Экономика • 12 Қазан, 2018

Шипалы шұбат – шаһар туризмін дамытатын тағы бір бренд

150 реткөрсетілді

Талай дертке құнарлы азықты дауа еткен ата-бабаларымыздың әлмисақтан келе жатқан әдісі бүгінде қайта жаңғыра баста­­ғаны байқалады. Қазір әлемнің дамыған елдерінің өзі түйе мен бие сүтінің әрі ем, әрі нәрлі азық екендігіне назар ауда­рып жат­қанда, Қазақстан да бұл үрдіс­тен тысқары қалмауға тиіс. Түр­­кіс­тан қаласының индус­трия­­лық аймағында орналасқан «Golden Camel» зауыты сондай кәсіп­орындардың бірі.

Бұл жай зауыт емес, инновациялық технологиялар арқылы түйе сүтінің қан­шалықты пайдалы екендігін індете зерттейтін ғылыми орталық десе де болады. Зауыттың толық өндірістік әлеуеті іске қосылған кезде әлемдегі ең ірі құрғақ түйе сүтін шығаратын ке­шенге айналады.

Ірі де  іргелі зауыт салуға Түркістан қа­ласының таңдалуы кездейсоқтық емес. Әлмисақтан қазіргі Түркістан мен осы өңірдің Қызылорда облысымен шектесетін аудандарының климаты түйе ұстауға аса қолайлы. Әрі халқы тығыз орналасқан, қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Оның үстіне туризм арқылы табыс табудың мүмкіндіктері жеткілікті. 

Қай тұрғыдан алсақ та, көне ша­­һар­дың қарапайым халқы үшін де жаңа зауыттың пайда болуы тиім­­ді болмақ. Қазірдің өзінде түр­кі-­­ с­тандықтардың бірқатары осы жер­ден жұмыс тауып отыр. Ең бастысы, тү­йе ұстайтындар тұрақты түрде сү­тін қайда өткізетіндігін біледі. Бірде сатылса, бірде сатылмай қалады деп­ уайымдамайды. Бұл сенімділік – жер­гілікті малшыларға алаңсыз бақ­ташылықпен айналысып, түйе басын көбейтуге мүмкіндік береді. Яғни, ке­пілді түрде еңбек ақталады деген сөз.

Түркістан облысында мұнан былай түйе өсіру пайдалы бол­мақ. Бала-шаға да тоқ, отбасынан артылған сүт қосымша табыс кө­зінің бірі. 2 қыркүйектен бері сынақ режімінде жұмысқа кіріскен зауыт тұр­ғындардан шұбаттың 420 теңгеден сатып алуда. Әр литрге мемлекет тарапынан бері­летін 55 теңге субсидия да бар. 

«Golden Camel» зауыты тақыр жер­ден пайда бола салған жоқ.  Өткен жы­лы 15 қаңтарда іргетасы қаланған алып кешенге Қытай тарапы бастапқы кезеңнің өзінде 23 миллион АҚШ долларына тең инвестиция салған. Бұл зауыт Қазақстан мен Қытай арасындағы бірік­кен жобалардың ішіндегі маңыз­дыларының бірі. Инвесторлар мен Қытай ғалымдары бұл жоба жүзеге ас­қанша, оның жай-жапсарын тал­қылауға, келісім жүргізуге елімізге тал­ай рет келген. 

Әзірге зауыт айналасындағы ауыл­­дар­дан қабылданатын сүт кәсіпорын­ның өндірістік қуатын толық қамтама­сыз ете алмайды. Қазір 43 фермерлік ша­руашылық зауытқа сүт өткізеді. Олар­дың арасында жүздеген түйесі не­­­месе 5-6 ғана ойсылқарасы бар адамдар бар. 

2017 жылдың басында зауыт салына бастаған тұста-ақ жергілікті басшылық тұрғындарды түйе шаруашылығын өркендетуге шақырып, оның алдағы уақытта пайдалы болатындығын наси­хаттауға көшіпті. Нәтижесі жаман емес. Бір жылдың айналасында өңірде тү­йе басы 4 мыңға көбейіп, қазір Түркістан облысында қос өркешті жануардың саны 29 мыңға жетті. 

Қазір «Golden Camel»-дің әлеуеті күн сайын 100 тонна сүтті өңдеп, жы­лына 2,5 мың тонна дайын өнім, яғни құрғақ сүт шығаруға толық же­теді. Әлемдегі ең ірі түйе сүтін да­йын­дайтын зауыт деген атқа талас­тырып тұрған да осы қуаты. Бұл Қы­тай инвесторларының шетелде сүт өнім­дерін дайындайтын ең ірі алғашқы зауыты екендігін атап өту керек. 

Ал енді 1 тонна дайын құрғақ сүт алу үшін  16 тонна шикі сүт қажет. Ал Қы­тайда жылына бар болғаны 1 тонна ғана құрғақ  түйе сүті шығарылады. Егер түйе сүтіне деген сұраныс қазір көр­шілерімізде өте жоғары екендігін ескерсек, бұл көлем өте аз. 

«Golden Camel Group» ЖШС басшысы Янг Джи мырза қазірге дайын­ өнімнің 10 проценті Қазақстанда қала­тындығын айтады. Инвесторлар бұл мәліметті былай түсіндірді. Қазақ халқы құрғақ түйе сүтін ішуге үйрен­беген. Өзі түйе ұстайтын халық үшін қайта өңделген, яғни құрғатылған сүтті пай­далануға тіпті қажеттілік те жоқ. 

Түйе сүтін құрғақ кон­центратқа айналдырған кезде оның бар­лық емдік қасиеті мен құнарын сақ­тау­ аса маңызды технологиялық үде­ріс­ке жатады. Сондықтан зауыт­ өнім­дердің сапасын өндірістің бар­лық кезеңінде автоматты түрде бақы­лай­тын ең заманауи технологиялармен жаб­дықталған. Оның үстіне шикі­зат әртүрлі шаруа қожалықтарынан қабыл­данатындықтан, бактериялық қауіп­сіздік үшін де зертханалық тексеру жүргізіледі.

Зауыт қазір сынақ режімінде жұмыс істеп тұр, күніне 6 тонна сүт өңдейді. Өндірушілер дайын тауардың басым бөлігін Қытай еліне, сосын Сауд Арабиясы мен Гонконгке өткізуді көздеп отыр.­ Болашақта тек қана құрғақ сүт­­ шы­ғарумен айналыспайды, шұбаттан жасалған өнім түрлері кө­бейеді, мәсе­лен, йогурт дайындай алатын жағдайы бар. Алдағы уақытта зауытқа Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан да түйе сүті қабылдана бастайды. Осы арқылы түйе шаруашы­лықтарын өркендету жолға қойылмақ. 

 «Golden Camel» таяу­ уақытта Түркістанның елді мекен­деріндегі сүт қабылдайтын бекеттер са­нын тағы да жиырмаға өсірмек. Бұл өз кезегінде сүт өндірушілер коопе­ративтерін құруға мұрындық болмақ. Ал сүт таситын көліктер, мұздатқыш қон­­дырғылары бар танкерлерді Шым­кенттегі механикалық зауыты жасайды. Оны сатып алуға кететін шығын­ның жартысын мемлекет бөлетін субсидия арқылы жабуға болады.

Экономистердің есебіне сенсек, ше­телдік тұтынушыға Түркістаннан шық­қан 1 кило құрғақ түйе сүті 140 АҚШ долларына түседі екен. Осы арада «Қол­да барда алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл еске түседі-ау... 

Ал біз Ойсылқара сүтін шын мә­нінде валютаға айналдыра алатын «Golden Camel» зауытынан Алматыға аттанып бара жатып, Түркістанды аңсап тұрудың тағы бір төте жолы та­былғанына қуандық. 

Бұл өлкеге жолы түскен адамның көне шаһардың қасиетінен қуат алып, тарихи нысандарынан ғибрат алып, шұбатын ішіп, түйесіне мініп, тыңайып қайтатынын талай көз көрген. Өйткені күн сәулесіне шомылған Түркістанға күз кеш келеді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ – ШЫМКЕНТ – ТҮРКІСТАН – АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Сауаптан құр қалмаңыз

Руханият • Кеше

Игі істердің ұйытқысы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар