Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына орай пікір білдірген хаттар мен жеделхаттар келіп түсуін жалғастыруда.
Оңтүстік Қазақстан облысынан “Алпамыс” ҮЕҰ төрағасы Валерий Тұрлыбеков “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауымен мұқият танысқанын жазады.
“Сіздің жоспарларыңыз дәйекті, нақтылы, оң ниетті.
Бұрынғы спортшы, 40 жылдық өтілі бар оқытушы ретінде маған саламатты өмір салты, спорттың бұқаралылығы тақырыптары айрықша етене және болашақ жас ұрпаққа Сіздің терең алаңдаушылығыңыз түсінікті. Ауылдық жердегі мектепке дейінгі сапалы білім, өскелең ұрпақтың денсаулығы – бұл міндеттерді Сіз жоғары деңгейге көтердіңіз.
Ауылда бұқаралық спортты дамыту үшін жоғары әлеует жеткілікті. Бізде, Сайрам ауданында “Шарболат” спорттық ойындары бес жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келеді. Мен мұндай шаралар, белгілі бір қаржылық қолдау жағдайында, барлық жерде дами алады деп сенемін.
Мен Сіздің мемлекеттік бағытыңызды толықтай қолдаймын және Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істейтін боламын”, – делінген В.Тұрлыбековтің хатында.
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
ЕЛОРДА МӘРТЕБЕСІН МЕРЕЙЛІ ЕТЕЙІК
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Астана қалалық филиалында депутаттардың аймақтық форумы өткізіліп, оған Парламент депутаттары мен қалалық мәслихаттың депутаттары және жергілікті басқару органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатынасты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе – өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген партияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әмірхан Рахымжанов бүгінгі форумның негізгі мақсаты алдымызға қойылған міндеттердің атқарылу барысына ой жіберу және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын Жолдауы аясында өзіміз орындауға тиіс жұмыстарды ілгерілетудің жолдарын қарастыру, деп партия мүшелерінің назарын бірқатар мәселелерге аударды. Мәселен, Жолдауда көрсетілген кішкентай астаналықтарды балабақшалармен қамтамасыз ету, қаланың туристік бағытта қызықты болуы үшін жұмыстар атқару қоғамдық қабылдауды жүйелі жүргізудің және халықпен байланысты жақсартудың арқасында мүмкін болатынына тоқталды.
Елбасы биылғы Жолдауында алдағы онжылдықта атқарар жұмыстарды белгілеп берді. Бұл – жаңа экономикалық өрлеуге бастайтын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау. Елді жедел индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халыққа сапалы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетуді дамыту және басқа да көптеген ірі-ірі міндеттер алдымызда тұр, дей келіп, филиал төрағасының орынбасары кейбір депутаттардың белсенділігі төмендігін сынға алып өтті. Және алда келе жатқан Ұлы Жеңістің Отан соғысындағы 65 жылдық мерекесіне байланысты әрбір ардагердің, тыл еңбеккерлерінің назардан тыс қалмауы керектігін қаперге салып, бұл жұмыстардың тек мейрам өткенше ғана деген науқандық үрдіс алмауы керектігіне мән берді.
Мұнан соң депутаттар алдында қаладағы кәсіпорындар мен бизнестің дамуы жайын сөз еткен басқарма бастығы Рыскүл Қауғабаева өткен жылғы атқарылған жұмыстармен қатар, алда іске қосылатын бірқатар нысандар бар екенін айтты. Олардың қатарында фармацевтикалық фабрика, тоңазытқыштар шығаратын зауыт сынды халықты жұмыспен қамтамасыз етуге үлесін қосатын нысандар бар екен.
Қалалық білім департаментінің басшысы Әсима Бимендина Жолдауда көрсетілген проблеманың бірі–балдырғандарды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Бүгінгі күні Астана қаласында 28 мың бүлдіршіннің ата-анасы мектепке дейінгі тәрбиелеу орнының қаламызда аздығынан зәрулік көріп отыр. Казір бұл мәселені шешуде бірнеше бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Алғашқысы – түрлі мекемелердің кеңселеріне айналып кеткен бұрынғы балабақшаларды қайтару, екіншісі – жаңа балабақшалар салу, үшіншісі – жекеменшік балабақшалар ашу, төртіншісі – ғимараттардың бірінші қабаттарында уақытша бала қабылдайтын орындар жұмысын ұйымдастыру, бесіншісі – мектеп жанында оған дайындау топтарын ашу. Міне, осылайша бес бағыт бойынша қолға алынған жұмыстарды баяндаған департамент басшысының сөзін жиналғандар ден қойып тыңдады. Себебі, Астана қаласында балабақша мәселесі өте бір қиын түйінге айналып тұрғаны анық.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Владимир Редкокашин Жолдауда айтылғандай, Астананың өз мәртебесіне лайықты болуы үшін депутаттар мен барша қоғам мүшелерінің ынта-ықыласы, жанашырлықтарына қоса әркімнің өздері еңбек ететін салаларында тынбай қарекет жасап, үлес қосуының маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, аймақтық бюджеттік бағдарламаларды орындауға қоғамдық аудит жүргізу, жергілікті билік пен депутаттық корпустың үндесе қимылдауының маңызы зор деген ойларын ортаға салды.
КӨЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР
Көлік және коммуникациялар министрлігінде өткен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жұмыстарын талқылауға арналған алқа мәжілісінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша көлік саласында жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгеге 57 жобаның жүзеге асырылатыны хабарланды.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Мәжілісте баяндама жасаған министр Әбілғазы Құсайынов іске асырылатын жобалардың ішіне 1,1 трлн. теңге шамасындағы 6 жобаның индустрияландырудың базалық картасына енгенін, олардың қатарына автомобиль жолдары саласындағы 3 жобаның, темір жолдағы 2 жобаның және авиация саласындағы 1 жобаның қосылғанын жеткізді. Ведомство басшысы осы жұмыстардың бәрі Елбасының Жолдауына сәйкес жасалып жатқанын, бұл жолғы Жолдаудың бір ерекшелігі Қазақстанды дамытуға арналған 10 жылдық бағдарламаның қабылдануы екендігін, оның бірінші кезекті шаралары іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, еліміздің қаржы жүйесін нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталғандығын атап өтті. Бұл орайда ол Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен елімізді индустрияландыру картасының әзірлегенінен хабардар етті. Оның айтуынша, осы құжаттарға байланысты 2020 жылға дейін көлік саласын дамытудың негізгі бағыттары ретінде көлік инфрақұрылымының төрт құраушысы болып табылатын темір жол, автомобиль жолдары, әуе және су қатынастары тараптарының тиімділігін арттыру және оларды өзара интеграциялау белгіленген. Оның ішінде, темір жол саласында 2020 жылға дейін 1 400 км. жаңа темір ол желілерін салу жоспарланған. 2012 жылдың аяғына дейін “Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы”, “Қорғас – Жетіген” жобалары аяқталуы тиіс. Осы іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымал екі еседен астамға артады деп күтілуде. Ал азаматтық авиация саласында 2020 жылға дейін 15 әуежайды ИКАО деңгейіне келтіріп, әуе тасымалында бәсекелестік қалыптастырып, транзиттік тасымал көлемі мен халықаралық әуе қатынастары санын екі есе көбейту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, ол Елбасының тапсырмасымен өткен жылы “Жол картасының” ойдағыдай іске асырылғанын, бұл бастаманың биыл да жалғасын табатынын айтты.
Мәжілісте Президенттің Жолдауына байланысты министрліктің көлік және жол қатынастары, автомобиль жолдары, азаматтық авиация және көліктік бақылау комитеттерінің төрағалары да өз салаларында атқарылып жатқан және болашаққа жоспарланған жұмыстар туралы кеңінен хабардар етті. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда қазір елімізге жоғары білікті мамандар жетіспей жатқандығын, Елбасының өз Жолдауында мамандарды дайындау ісіне кеңірек тоқталғанын, соған байланысты алдағы кезде Азаматтық авиация академиясын құру мәселесін шешу керектігін айтса, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов Жолдауда сөз болған “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” дәлізінің құрылысы жөнінде мәліметтерімен бөлісті. Оның айтуынша, жобаның құрылысы келесі айда басталып, 2013 жылы бітеді деп жоспарлануда. Қазір 230 шақырым мен 1186 учаскеге мердігерлер анықталды. Биылғы жылы оның құрылысына 50 000 адамды тарту жоспарда бар. Ал жалпы, 104 млрд. теңгені құрайтын жобаға 128 000 адамды жұмысқа алу көзделуде.
Мәжілісті соңында оған қатысушылар Президенттің Жолдауын насихаттау бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізіліп, министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық комитеттері жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасау керек деп шешті.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРҒА – КЕҢ ӨРІС
Кеше Алматыда “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы” Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, Алматы қаласының және еліміздің басқа да аймақтарының көптеген үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері қатысып, олар Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерімен бірлесе отырып, аталмыш мәселені талқыға салды. Әр тараптан ұсынылған түзетулер кеңінен ойласылып, қолданыстағы заңнаманы жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Жұмыс тобының төрағасы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаевтың атап көрсеткеніндей, қолданыстағы заңға уақыт талабына сай түзетулер мен толықтырулар енгізу бүгін таңда әбден толғағы жеткен мәселе. Заңның жаңартылуы елдегі демократиялық үдерістердің жеделдеп жақсара түсуіне де игі әсерін тигізбек. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған қазіргі кезеңде бұл жайдың маңызы өте зор. Олай болса, жұмыс тобы аталмыш заң жобасын әзірлеу орайында неғұрлым белсендірек қимылдауы қажет. Бұл жұмысты созбаққа салып, кешеуілдете беруге болмайды. Демек, бұл орайда биліктің азаматтық қоғаммен бірлесе іс-әрекет етуі жақсарып әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен ортақ пікір қалыптастырудың мәні зор.
Бұдан кейін сөз алған Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығының заңгері Жанғазы Күнсеркин мемлекеттік тапсырысты реттестірудегі басқа елдердің тәжірибесі жайында әңгімелеп берді. Сарапшының пікірінше, біздің республикамызда мемлекеттік емес ұйымдар қатысатын конкурстық рәсімдемелердің ашықтығы мен мөлдірлігін арттыра түсу қажет. Қандай да бір тендердің бағдарланған ең аз бағасы негізгі түйткілдердің бірі болып табылады. Осынау ұстаным азаматтық қоғам институттарында қолдануға көбіне-көп ыңғайлы бола бермейтінін ескерген жөн. Әңгіме мүгедектердің, кәмелетке толмағандардың, жалғызілікті аналардың тұрмысын жақсарту туралы болған кезде басты нысаналы бағдарға жобаның қоғамға келтіретін пайдасы алынғаны абзал.
Шұғыл шешуді талап ететін тағы бір мәселе – әлеуметтік жобаны жүзеге асыратын тендерді ұтып алған үкіметтік емес ұйымның шығынына байланысты. Қоғамдық белсенділердің пайымдауынша, үй-жайдың жалға алынуы, жабдықтарды сатып алу мен жөндеу мемлекеттік тапсырыстың құнына кіруі тиіс. Сондай-ақ, сөйлеушілер елде әлеуметтік қызметтердің сатып алыну жүйесін жақсартуға жауап беретін бірегей өкілетті орган болуын жақтады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
РЕСМИ САПАРЛАР ЖОСПАРЫ ЖАРИЯЛАНДЫ
22 және 24 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ресми сапармен Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Цзечидің шақыруымен Қытайға барады. Бұл туралы кеше Сыртқы істер министрлігінде болып өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлімдеді.
Қанат Саудабаевтың сыртқы саясат ведомствосы басшысы лауазымындағы Пекинге жасап отырған алғашқы сапарында Қытай басшылығымен бірқатар келіссөздер жүргізіліп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсудің жолдары қарастырылмақ. Қ.Саудабаевтың сондай-ақ Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясында “Қазақстан және Қытай: аймақтағы бейбітшілік пен өрлеуге бағытталған стратегиялық әріптестік” тақырыбында сөз сөйлейтіндігі жоспарланып отыр екен.
“Қанат Бекмырзаұлының Қытайға сапары екіжақты саяси үнқатысуды одан әрі дамытуға және дипломатиялық ведомстволар басшыларының кездесулерін тұрақты түрде өткізу тәжірибесін орнықтыруға, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған”, – деген ресми өкіл, сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары, ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті мен Кедендік одақ комиссиясының мүшесі Өмірзақ Шөкеев бастаған делегация 26 ақпанда Мәскеуде болатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Интеграциялық комитетінің 48-ші және Кедендік одақ комиссиясының 14-ші басқосуларына қатысатындығына тоқталды. Алда өтетін аталмыш басқосуда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасында 2011 жылғы көші-қон, бюджеттік саладағы ықпалдастық және ауылшаруашылық техникасы мен көлікті халықаралық лизингке беру мәселелері талқыланбақ екен.
А.Абдрахмановтың айтуынша 26 ақпан мен 1 наурыз аралығында Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы комитетінде Қазақстан өкілдері арнайы баяндама жасайтын болады. Мұнда қазақстандық делегация басшыларының баяндамаларынан өзге ұсыныс, пікірлері де тыңдалады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
БАСҚАРМАДА БАСПАСӨЗ КЛУБЫ АШЫЛДЫ
Жариялылық – қоғамның айнасы. Облыстық ішкі істер департаментінде соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс нығая түскені байқалады. Нәтижесінде департаментте баспасөз клубы ашылып, ол жиын өткізуге қажетті керек-жарақтармен, сондай-ақ басқа құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Клубтың ашылуында облыстық ІІД бастығының орынбасары Б.Қожамбердиев Елбасының халыққа арнаған Жолдауына түсініктеме беріп, ондағы құқық қорғау саласына қатысты алға қойылған міндеттерді саралады. Сондай-ақ мәселелердің саладағы кәсіби мамандардың қажырлы қимылы, кәсіби шеберлігімен жалғасатыны ортаға салынды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.