Бұл жай зауыт емес, инновациялық технологиялар арқылы түйе сүтінің қаншалықты пайдалы екендігін індете зерттейтін ғылыми орталық десе де болады. Зауыттың толық өндірістік әлеуеті іске қосылған кезде әлемдегі ең ірі құрғақ түйе сүтін шығаратын кешенге айналады.
Ірі де іргелі зауыт салуға Түркістан қаласының таңдалуы кездейсоқтық емес. Әлмисақтан қазіргі Түркістан мен осы өңірдің Қызылорда облысымен шектесетін аудандарының климаты түйе ұстауға аса қолайлы. Әрі халқы тығыз орналасқан, қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Оның үстіне туризм арқылы табыс табудың мүмкіндіктері жеткілікті.
Қай тұрғыдан алсақ та, көне шаһардың қарапайым халқы үшін де жаңа зауыттың пайда болуы тиімді болмақ. Қазірдің өзінде түркі- стандықтардың бірқатары осы жерден жұмыс тауып отыр. Ең бастысы, түйе ұстайтындар тұрақты түрде сүтін қайда өткізетіндігін біледі. Бірде сатылса, бірде сатылмай қалады деп уайымдамайды. Бұл сенімділік – жергілікті малшыларға алаңсыз бақташылықпен айналысып, түйе басын көбейтуге мүмкіндік береді. Яғни, кепілді түрде еңбек ақталады деген сөз.
Түркістан облысында мұнан былай түйе өсіру пайдалы болмақ. Бала-шаға да тоқ, отбасынан артылған сүт қосымша табыс көзінің бірі. 2 қыркүйектен бері сынақ режімінде жұмысқа кіріскен зауыт тұрғындардан шұбаттың 420 теңгеден сатып алуда. Әр литрге мемлекет тарапынан берілетін 55 теңге субсидия да бар.
«Golden Camel» зауыты тақыр жерден пайда бола салған жоқ. Өткен жылы 15 қаңтарда іргетасы қаланған алып кешенге Қытай тарапы бастапқы кезеңнің өзінде 23 миллион АҚШ долларына тең инвестиция салған. Бұл зауыт Қазақстан мен Қытай арасындағы біріккен жобалардың ішіндегі маңыздыларының бірі. Инвесторлар мен Қытай ғалымдары бұл жоба жүзеге асқанша, оның жай-жапсарын талқылауға, келісім жүргізуге елімізге талай рет келген.
Әзірге зауыт айналасындағы ауылдардан қабылданатын сүт кәсіпорынның өндірістік қуатын толық қамтамасыз ете алмайды. Қазір 43 фермерлік шаруашылық зауытқа сүт өткізеді. Олардың арасында жүздеген түйесі немесе 5-6 ғана ойсылқарасы бар адамдар бар.
2017 жылдың басында зауыт салына бастаған тұста-ақ жергілікті басшылық тұрғындарды түйе шаруашылығын өркендетуге шақырып, оның алдағы уақытта пайдалы болатындығын насихаттауға көшіпті. Нәтижесі жаман емес. Бір жылдың айналасында өңірде түйе басы 4 мыңға көбейіп, қазір Түркістан облысында қос өркешті жануардың саны 29 мыңға жетті.
Қазір «Golden Camel»-дің әлеуеті күн сайын 100 тонна сүтті өңдеп, жылына 2,5 мың тонна дайын өнім, яғни құрғақ сүт шығаруға толық жетеді. Әлемдегі ең ірі түйе сүтін дайындайтын зауыт деген атқа таластырып тұрған да осы қуаты. Бұл Қытай инвесторларының шетелде сүт өнімдерін дайындайтын ең ірі алғашқы зауыты екендігін атап өту керек.
Ал енді 1 тонна дайын құрғақ сүт алу үшін 16 тонна шикі сүт қажет. Ал Қытайда жылына бар болғаны 1 тонна ғана құрғақ түйе сүті шығарылады. Егер түйе сүтіне деген сұраныс қазір көршілерімізде өте жоғары екендігін ескерсек, бұл көлем өте аз.
«Golden Camel Group» ЖШС басшысы Янг Джи мырза қазірге дайын өнімнің 10 проценті Қазақстанда қалатындығын айтады. Инвесторлар бұл мәліметті былай түсіндірді. Қазақ халқы құрғақ түйе сүтін ішуге үйренбеген. Өзі түйе ұстайтын халық үшін қайта өңделген, яғни құрғатылған сүтті пайдалануға тіпті қажеттілік те жоқ.
Түйе сүтін құрғақ концентратқа айналдырған кезде оның барлық емдік қасиеті мен құнарын сақтау аса маңызды технологиялық үдеріске жатады. Сондықтан зауыт өнімдердің сапасын өндірістің барлық кезеңінде автоматты түрде бақылайтын ең заманауи технологиялармен жабдықталған. Оның үстіне шикізат әртүрлі шаруа қожалықтарынан қабылданатындықтан, бактериялық қауіпсіздік үшін де зертханалық тексеру жүргізіледі.
Зауыт қазір сынақ режімінде жұмыс істеп тұр, күніне 6 тонна сүт өңдейді. Өндірушілер дайын тауардың басым бөлігін Қытай еліне, сосын Сауд Арабиясы мен Гонконгке өткізуді көздеп отыр. Болашақта тек қана құрғақ сүт шығарумен айналыспайды, шұбаттан жасалған өнім түрлері көбейеді, мәселен, йогурт дайындай алатын жағдайы бар. Алдағы уақытта зауытқа Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан да түйе сүті қабылдана бастайды. Осы арқылы түйе шаруашылықтарын өркендету жолға қойылмақ.
«Golden Camel» таяу уақытта Түркістанның елді мекендеріндегі сүт қабылдайтын бекеттер санын тағы да жиырмаға өсірмек. Бұл өз кезегінде сүт өндірушілер кооперативтерін құруға мұрындық болмақ. Ал сүт таситын көліктер, мұздатқыш қондырғылары бар танкерлерді Шымкенттегі механикалық зауыты жасайды. Оны сатып алуға кететін шығынның жартысын мемлекет бөлетін субсидия арқылы жабуға болады.
Экономистердің есебіне сенсек, шетелдік тұтынушыға Түркістаннан шыққан 1 кило құрғақ түйе сүті 140 АҚШ долларына түседі екен. Осы арада «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл еске түседі-ау...
Ал біз Ойсылқара сүтін шын мәнінде валютаға айналдыра алатын «Golden Camel» зауытынан Алматыға аттанып бара жатып, Түркістанды аңсап тұрудың тағы бір төте жолы табылғанына қуандық.
Бұл өлкеге жолы түскен адамның көне шаһардың қасиетінен қуат алып, тарихи нысандарынан ғибрат алып, шұбатын ішіп, түйесіне мініп, тыңайып қайтатынын талай көз көрген. Өйткені күн сәулесіне шомылған Түркістанға күз кеш келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ – ШЫМКЕНТ – ТҮРКІСТАН – АЛМАТЫ