Бағдарламалар • 10 Қазан, 2018

Жетісуда Жолдау жүктеген міндеттер мүлтіксіз орындалады

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің жиыны өтті.  Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру барысын талқылап, атқарылатын істердің жобасын жасаған жиында бірнеше бағыт бойынша жұмыс нақтыланды.

Жетісуда Жолдау жүктеген міндеттер мүлтіксіз орындалады

Атап айтқанда, келер жылдан бастап төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есеге арттыруға орай берілген тапсырманы орындау үшін, облыс бюджетінен қосымша қаржы қаралатын болды. Бүгінде Алматы облысы бойынша 100 мыңға жуық адам ең төменгі жалақы алатын болса, оның ішінде 41 мың адам бюджеттік сала қызметкерлері екен. Оларға 2019 жылдың алғашқы айынан бастап төленетін жалақы мөлшері 42 000 теңге мөлшерін құрамақшы.

Президент Жолдауында нақтыланған бағыттың бірі аймақтардағы 3 аусымды мектептерді азайту болатын. Бұл тараптан Жетісуда айтарлықтай жетістік бар. Алайда, аймақтағы демографиялық дүмпу мен ішкі миграцияның жоғары болуы орта білім алуға деге нсұранысты жыл өткен сайын артырып отыр. Қазір облыстағы 34 мектептің оқушылары 3 ауысымда оқуға мәжбүр.  Аймақта мектеп салу ісі қарқынды жүргізілгенімен, оқушылар санының жыл сайын көбеюі үш ауысымды толық жоюға мүмкіндік бермеуде. Мысалға, биылғы оқу жылының басында облыс бойынша 46 мың бала 1-сыныпқа барған. Дегенмен, Елбасының жаңа Жолдауы жүктеген міндет бойынша мектеп құрылысына серпін беріледі. Келер жылға жоспарланған жаңа білім ошақтарының санын 26 нысанға дейін көбейту күн тәртібіне қойылды.

Айтпақшы, тұрғындарды баспанмен қамту мақсатында басталған «7-20-75» бағдарламасының аймақтағы аяқ алысы ауыз толытырып айтарлықтай емесе екен. Бағдарлама жүзе аса бастағалы жарты жылдан астам мерзім өтсе де, тұрғындардан түскен өтінішті қанағаттандыру мардымсыз. Яғни, екінші деңгейлі банктер арқылы  жалпы құны 849 млн теңгені құрайтын баспана үшін 73 өтінім қабылданып, оның ішінен 53 өтінім ғана тиісті талапқа сай болған. Ал нақты берілген пәтер саны төртеу ғана. Сондай-ақ, аймақта тұрғын үй құрылысына жеке инвесторларды тарту жұмыстары да сын көтермейді. Демек, тұрығндарды қол жетімді баспанамен қамту үшін жасалатын жұмыстарды жандандыру керек. Ал облыс бойынша бүгінде 42 мың адам баспана кезегінде тұр...

Жолдауда өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру жайы кеңінен айтылған болатын. Бұл бағыт бойынша Жетісу өңірінде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Негізінен ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақта адамдардың өмір сүруіне қажеттің барлығы бар. Жер еміп, өнім алуға, өндіріс жағалап, табыс табуға толық жағдай жасалған. Баспанадан бөлек, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және ішкі қатынас жолдарын жөндеу бойынша қаржы бөлінуде. Таза ауыз сумен қамту деңгейі биыл 89,6 пайызға жетпекші. Бұл еліміздегі ең озық көрсеткіш. Ал ішкі жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржы 30 млрд теңгеге дейін көбеймек.

Жалпы, аймақта Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру кезең-кезеңімен іске асырылмақшы. Елбасы тапсырмасын орындау облыс әкімі мен оның командасына тың серпін беріп, ел сенімін ақтау жолындағы тағы бі рсынақ болмақ.

- Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауын Жетісу жұрты үлкен қуанышпен қабылдады. Жолдауда айтылған міндеттер әлеуметтің әл-ауқатын көтеріп, өңірдегі мәселелерді шешеді. Жалақы көтеріледі, өмір сүруге қолайлы жағдай туғызу жолға қойылады. Қол жетімді баспанамен қамту, мектеп салу ісіне екпінмен кірісеміз. Бұған облыстың толық мүмкіндігі бар. Жолдау жүктеген міндеттерді мүлтіксіз орындау – біздің парызымыз, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы