Қазақстан • 10 Қазан, 2018

«Айка» фильмі «Оскардан» үмітті

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдың басында ғана Канн фестивалінде, ал өткен аптада Түркияның Анталия қаласында өткен кинобайқауда үздіктер қатарынан көрінген «Айка» фильмінің алдынан және бір үлкен әрі айтулы сын күтіп тұр. Режиссер Сергей Дворцевойдың аталған картинасы «Үздік шетелдік фильм» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығы үміткерлерінің тізіміне енді.  

«Айка» фильмі «Оскардан» үмітті

Байқаудың ресми сайтында жарияланғандай, «Айка» кинотуындысы ресейлік Константин Хабенскийдің дебюттік жұмысы – «Со­бибор», Беларусь кино өнімі – Дарья Жуктың «Хрусталь», украиндық Сергей Лоз­ницаның «Донбасс» және қытай режиссері Цзян Вэ­няның «Құпия адам» (Hidden Man) фильмдерімен бірге «Үздік шетелдік фильм» аталымында сайысқа түсетін болады. Аталған номинация бойынша бақ сынайтын «Оскар» сыйлығынан үміткер бес картинаның ішінен суы­рылып шыққан үздіктің есімі киносүйер қауымға 2019 жылдың 24 ақпанындағы 91-ші «Оскар» сыйлығын табыс­тау рәсіміне арналған салтанатты жиында жария етіледі. 

«Бұл – әлемдік өте бе­делді сыйлық және оның бірқатар талаптары бар. Қазақстан атынан қа­тысуға талай шетелдік бе­делді кинобайқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген отандық режиссер Әмір Байғазин лайықты үміткер болар еді, бірақ уақыт талабына байланыс­ты оның фильмін келесі жылы ғана ұсына аламыз. Ал «Айка» туындысы – уа­қыты, мәртебесі жағынан ең қолайлы өнім болып отыр. Аталған картинаның «Канн кинофестивалінің жеңімпазы» деген атағы бар және шын мәнінде насихатталуы тиіс сапалы фильм. Қазақстан үшін «Айка» фильмін «Оскарға» ұсыну – үлкен мәртебе», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райым­құлова халықаралық кинофестивальдарға арналып ұйымдастырылған кезек­ті баспасөз жиынында.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»