23 Ақпан, 2010

“АЛПАМЫС” АУЫЛ СПОРТЫН ДАМЫТУДЫ ЖАҚТАЙДЫ

1023 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына орай пікір білдірген хаттар мен жеделхаттар келіп түсуін жалғастыруда. Оңтүстік Қазақстан облысынан “Алпамыс” ҮЕҰ төрағасы Валерий Тұрлыбеков “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері” Жол­дауымен мұқият танысқанын жазады. “Сіздің жоспарларыңыз дәйекті, нақтылы, оң ниетті. Бұрынғы спортшы, 40 жылдық өтілі бар оқытушы ретінде маған сала­матты өмір салты, спорттың бұ­қаралылығы тақырыптары ай­рықша етене және болашақ жас ұр­паққа Сіздің терең алаңдаушы­лы­ғы­ңыз түсінікті. Ауылдық жердегі мектепке дейінгі сапалы білім, өске­лең ұрпақтың денсаулығы – бұл міндеттерді Сіз жоғары дең­гейге көтердіңіз. Ауылда бұқаралық спортты дамыту үшін жоғары әлеует жет­кілікті. Бізде, Сайрам ауданында “Шарболат” спорттық ойындары бес жылдан астам уақыттан бері өт­кізіліп келеді. Мен мұндай шара­лар, белгілі бір қаржылық қолдау жағдайында, барлық жерде дами алады деп сенемін. Мен Сіздің мемлекеттік бағы­ты­ңызды толықтай қолдаймын және Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істейтін боламын”, – делін­ген В.Тұрлыбековтің хатында. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. ЕЛОРДА МӘРТЕБЕСІН МЕРЕЙЛІ ЕТЕЙІК “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Астана қалалық филиалында депутаттардың аймақтық форумы өткізіліп, оған Парламент депутаттары мен қалалық мәслихаттың депутаттары және жергілікті басқару органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатынасты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе – өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген пар­тияның Астана қалалық фи­лиалы төрағасының орынба­са­ры Әмірхан Рахымжанов бүгінгі форумның негізгі мақ­саты алдымызға қойыл­ған міндеттердің атқарылу ба­рысына ой жіберу  және Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев­тың жыл сайынғы Қазақ­стан халқына арнайтын Жол­дауы аясында  өзіміз орын­дау­ға тиіс жұмыстарды ілге­рі­ле­ту­дің жолдарын қарас­ты­ру, деп партия мүшелерінің назарын бірқатар мәселелерге аударды. Мәселен, Жолдауда көрсетіл­ген кішкентай аста­на­лықтарды балабақ­ша­лар­мен қамтамасыз ету, қаланың туристік бағытта қызықты болуы үшін жұ­мыс­тар атқару қоғамдық қабыл­дауды жүйелі жүргізудің және халықпен байланысты жақсар­тудың ар­қасында мүмкін болатынына тоқталды. Елбасы биылғы Жолдау­ын­да алдағы онжылдықта ат­қарар жұмыстарды белгілеп берді. Бұл – жаңа эконо­ми­калық өрлеуге бастайтын,  жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау. Елді жедел индустрияландыру мен ин­фрақұрылымды дамыту, эко­номиканы әртараптандыру, адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халық­қа сапалы әлеуметтік қызмет түр­лерін көрсетуді дамыту және басқа да көптеген ірі-ірі мін­деттер алдымызда тұр, дей келіп, филиал төрағасы­ның орынбасары кейбір де­путат­тардың белсенділігі тө­мендігін сын­ға алып өтті. Және алда келе жатқан Ұлы Жеңістің Отан соғысындағы 65 жылдық мерекесіне бай­ла­нысты әрбір ар­дагердің, тыл еңбеккерлері­нің назардан тыс қалмауы ке­рек­тігін қаперге салып, бұл жұ­мыстардың тек мейрам өт­кен­ше ғана деген науқандық үр­діс алмауы керектігіне мән берді. Мұнан соң депутаттар ал­дында қаладағы кәсіпорын­дар мен бизнестің дамуы жай­ын сөз еткен басқарма бастығы Рыскүл Қауғабаева өткен жылғы атқарылған жұ­мыстармен қатар, алда іске қосылатын бірқатар нысан­дар бар екенін айтты. Олар­дың қатарында фармацев­ти­калық фабрика, тоңазыт­қыш­тар шығаратын зауыт сынды халықты жұмыспен қамтамасыз етуге