Қазақстан • 12 Қазан, 2018

Профессор Серік Негимовтың 70 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

89 реткөрсетілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың 70 жылдығына арналған «Көркемдік дүниетаным және сөз мәдениеті» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Республикалық Ардагерлер кеңесі, Қазақстан Жазушылар одағы, Республикалық Кәсіподақ федерациясы, сонымен қатар Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Маңгыстау, Атырау, Қызылорда облыстық әкімдігінің өкілдері қатысты. Көрнекті ғалымын сыйлаған жиыннан еліміздегі әдебиетсүйер қауым мен тіл жанашырлары да шет қалған жоқ.

Конференцияның пленарлық бөлімінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөз сөйлеп, ректор Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың атынан 70 жасқа толып отырған мерейтой иесін құттықтады. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаева, Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев, Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың атынан келген құттықтауларды оқып берді. Жиында ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик Сейіт Қасқабасов арнайы сөз алып, көрнекті ғалымның еңбектері мен адами қасиеттеріне тоқталса, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала әкімі Бақыт Сұлтановтың жылы лебізін жеткізді.

ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай «Заман және руханият: жыраулар, билер, сал-серілер», Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші-композитор Ж.Жүзбай «Профессор С.Негимовтың интонация және мелодика туралы пайымдаулары», «Болашақ» академиясының профессоры М.Хамзин «Профессор С.Негимов зерттеулеріндегі Арқа ақындары шығармашылығы», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Т.Есембеков «С.Негимов еңбектеріндегі этнографиялық сарындар: тұлға, қоғам, адам», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының пофессоры, филология ғылымының кандидаты Қ.Алпысбаев «Профессор С.Негимов және ұлтық поэтика: метафора құбылысы», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Р.Тұрысбек «Ұлт мұратының көркемдік қайнары», Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрының әдеби кеңесшісі, жазушы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты А.Кемелбаева «Назым сөздің кеніші», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы С.Жұмағұл «Өлең сөздің теориясы», ЕҰУ доценті, филология ғылымының кандидаты М.Бөрібаева «Мәдениет және дәуір» деген тақырыпта баяндама жасады.

Конференцияға қатысушылар жиын барысында мерейтой иесінің шығармалары негізінде ұйымдастырылған «Күлтегін» атриумындағы «Ғалым.Ұстаз.Қайраткер» көрмесін тамашалап, Серік Негимовтың «Фолиант» баспасынан жарық көрген бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.

Республикалық ғылыми-практикалық конференция «Қазіргі әдебиеттану: сөз өнері және тұлғатану»; «Филология ғылымы: поэтика, стилистика және символика» атты екі секцияға бөлініп, өз жұмысын жалғастырды. Онда композитор, өнер зерттеушісі, жазушы, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілия Жақанов, ақын-ғалымдар Серікзат Дүйсенғазы, Жанат Айтмұхамбет, Дәулеткерей Кәпұлы, тағы басқа да белгілі ғалымдар профессор С.Негимовтың шығармашылығы туралы тереңнен ой қозғап, арнау өлеңдерін оқыды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда екі зауыт салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:03

Ұқсас жаңалықтар