31 Желтоқсан, 2011

Қастерлей білмесе қасиеттің құны қалмайды

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өтіп бара жат­қан жылдың ерекше оқи­ға­сы ел Тәу­ел­сіз­дігінің 20 жыл­дық мерекесін ха­лық болып толым­ды табыстармен атап өту бол­ды. Бұл туралы Елбасы­ның Қазақстан Респбуликасы Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы­на арналған салтанатты жи­на­лыста сөйлеген сөзінде жан-жақты айтылды.

Мысалы, алғашқы онжыл­дықта мықты экономика мен күшті мемлекетіміз қалып­тас­ты. Екінші онжылдықта өсім мен күш жинақтау кезеңі болды. Елбасы осы жетістіктерді айта келіп, енді үшінші және төртінші онжылдық­тар­ды еліміз үшін алға тарихи секіріс дәуірі бо­ла­ды деп тұ­жырды.

Оған, әри­не, негіз бар. Қазақ елі өз тари­хын­да тұң­ғыш рет ЕҚЫҰ-ға та­бысты төрағалық етті және Астанада ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасыр­дағы бірінші және әзірше жал­ғыз саммитін өт­кізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтай азаматымыз БҰҰ-да Ұйым төр­ағасының орынбасары болып абыроймен өкілдік етуде. Мұ­ның бәрі бүгінде біздің елге әлем­дік қауымдастықтың сенімі артып келе жатқанын көрсетеді.

Дейтұрғанмен, Елбасы таяу­дағы жылдардың жауап­кер­ші­лігінің зор екенін де айтып өтті. Елбасының тілімен айт­сақ, Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас ха­лық, біртұтас бола­шақ. Сон­дықтан халқымыз Тәуелсіз ел болып аттаған алтын ғасырды ардақтай білейік. Басымызға қонған бақты өз қолымызбен үркітіп алмай­ық. Айтаққа еріп, аттанға қо­сылудың соңы – адасу. Еліміздегі тұрақтылық пен келісім, үдемелі индустрия­лан­дыру, инновациялық даму мен интеграция бағытын бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай қорғап, қолдай білсек қана бақытқа жетеміз.

Қоян жылына қош-қош айтып, ал келе жатқан Ұлу жылын қуана қарсы алып тұрып, замандастарыма және жастарға айтар ақ тілегім осы.

Бағбан ТАЙЫМБЕТОВ, Жамбыл облысының прокуроры.

Жамбыл облысы.