үлесін қосатын нысандар бар екен. Қалалық білім депар­та­ментінің басшысы Әсима Бимендина Жолдауда көрсе­тілген проблеманың бірі–балдырғандарды балабақ­шамен қамтамасыз ету мә­селесіне тоқталды. Бүгінгі күні Астана қаласында 28 мың бүлдіршіннің ата-анасы мектепке дейінгі тәрбиелеу орнының қаламызда азды­ғынан зәрулік көріп отыр. Казір бұл мәселені шешуде  бірнеше бағытта жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Алғашқысы – түрлі мекемелердің кеңселе­рі­не айналып кеткен бұрын­ғы балабақшаларды қайтару, екіншісі – жаңа бала­бақ­шалар салу, үшіншісі – же­кеменшік балабақшалар ашу, төртіншісі – ғимараттардың  бірінші қабаттарында уақыт­ша бала қабылдайтын орын­дар жұмысын ұйымдастыру, бесіншісі – мектеп жанында оған дайындау топтарын ашу. Міне, осылайша бес бағыт бойынша қолға алын­ған жұмыстарды баяндаған департамент басшысының сөзін жиналғандар ден қой­ып тыңдады. Себебі,  Астана қаласында балабақша мәсе­лесі өте бір қиын түйінге айналып тұрғаны анық. Қалалық мәслихаттың хат­шысы Владимир Редко­ка­шин Жолдауда айтылғандай, Астананың өз мәртебесіне лайықты болуы үшін депу­таттар мен  барша қоғам мүшелерінің ынта-ықыласы, жанашырлықтарына қоса әркімнің өздері еңбек ететін салаларында тынбай қарекет жасап, үлес қосуының ма­ңыз­дылығына тоқталды. Әсіре­се, аймақтық бюджеттік бағдарламаларды орындауға қоғамдық аудит жүргізу, жер­гілікті билік пен де­путаттық корпустың үндесе қимылдауының маңызы зор деген ойларын ортаға салды. КӨЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР Көлік және коммуникациялар министрлігінде өткен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жұмыстарын талқылауға арналған алқа мәжілісінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша көлік саласында жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгеге 57 жобаның жүзеге асырылатыны хабарланды. Дастан КЕНЖАЛИН. Мәжілісте баяндама жа­са­ған министр Әбілғазы Құ­сайынов іске асырылатын жо­балардың ішіне 1,1 трлн. теңге шамасындағы 6 жо­ба­ның индустрияландыру­дың базалық картасына енге­нін, олардың қатарына авто­мо­биль жолдары саласын­да­ғы 3 жобаның, темір жолдағы 2 жобаның және авиация са­ласындағы 1 жобаның қо­сыл­ғанын жеткізді. Ведом­ство басшысы осы жұмыс­тар­дың бәрі Елбасының Жол­дауына сәйкес жасалып жатқанын, бұл жолғы Жол­даудың бір ерекшелігі Қазақ­станды дамытуға арналған 10 жылдық бағдарламаның қа­былдануы екендігін, оның бірінші кезекті шаралары іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, еліміздің қаржы жүйесін нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін арттыруға бағыт­тал­ғандығын атап өтті. Бұл орайда ол Президенттің тап­сырмасы бойынша Үкімет үде­мелі индустриялық-инно­ва­циялық дамудың мемле­кет­тік бағдарламасы мен елі­мізді индустрияландыру кар­тасының әзірлегенінен хабар­дар етті. Оның айтуынша, осы құжаттарға байланысты 2020 жылға дейін көлік саласын дамытудың негізгі ба­ғыттары ретінде көлік ин­фрақұрылымының төрт құ­рау­шысы болып табылатын темір жол, автомобиль жол­да­ры, әуе және су қатынас­та­ры тараптарының тиімді­лі­гін арттыру және оларды өз­ара интеграциялау белгілен­ген. Оның ішінде, темір жол саласында 2020 жылға дейін 1 400 км. жаңа темір ол же­лілерін салу жоспарланған. 