31 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік туы берік қолда

928 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сан ғасыр еркіндік, бос­тан­дық жолында қилы-қилы заман өткізген ата-баба­ла­ры­мыздың аруақтары риза бо­лып жатқан шығар. Сол тәуелсіздікке жеткен бүгінгі ұрпақ соны сезіне отырып, Көк байрағын қолына берік ұстап өсіп-өркендеу, даму жо­лына өмірін арнауы керек деп білемін. Бұл жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ерекше үлгі-өнеге көрсетуде.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы кең түрде тұрмыс-тіршіліктің қай саласында болмасын үлкен жетістікпен аталып өткенін көзіміз көрді. Мерейлі мереке, ұлы той болып өткені әр қазақ­стан­дық­тың көңіліне нәр, бойына қуат қосқаны сөзсіз. Тәуелсіздікке ар­нал­ған салтанатты жиында сөй­ле­ген Н.Назарбаев елі­міздің әлеу­меттік-экономи­ка­лық, мәде­ни-ғы­лы­ми дамуына, Қазақ­стан халқының бірлігі мен ынты­ма­ғы­ның ны­ғаюына баса назар аударып, бо­ла­шағы­мыз­дың ба­ғыт-бағ­дарын айқын­дап берді. Төбең көк­ке жеткендей, көңіл-күйің өсіп көтеріліп қалады екенсің.

Жиырма жылда тәуелсіздікті баян­ды етіп, іргемізді бекітіп алу жеңіл өтті демесек керек. Әр түрлі қиындықтар, кедергілер, зиянкестіктер аз болған жоқ. Экономи­ка­лық-әлеуметтік және саяси қиын­шы­лықтар да кездесті. «Алысқа сіл­теп сонша қайда барады?» деп оды­рай­ған­дар да болмай қалған жоқ. Ос­ы­ның бәрін жеңе отырып, еңселі ел, мықты мемлекет дәре­же­сіне жеткенімізді қалай мақтаныш етпей тұра ала­мыз. 1991 жылдың өзінде Қа­зақ­стан Республикасы аталуы, оның Мемлекеттік тәуел­сіздігі ту­ра­лы Конс­ти­ту­циялық Заң қабыл­дануы, Мемлекеттік рәміздері – Елдің Туы, Ел­таң­басы және Әнұранының қабыл­да­нуы естен кетпес ерекше құбылыс.

Қазақстанның Тәуелсіз елге, дербес мемлекетке айналғанына әлемдегі айтулы мемлекеттер де көз тігіп, мойындап отыр. Әрі тәу­елсіздігінің қауіпсіздігіне кепілдік берді. Демек, олармен терезесі тең ел қатарына қосыл­ғанымыз осы емес пе.

Міне, аса мақтанарлық зор дәрежеге жетуімізге Елбасының басшылық жасап, қиын да күрделі жылдарда елін соңынан ерте біліп, мол жетістіктерге жеткізуі көңілімізді көркейтеді. Алдағы асулар да аз емес. Сол үшін жанға қуат беретін көгілдір Туымыз мәңгі желбіресін.

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ, жазушы, профессор.

АЛМАТЫ.