Жаңалық пен жақсылықты қалт жібермейтін болдық. Олай болмағанда тарихтың тырс-тырс соққан сағатынан қалып қоятының сөзсіз. Барша қазақстандықтар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында әсем Астанаға көз тігіп, жан жадыратқан игіліктермен шаттанды.
Астанадағы Индустрияландыру күні аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурс қорытындысымен «Алтын сапа-2011» сыйлығының лауреаттары және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының дипломаттары бас қосқан салтанатқа Елбасы қатысып, жиын ажарын аша түскенін айтуға болады. Еңбектің жанғаны, ізденістің ізгілігі бар қырынан көрінді.
Жетісу өңірі өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласында жақсы жетістіктерге жетті. Биылдың өзінде индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 9,6 млрд. теңге болатын 10 жаңа нысан іске қосылды.
Ал Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа технологияларды іске қосу нәтижесінде өнімдерін алыс шетелдерге шығару мүмкіндігіне ие болғанын да мақтанышпен айтуға болады.
Кәсіпорын салтанатты жиында ел Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша ең таңдаулы кәсіпорын қатарынан табылып, мерейленді.
«Қайнар АКБ» жеңісіне барша жетісулықтар қуанды. Өйткені, аталған кәсіпорын өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосумен қатар, халықты жұмыспен қамтып, жағдайларының жақсаруына септігін тигізіп келеді.
Қиын-қыстау кезде де ертеңге деген үміттерін үкілеген зауыт ұжымы әлі де табыстарын тасытып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруді жалғастыруда. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар кәсіпорында бірнеше ұрпақтың өкілі алмасып, олар кәсіби шеберліктерін шыңдап келеді. Ұтымды ұйымдастыру оларды биікке ұмтылдыруда.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.