2012 жылдың аяғына дейін “Өзен – Түркіменстан мем­лекеттік шекарасы”, “Қорғас – Жетіген” жобалары аяқ­та­луы тиіс. Осы іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік та­сымал екі еседен астамға ар­та­ды деп күтілуде. Ал аза­маттық авиация саласында 2020 жылға дейін 15 әуе­жайды ИКАО деңгейіне кел­тіріп, әуе тасымалында бә­се­ке­лестік қалыптастырып, транзиттік тасымал көлемі мен халықаралық әуе қаты­настары санын екі есе кө­бей­ту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, ол Елбасы­ның тапсырмасымен өткен жылы “Жол картасының” ой­дағыдай іске асырыл­ға­нын, бұл бастаманың биыл да жалғасын табатынын айтты. Мәжілісте Президенттің Жолдауына байланысты ми­нистрліктің көлік және жол қатынастары, автомобиль жолдары, азаматтық авиация және көліктік бақылау ко­ми­тет­терінің төрағалары да өз салаларында атқарылып жат­қан және болашаққа жос­пар­ланған жұмыстар туралы кеңінен хабардар етті. Аза­маттық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда қазір елімізге жоғары білікті мамандар жетіспей жатқан­ды­ғын, Елбасының өз Жол­дауында мамандарды дайын­дау ісіне кеңірек тоқтал­ғанын, соған байланысты алдағы кезде Азаматтық авиа­ция академиясын құру мәселесін шешу керектігін айтса, Авто­мобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов Жолдауда сөз бол­ған “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” дә­лізінің құрылысы жөнінде мәліметтерімен бө­ліс­ті. Оның айтуынша, жо­баның құрылы­сы келесі айда басталып, 2013 жылы бітеді деп жоспарлануда. Қазір 230 шақырым мен 1186 учаскеге мердігерлер анық­талды. Би­ыл­ғы жылы оның құры­лысына 50 000 адамды тарту жоспарда бар. Ал жалпы, 104 млрд. теңгені құрайтын жо­баға 128 000 адамды жұмыс­қа алу көзделуде. Мәжілісті соңында оған қатысушылар Президенттің Жолдауын насихаттау бой­ын­ша жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізіліп, ми­нистрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведом­ство­лық комитеттері жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасау керек деп шешті. ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРҒА – КЕҢ ӨРІС Кеше Алматыда “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы” Заңға енгізілетін өзгерістер мен толық­ты­рулар жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті. Оған мүд­делі мемлекет­тік органдардың өкілдері, Алматы қаласының және еліміздің басқа да аймақ­тарының көптеген үкіметтік емес ұйымдарының же­тек­шілері қаты­сып, олар Мәде­ниет және ақ­па­рат министрлігінің өкілдерімен бір­лесе отырып, аталмыш мәсе­лені талқыға салды. Әр тараптан ұсы­ныл­ған түзетулер кеңінен ойласы­лып, қолданыстағы заң­наманы жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Жұмыс тобының төрағасы, Мә­дениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаевтың атап көрсет­кенін­дей, қолданыстағы заңға уақыт талабына сай түзету­лер мен толық­тырулар енгізу бүгін таң­да әбден толғағы жеткен мәсе­ле. Заңның жаңартылуы елдегі демократиялық үдерістердің жедел­деп жақсара түсуіне де игі әсерін тигізбек. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған қазіргі кезеңде бұл жайдың маңызы өте зор. Олай болса, жұмыс тобы аталмыш заң жобасын әзірлеу орайында неғұрлым белсендірек қимылдауы қажет. Бұл жұмысты созбаққа салып, кешеуілдете бе­ру­ге болмайды. Демек, бұл орайда биліктің азаматтық қоғаммен бір­лесе іс-әрекет етуі жақсарып әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен ортақ пікір қалып­тас­тырудың мәні зор. Бұдан кейін сөз алған Халық­ара­лық коммерциялық емес құ­қық орталығының заңгері Жан­ға­зы Күн­серкин мемлекеттік тап­сырыс­ты реттестірудегі басқа ел­дердің тәжірибесі жайында әң­гі­мелеп берді. Сарапшының пікі­рінше, біз­дің республикамызда мемлекет­тік емес ұйымдар қаты­сатын кон­курстық рәсімдеме­лер­дің ашық­ты­ғы мен мөлдірлігін арттыра түсу қажет. Қандай да бір тендердің бағ­дарланған ең аз бағасы негізгі