Театр • 10 Қазан, 2018

Шебер мен шәкірттері жаңа театр ашты

522 реткөрсетілді

КСРО Халық Артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, аты аңызға айналған Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құралған шеберханасы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының кіші залында  алғашқы шығармашылық есебін берді.

«Шеберхана», «шығармашылық есеп» дегенімізбен, Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құралған жаңа театр қауырсын қанатын жайып, өнер әлеміне қанат қаққан күн болды бұл. Кез келген жас театрдың мәңгі өміршең классикадан аттап кете алмайтын ежелгі дәстүрі ескеріліп, өмірге жолдама алған жаңа труппа көпшілікке М.Әуезовтің «Қарагөзін» ұсынды.

Премьера алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, театр директоры Асхат Маемиров сөз алып, жастарға, жаңа театрға ғасырға қадам басқан қарашаңырақ  өнер ордасының атынан құттықтауын жеткізді. А.Маемиров театр өнерінде мұндай тәжірибенің бұрыннан кездесетінін, мысалы, Мәскеуде «Табакерка» аталып кеткен Олег Табаковтың театр-студиясы, Всеволод Шиловскийдің театры жұмыс істейтінін, әйгілі шеберлердің өз шәкірттерінен труппа жасақтап, спектакльдер қоюы басқа театрларды диалогқа шақырған әдемі қадам екенін атап өтті. «Елбасы алдағы жылды – Жастар жылы деп жариялап жатыр. Жастарға жасаған нақты қолдауымыз болсын деп,  біз осындай шешім қабылдап, жаңа театрдың тұсауын кескелі отырмыз. Труппа көрерменге алғашқы үш қойылымын ұсынғалы отыр. «Қарагөз» М.Әуезов драматургиясының інжуі болса, И.Миччидің «Арыстандар патшалығы» музыкалық драмасы, Е.Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасы, көрермен тамашалайтын үш спектакль де үш түрлі жанрда сахналанған, идеясы да, пішіні де бір-біріне ұқсамайтын  дара мінезді спектакльдер», деді жаңа театрға ақжол тілеген театр директоры.

Бұдан кейін Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева да ұлттың салтына сай жас театрға сәттілік тілеп, көрерменге жағалата шашу шашты.

Шәкірттерінің үлкен сахнадағы өнері мен алғашқы аяқалысына қуанып, алғысын білдірген ұстазы А.Әшімов келешекте театрдың жеке ғимараты да болуы мүмкін екенін жеткізді. Айта кету керек, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «Театр өнері» факультетінің Асанәлі Әшімов шеберханасында 2014-2018 жылдары білім алып, осы жылы ғана оқуды тәмамдаған 30 жас түлек тұтас бір ұжым ретінде алдағы уақытта үздік қойылымдар қойып, заман талабына сай жүйемен жұмыс істеуді көздейді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Қанат Әбілқайыр

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Арман Әлменбет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 2

Руханият • Кеше

Баянғали туралы баян

Руханият • Кеше

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар