31 Желтоқсан, 2011

Ел ертеңі жасампаз ұрпақ қолында

1269 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Биылғы жыл біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтіп, биік белестерге жеттік. 20 жылда талай асуларды ба­ғындырып, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқару саласында қоршаған орта­ның сапасын жақсартып, қалпына келтіру және қолайлы жағдай жасау мүмкіндіктері жөнінен айтарлықтай жұмыстар атқардық. Қазақстан эко­логиясы – ел тәуелсіздігімен бірге жасап келеді. Еліміздің жаңа заман – жаңа Қазақстан деңгейіне жетіп, дүние жүзі елдеріне танымал болуы Ел­басымыздың жыл сайынғы жолдаулары нәти­же­сінде жеткен жетістіктерімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы, баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағытталып келеді. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдау­ында біздің бағдарламамыздың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын нығайту және қазақ­стан­дықтардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін атап өтті. Кез келген елдің болашағы оның эко­логиялық жағдайымен, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануымен тығыз байланысты. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық таза өндірістің дамуына инвестиция тарту, зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған жаңа технологияларға ауысу – мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың алдымызға қойып отырған тікелей міндеттері. Өйткені, табиғат – адамзат қа­зы­насы. Оны қорғау – баршамызға ортақ міндет. Табиғатқа деген қамқорлық жас ұрпақты туған елін сүюге, ізгілікке, эстетикаға, Отанға деген сүйіспеншілік сезімінің артуына тәрбиелейді. Бұл орайда, Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен өткізілген «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің дипломына жарияланған республика­лық конкурстың болашақ ұрпақ үшін тәлімдік, тәрбиелік мәні ерекше болды. Жастарымыздың болып жатқан үдерістерге шығармашылық тілімен үн қатуы, қоршаған әлемге деген көзқа­рас­та­рын білдіруі біз үшін қашанда маңызды. Байқауға қатысқан әрбір туынды – жастарымыздың сондай шығармашыл, жан-жақты, интеллектуалды, мүм­кін­діктері мен болашағы зор, еліміздің көрікті та­биғатын келешек ұрпаққа сақтап қалу үшін бар­мақтай болса да үлесін қосатындығын көрсетті. Әрине, табиғат таза болса адамзат та аман болатындығы баршаға мәлім. Мектеп жасындағы оқушылар арасында өткізілген бұл конкурс өс­ке­лең ұрпақ үшін бағыт-бағдар болды. Табиғаттың жақсысы мен жаманын түсіне білген мектеп оқу­шылары конкурс барысында өздерінің шығарма­шы­лық туындыларымен біздерді таң қалдырды. «Баласымыз ғаламшардың Жер деген, Ғасыр бар ма көресіні көрмеген?! Қиян-кескі ғажайыптар болса да, Адам бірге жасасады Жерменен! О, табиғат! Таңғажайып жұмбақ әлем, Таңданып сұлулыққа қарай берем. Бір гүлін үзіп алып, иіскеп ем, Еселеп өтеуімді қалай берем?!», – деп Павлодар қаласы «Жас дарын» мамандан­ды­рылған мек­тебінің 10-сынып оқушысы әрі ко­н­курстың бірінші жүлдегері Марат Ақбөпе жыр­лағандай. «... Тілсіз табиғаттың тылсымын түсініп, оны аялау, қорғау және көркейту – әрбір адамның міндеті. Себебі, табиғат пен адам – егіз ұғым», деп Астана қаласы №24 орта мектебінің 4-сынып оқушысы, үшінші орын иегері Сәнтай Еңлік атап өткендей, болмаса «Мен ақылды баламын, Мектептен білім аламын. Ана тілмен бірге ашам, Табиғаттың парағын», – деп Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 2-сынып оқушысы, 1-ші орын иегері Төлеубаева Айша сыр шерткендей шығар­ма­шылық туындыларды, басқа да конкурс жеңім­паз­дарының шығармаларын оқыған кезде дарынды жастарымыздың көп екендігі бізді қуантты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты республикалық конкурсты Премьер-Министр К.Мәсімов бекітіп, Білім және ғылым министрлігінің, Ақпарат және байланыс министрлігінің қолдауымен Қоршаған ортаны қорғау министрлігі өткізді. 