Аймақтар • 10 Қазан, 2018

Кәмшат апа Қостанайдың төрінде отыр

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Социалистік Еңбек Ері, атақты механизатор Кәмшат Дөненбаеваның арамыздан кеткеніне де жыл тәулігі болып қалды. Ол Кеңес Одағы кезінде қазақ қыздарынан алғашқылардың бірі болып, трактор руліне отырған,    адал еңбегімен қошеметке бөленген еңбеккер ғана болған жоқ,  халық қалаулысы атанып,  депутаттық еңбегімен қоғамдағы көптеген істерге араласқан,  қайраткер дәрежесіне көтерілген адам еді. Қазір Қостанайда мектептерде, оқу орындарында Кәмшаттың өмірі мен қызметін жастарға үлгі етіп айтқан  еске алу кештері өтіп жатыр.

Кәмшат апа Қостанайдың төрінде отыр

Қостанай қаласында бұрынғы Авиационная көшесінің аты Кәмшат Дөненбаева болып өзгерді, Меңдіғара ауданындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжіне де Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілді. Качар кентіндегі мешітке де жамағат Кәмшат апа есімін лайық көрді. Жақында Қостанай қаласының орталығындағы зәулім биік 9 қабатты үйдің қабырғасында Кәмшат апаның бейнесі пайда болды.

Жаңа технологиямен салынған суретте басына ақ орамалын желкесінен байлаған Кәмшат апа «еліме ризамын» дегендей мейіріммен қарап отыр. Мұнан бұрын Қостанайдағы Абай даңғылының бойындағы зәулім үйдің қабырғасында Абайдың ғана суреті салынған болатын.

 Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай