүмкіндік береді. Екі ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы  пайдалануға беріледі.  8 айда 70 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері тереңдетіп өңделді.  Экспорт 1,2 есеге ұлғайып, импорт  10,3 пайызға азайған.

Залдағылар жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны субсидиялауға 200 миллион теңге бөлінетіні, бірінші кезекте бюджет саласы қызметкерлері  қамтылатыны туралы  жаңалықты  қуанышпен қабылдады. Мұның өзі «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар үшін қолжетімділікті арттыра түсері сөзсіз. Алқалы басқосуда  43 мың солтүстікқазақстандықтың , оның ішінде 300  учаскелік дәрігер мен 750 мейірбикенің жалақысы өсетіні, облыс орталығында 1500 орынды 2 білім үйі  салынып жатқаны, 120 мектептің жөнделетіні, 4 мың компьютер орнатылатыны, келесі жылы 1500 пәтерлік 12 көпқабатты тұрғын үй бой көтеретіні, медицина мекемелеріне 2,8 миллиард теңгенің жаңа қондырғылары сатып алынатыны, орталық су жүйесіне 29 елді мекеннің қосылатыны, мұның бәрі тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейіне қолайлы жағдайлар жасайтыны , алдағы уақытта да жаңа мазмұнмен толықтырылатыны атап айтылды.

Жолдауды талқылауға  «Тайынша-Астық» агрофирмасының бас директоры Анатолий Рафальский,  кәсіпкерлер палатасының  жетекшісі  Дархан Қалиев, Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов, Петропавл қаласындағы № 23 мектептің ұстазы Азамат Есілбаев,  тағы басқалары қатысып, Жолаудың мән-маңызын ашып көрсетті. Солтүстікқазақстандықтарды  еліміздегі өзгерістер үдерістерін белсене қолдауға шақырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Қанат Әбілқайыр

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Арман Әлменбет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 2

Руханият • Кеше

Баянғали туралы баян

Руханият • Кеше

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар