Спорт • 14 Қазан, 2018

Бірінші «Алматы жартылай марафонында» 4 000 қатысушы мәреге жетті

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтайтын төрт мың адам қала көшелерімен бірінші «Алматы жартылай марафонын» жүгіріп өтті. Оған Қазақстан, АҚШ, Франция, Жапония, Ресей, Қырғыз Республикасы мен өзге елдердің спортшылары қатысты.

Бірінші «Алматы жартылай марафонында» 4 000 қатысушы мәреге жетті

Мәреге бірінші болып 10 км қашықтыққа жүгіруден алға шыққандар жетті. Ерлер арасында Дмитрий Иванчуков (Мерке қ.), қыздар арасында Мадина Керимова, (Талдықорған қ.) бірінші болып еңсерді.

Ең жүйрік жартылай марафоншы 21 км қашықтықтықты бағындырған Илья Тяпкин (Бишкек қ.) болды. Ал әйелдер қатарынан ерлер арасындағы абсолютті чемпионнан небәрі 8 минутқа артта қалған Ситора Хамидова (Термез қ.) жеңіпаз атанды.

- «Алматы жартылай марафоны» алғаш рет өтті. Енді, ол жыл сайын күзде ұйымдастырылады. Жарты жылдан кейін 21 сәуірде біз барлық қатысушыларды ондаған мың жүгіруші күтетін шара – «Алматы марафонында» қарсы аламыз. Жүгіру жарыстарымыздың бәрі Орталық Азиядағы ең басты жүгіру жарысына дайындық аясында өтеді»,-деді «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева.

Жарыс сөресіне жасты 60-тан асқан 41 қатысушы шықса, олардың 16-сы жартылай марафон қашықтығын еңсерді.

- Мен жүгіру жарыстарына бұрыннан бері қатысып келемін. Тек Алматы немесе Қазақстанда емес, сонымен бірге шетелде өтетін жарыстарға үзбей қатысуға тырысамын. Ешқашан мұнымен кәсіби түрде айналысқан жоқпын, дегенмен, осы уақытқа дейін 150 000 км жүгірдім, - дейді жартылай марафонның 71-жастағы қатысушысы Марат Балтабаев. Марат Шәріпұлы жақында ардагерлердің I Азия-Тынық мұхиты ойындарында 3 алтын алқа алды. – Біздің ұранымыз – «Спорт-дініміз, ал жүгіру - дұғамыз». Оны күн сайын ұстанамыз. Мен баршаңызға спортпен шұғылдануға және өздеріңізді әрқашан сергек ұстауға кеңес беремін!

«Алматы жартылай марафонының» әр қатысушысы алқа алды. 21 км қашықтыққа жүгіруден абсолютті чемпиондар 1,5 миллион теңге көлемінде жүлде қорын өзара бөлісті.