түйткілдердің бірі болып табы­ла­ды. Осынау ұста­ным азаматтық қоғам институт­тарында қолдануға көбіне-көп ыңғайлы бола бермей­тінін ескер­ген жөн. Әңгіме мүгедек­тердің, кә­мелетке толмағандар­дың, жал­ғызілікті аналардың тұрмысын жақсарту туралы болған кезде бас­ты нысаналы бағдарға жоба­ның қоғамға келтіретін пайдасы алынғаны абзал. Шұғыл шешуді талап ететін тағы бір мәселе – әлеуметтік жо­ба­ны жүзеге асыратын тендерді ұтып алған үкіметтік емес ұйым­ның шығынына бай­ланысты. Қо­ғамдық белсенділер­дің пайым­дау­ынша, үй-жайдың жалға алынуы, жабдықтарды сатып алу мен жөндеу мемле­кеттік тапсырыстың құнына кіруі тиіс. Сондай-ақ, сөй­леушілер елде әлеуметтік қызмет­тер­дің сатып алыну жүйесін жақ­сартуға жауап беретін бірегей өкілетті орган болуын жақтады. Қорғанбек АМАНЖОЛ. РЕСМИ САПАРЛАР ЖОСПАРЫ ЖАРИЯЛАНДЫ 22 және 24 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ресми сапармен Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Цзечидің шақыруы­мен Қытайға барады. Бұл туралы кеше Сыртқы істер министрлігінде болып өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлімдеді. Қанат Саудабаевтың сыртқы саясат ведомствосы басшысы  лауа­зымындағы Пекинге жасап отырған алғашқы сапарында Қытай басшы­лығымен бірқатар келіссөздер жүр­гізіліп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсудің жолдары қарастырылмақ. Қ.Сауда­баевтың сондай-ақ Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академия­сын­да “Қазақстан және Қытай: ай­мақ­тағы бейбітшілік пен өрлеуге ба­ғытталған стратегиялық әріптестік” тақырыбында сөз сөйлейтіндігі жоспарланып отыр екен. “Қанат Бекмырзаұлының Қы­тай­ға сапары екіжақты саяси үн­қатысуды одан әрі дамытуға және дип­ломатиялық ведомстволар бас­шыларының кездесулерін тұрақты түрде өткізу тәжірибесін орнық­тыруға, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған”, – деген ресми өкіл, сонымен қатар, Пре­мьер-Министрдің орынбасары, ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық ко­митеті мен Кедендік одақ комис­сия­сының мүшесі Өмірзақ Шөкеев бастаған делегация 26 ақпанда Мәс­кеуде болатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Интеграциялық комитетінің 48-ші және Кедендік одақ комиссиясы­ның 14-ші басқосуларына қатыса­тын­дығына тоқталды. Алда өтетін аталмыш басқосуда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасында 2011 жылғы көші-қон,  бюджеттік саладағы ықпалдастық және ауылшаруашылық техникасы мен көлікті халықаралық лизингке беру мәселелері талқыланбақ екен. А.Абдрахмановтың айтуынша 26 ақпан мен 1 наурыз аралығында Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы ко­ми­тетінде Қазақстан өкілдері арнайы баяндама жасайтын болады. Мұнда қазақстандық делегация басшы­лары­ның баяндамаларынан өзге ұсыныс, пікірлері де тыңдалады. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. БАСҚАРМАДА БАСПАСӨЗ КЛУБЫ АШЫЛДЫ Жариялылық – қоғамның ай­на­сы. Облыстық ішкі істер депар­та­ментінде соңғы кездері бұқара­лық ақпарат құралдарымен байла­ныс нығая түскені байқалады. Нә­тижесінде департаментте баспасөз клубы ашылып, ол жиын өткізуге қажетті керек-жарақтармен, сон­дай-ақ басқа құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Клубтың ашылуында облыстық ІІД бастығының орынбасары Б.Қо­жамбердиев Елбасының халыққа арнаған Жолдауына түсініктеме беріп, ондағы құқық қорғау сала­сына қатысты алға қойылған мін­деттерді саралады. Сондай-ақ мәсе­лелердің саладағы кәсіби маман­дар­дың қажырлы қимылы, кәсіби шеберлігімен жалғасатыны ортаға салынды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.