3 желтоқсанда өткен республикалық конкурс­тың жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсімі бимен, әнмен және ду қол шапалақпен басталды. Салтанатты рәсімде конкурстың 63 жеңімпазы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің дип­ломымен марапатталып қана қоймай, оларға естелік сыйлықтар мен Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына арналып әзірленген жинақ кітаптар тарту етілді. Жинақ кітапта танымдылығы мен стилі жағынан әртүрлі, жанры мен пішіні де сан-қилы балалардың материалдары жинақталған. Онда көрсеткіштерінен үлкендер бағыт алатын, ізгілік пен сезімділік, адамгершілікті дәріптейтін барометр іспеттес балалардың суреттері мен фотосуреттері, әңгімелері, мақалалары мен өлеңдері бар. Білім ұлыларды мойындатады, ал қарапайым адамдарды таңдандырады және жастарды қанат­тандырады дегендей, мерейтойымызда конкурс­қа белсенді қатысқан республиканың оқу орын­дарын, атап айтар болсақ, олардың ішінен Алма­ты облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының Қарасай батыр атындағы мектебі мен Павлодар қаласының № 10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі үшінші орынды иеленді. Оларға Премьер-Министрдің дипломы мен интерактивті тақта алуға сертификат ұсынылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысы Осакаров ауданы Пионер ауылының жетім балаларға арналған Балалар үйі екінші орынды иеленіп, оларға Премьер-Минис­тр­дің дипломы және компьютерлік сы­нып серти­фи­каты ұсынылды. Ал бірінші орын­ды Астана қаласының № 50 Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лицейі алды. Олар­ға дипломмен бірге республика Премьер-Министрі атынан компьютерлік сынып серти­фи­каты тапсырылды. «Әр адамның өз жұлдызды сәті болады» дегендей, өміріңнің тамаша кезеңінде «Өзіңнің мүмкіндігіңді сына, алғырлығыңды дәлелде» деген ұранды ұстанған «Антре» би ансамблі, «Әнші балапан» республикалық конкурсының лауреат­тары, Қазақ ұлттық өнер университетінің ансамблі, сонымен қатар, басқа да халықаралық конкурс­тар жеңімпаздары ән салып, би билеп өз өнер­лерін конкурс жеңімпаздарына тарту етті. Иә, конкурс жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өтті десек болады. Іс-шараның ерекшелігі жеткіншектердің әлемді қабылдаудағы ой-танымдарының тіршіліктің нәзіктігі мен әлжуаздығын әсерлеп жеткізу тілегімен, өзінше оның қиындығы мен сан-алуандығын бейнелеуімен ұштасатындығында. Біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойында еліміздің мақтан тұтатын жетістіктерін тойладық. Осы жылдар ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқатын арттыру, адамдардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа азаматтық қоғамның қалыптасуы бойынша өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет дамуының маңызды бағыттарының бірі азаматтардың экологиялық мәдениеті мен білімдерін жетілдіру болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеу де үлкен маңызға ие. Байқау балалар­дың табиғатқа және қоршаған ортаға деген эсте­тикалық көзқарасын қалыптастыруға, олардың бо­йынан рухани бай және шығармашылық тұл­ғаны оятуға, өскелең ұрпақтың Табиғат-ананы ая­лауға, құрметтеуге бағытталған ой-өрісінің ке­ңеюі­­не ықпал етті. Конкурсты өткізу барысында негізгі идея жү­зеге асырылды. Ол – балалардың бойында қоршаған ортаны қорғау проблемалары туралы түсінік қалыптастыру және олардың табиғатқа тигізетін көмектерінің маңыздылығын ұғындыру. Конкурсқа әртүрлі жастағы бүлдіршіндер мен жеткіншектер атсалысты. Ал номинациялар шы­ғармашылық жұмыстардың барлық саласын қам­тыды. Әлемді қабылдау жаңашылдығы мен өткір­лігі, оның әлжуаздығы мен нәзіктігін бейнелеу ниеті, оның күрделілігі мен әртүрлілігін өзінше жет­кізу – балалар шығармашылығының барлығы­на тән екендігін атап өту қажет. Балалар – еліміздің болашағы. Табиғат туралы туынды жасау арқылы олар адамның жалпы мәдениетінің басты құраушысы ретінде эколо­гиялық мәдениеттің дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Осындай туынды жасауға ықпал еткен шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дархан, ерен еңбекшіл, байламы берік, ойы өткір ұстаздар елімізде жасай берсін демекпін.

Тәуелсіздікті тәу етіп, өз Отанына қамқор болатын жастарымыз бар екендігіне біздің көзіміз әбден жетті. Тәуелсіздікке қол жеткізген, көк ба­й­рағы желбіреген, қарқынды қадаммен алға басып келе жатқан егемен елімізде жасампаз ұрпақ­та­рымыз әр кезде де көп бола бергей.

Нұрғали ӘШІМОВ, Қоршаған ортаны қорғау министрі.