Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Рудныйда ERG кәсіпорындарының мамандары арасында жарыс өтті

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуразиялық Топ кәсіпорындарының жұмысшылары арасындағы «Алтын қор-2018» кәсіби шеберлік байқауы биыл ССКӨБ базасында өтті. Екі күн бойы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің өнеркәсіп алаңдарында қазақстандық өндірістің алыптары – ERG-дің барлық кәсіпорындарының өкілдері біліктілігі мен шеберліктерін көрсеті үшін сынға түсті.

Рудныйда ERG кәсіпорындарының мамандары арасында жарыс өтті

Байқауда жеті аталым бойынша «Қазақстан Алюминийі» АҚ (Павлодар қ.), «Қазақстандық электролиз зауыты» (Павлодар қ.), «Евроазиаттық энергетикалық корпорация» (Ақсу қ., Павлодар облысы), «Қазхром ТҰК» (Ақсу, Ақтөбе және Хромтау қ.), «Шұбаркөл көмір» (Қарағанды қ.), «3-Энергоорталық» (Шымкент қ.), ERG Service (Павлодар қ.), «ССКӨБ» (Рудный қ.) және «ТрансКом» ЖШС (Алматы) өкілдері бақ сынады.

Өздерінің кәсіби шеберліктерін көпірлі кран машинистері, электр-газбен дәнекерлеушілер, электр жөндеушілері, экскаватор, бульдозер және автосамосвал машинистері көрсетті. Байқауға тұңғыш рет жол монтерлары арасында жарыстың командалық түрі енгізілді. Бұл кезеңге Еуразиялық Топтың бес дивизионы қатысты. Құрамында төрт маманы бар бригадалар жұмысты берілген тапсырма бойынша атқарды. «Алтын қор-2018» 50-ден астам үміткердің басын біріктірді. Олардың барлығы жыл бойы Топ кәсіпорындарында ұйымдастырылған іріктеу кезеңдерін сүрінбей өткен.

Қатысушылар мен байқау комиссиясы өкілдерінің бірінші бас қосуы «ССКӨБ» АҚ кадрларды оқытып даярлау орталығының акт залында өтті. Дәл осы жерде «Алтын қор-2018» байқауы салтанатты түрде ашылды. Онда жиналғандарды Еуразиялық Топтың әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Владислав Михайлов құттықтады.

«Мұнда өз ісінің нағыз мамандары келіп отыр. Сіздер – Еуразиялық Топ ұжымының ең үздік өкілісіздер. «Алтын қор-2018» байқауының қатысушылары, ең алдымен, компанияның жаңа мақсаттарын жүзеге асырушылар, әрі тірегі. Жастар сіздерге қарап, үлгі алады. Бүгін   мен ертеңгі күнге баға берсек, ERG-дің болашағы зор. Ол болашаққа сіздердің тәжірибелеріңіздің арқасында ғана қол жеткізе аламыз. Мен барлық қатысушыларға табыс, сәттілік және жеңіс тілеймін», деді Владислав Михайлов.

Жарыстар екі кезеңнен тұрды: бірінші күн жарысқа қатысушылардың теориялық білімдерін тексеруге арналса, екінші күні практикалық дағдылары сыналды. Ұсынылған тапсырмалардың әрбірі қатысушылардың жинақылығын, кәсіби шеберлігін, мақсаткерлігі мен жауапкершілігін талап етті. Өйткені дәл осы қасиеттер Еуразиялық Топтың басты құндылықтары саналады.

«Бұл менің алғашқы кәсіби шеберлік байқауым. Жарыстың әрбір қатысушысы – өз ісінің шебері. Қобалжу, әрине, болды. Алайда жақсы нәтиже көрсетуге деген ұмтылысым одан басым болды. Осылайша білім мен тәжірибемнің арқасында барлық сұрақтарға бірінші болып жауап бердім» дейді теориялық кезеңді артқа тастаған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кран машинисі Эдуард Кеппель.

«Осындай байқаулардың біз үшін мәні бөлек. Олар шеберлік дағдыларымызды дамыта түсуге ынталандырады. Өз кәсіпорныңның намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Өйткені бүкіл ұжымның айнасысың. Сол себепті уайымды ұмытып, үздік болуға ұмтылу керек» дейді практикалық кезеңнен сүрінбей өткен ERG Service компаниясының көпірлік кран машинисі Татьяна Акилова.

«Алтын қор-2018» байқауының соңғы нүктесі «Горняк» мәдени ойын-сауық орталығында қойылды. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қатысушылардың тарапына көптеген жылы сөздер мен құттықтаулар айтылды. Еуразиялық Топ басшылығының шешімі бойынша үшінші орын алғандар 150 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынға 200 000 теңге тағайындалса, жеңімпаздарға 250 000 теңге табысталды. Кәсібилік, байсалдылық пен тапсырмаларды орындауда үздік нәтиже көрсеткендер ең жоғары марапатқа ие болды. Олар: самосвал жүргізушісі Виталий Гупалов («ССКӨБ »АҚ), бульдозер машинисі Серік Дабысов («Қазхром ТҰК» АҚ), экскаватор машинисі Сергей Фридрих («ЕЭК» АҚ), кран машинисі Мария Горячева («Қазақстан Алюминийі»), электр-газбен дәнекерлеуші Юрий Грачев («ССКӨБ» АҚ), электр жөндеуші Александр Загура («ССКӨБ» АҚ). Бай    қаудың «қанатқақты» кезеңінде ССКӨБ-тың жол монтерлары – құрамында Алексей Шейнога, Жаңабек Омаров, Жүніс Ақтауов бар бригада жеңістің тұғырынан көрінді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай