Парламент • 12 Қазан, 2018

Ақмола облысында Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

11-12 қазанда Парламент Сенатының бір топ депутаттары Ақмола облысында іссапармен болды. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру депутаттар сапарының негізгі мақсаты болды. Сондай-ақ, сенаторлар «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру аясындағы өңірдегі жетістіктермен танысты, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Ақмола облысында Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылыми комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова бастаған көшпелі отырысқа  комитет мүшелері Мұрат Бақтиярұлы, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Дархан Сатыбалды және Серік Бектұрғанов қатысты.

Жұмыс сапары барысында депутаттар бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Сенаторлар Ақкөл ауданында 2017 жылы салынған орталық аурухананы аралады. Бір ауысымда 250 науқасты қабылдай алатын заманауи жабдықпен жабдықталған ауруханада 125 адамға жұмыс орны ашылған болатын.

Сенаторлар Бұланды ауданындағы Т.Кәкішев атындағы орта мектепте ғимарат құрылысының сапасын тексеріп, олқылықтардың жөнделгеніне көз жеткізді. Апат жағдайындағы мектептің ұзақ жылдар бойғы мәселесі – негізгі ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді және 2019 жылы спортзалды жөндеу  мәселесі шешіледі.

Президент тапсырмаларының табысты жүзеге асуының нәтижесі – Макинск мектеп-лицейі және Орталық Азиядағы Макинск құс фабрикасы болып отыр.

Бурабай ауданында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Отырыс барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесінің жағдайы және өңірдегі туризм саласын дамыту туралы хабардар етті.

Ақмола облысы әкімінің ақпаратына сәйкес, өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жалпы сомасы 9 млрд теңге болатын 41 жоба, білім беру саласында жалпы инвестициялар сомасы 792 млн теңге болатын 27 жоба іске асуда. Жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 3 жобасы –  Ерейментау ауданында 2 балабақша және Жарқайың ауданындағы «Солнышко» балабақшасын сенімді басқаруға беру жоспарланып отыр.

Өңірде  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында денсаулық сақтау саласында 3 жоба жүзеге асуда. Өңірдік туризм кластеріне осы саладағы 700-ден астам кәсіпорын кіреді. «Облыс әкімдігі мен «McKinsey&Company» халықаралық консалтингтік компаниясы бірлесе отырып, Шучинск-Бурабай демалыс аймағын дамыту жоспары бойынша шеберлік жоспары әзірленуде. Шучинск-Бурабай демалыс аймағында туризмді дамытудың негізгі жерлері – Бурабай ауылы, Щучинск қаласы және Қотыркөл өзенінің жанындағы аймақтар болып табылады. Зеренді демалыс аймағы өңірдегі туризмді дамыту картасындағы негізгі аймақ болуы тиіс»,  - деп атап өтті Мәлік Мырзалин.

Жұмыс сапары барысында депутаттар Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша аудан активінің отырысына қатысты. Талқылау барысында өңірдің көкейкесті мәселелері мен оны дамыту келешегі туралы айтылды.

Ұстаздар қауымы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, барлық деңгейдегі мәслихат депуттатары және шаруашылық жүргізуші субъект пен шағын және орта бизнес өкілдері Елбасының әлеуметтік бастамаларын қолдайтындарын жеткізді.