Облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен жиында алдағы жылы Жолдауды жүзеге асыру үшін атқарылатын мақсат-міндеттер айқындалды.
Жолдауда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсетіні айтылғаны белгілі. Бұл күндері облысымызда «Жол картасы 2020-2025» жобасы жүзеге асуда. Жобаның мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты табыспен қамтамасыз ету.
– Бұл әртүрлі меншік иесіндегі барлық кәсіпорындарға, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне тікелей қатысты, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі экономика саласында отандық өндіріс көлемін арттырып, экспорттық үлесімізді ұлғайту міндеті тұрғанын атап өтті.
Мысалы, технологиялық қайта жарақтандыруға жергілікті өндіріс ошақтары 200,0 млрд теңге жұмсаған. Өткен жылы облыс экономикасына 484 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Индустрияландырудың екінші бес жылдығы аясында 19 жоба іске асырылып, нәтижесінде 3 мыңдай жұмыс орны ашылды. Биыл индустрияландыру картасы аясында тағы 8 жаңа жоба жүзеге асырылмақ.
Өңірде суармалы жерлердің көлемін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл бұл көрсеткіш 59 мың гектарға жеткізілмек. Ертіс өзені мен Сәтбаев су арнасы бойында 120 мың гектардан астам алқапта суармалы егістік шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Облысымыз үшін жаңа бағыт – оңтүстіктегідей қант қызылшасын өсіріп, өндіру басталмақшы. Қазіргі уақытта қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын салу мәселесі талқылануда. Өңірде агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдаланып, 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен жұмыс өнімділігін 2,5 есе арттыру жобасы да қолға алынуда.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Б.Бақауов осы мақсатта облысымызда тиісті «Жол картасы» әзірленіп жатқанын айтты.
Облыс әкімі тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырған болатын.
– Біз аталған бағдарламаға қатысуға ниетті бюджеттік сала мамандары үшін алғашқы жарналарын ішінара субсидиялауды қолға алмақпыз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 305 пәтер сатылып жатыр. Бүгінде бағдарлама бойынша 13 өтініш түсіп, оның 7-уі мақұлданған.
– Өкінішке қарай, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша өтініштер аз болды. Бұған пәтер сатып алуға қажетті алғашқы жарна көлемінің көптігі себеп болғандай, – деді Ұ.Жазылбек.
Ал облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова облыс бойынша салықтық борышы бар 12 мың кәсіпкердің 927 миллион теңге көлеміндегі қарызы амнистияланатынын айтты. Шағын және орта бизнес саласында соңғы екі жылда жалпы құны 14 млрд теңге болатын 280 жоба қаржыландырылған.
Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мейрам Бегентаев Елбасы тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелердегі оқыту бағдарламалары қайта қаралатынын жеткізді. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап облысымызда 1 және 8 сынып аралығындағы 74 мың оқушы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту үлгісімен білім алып жатқанын жеткізді.
Облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова ұстаздарға коммуналдық төлемдер жасауда жеңілдіктер ұсынылуы, бастапқы жарнасыз тұрғын үй алу, жеңілдікпен санаторийлерде дем алу құқығы берілуі қажет деген ұсынысын айтты. Ал Тереңкөл ауданының әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы саласында жерлерді тиімді пайдалану, суармалы егістік алқаптарының көлемін арттыру міндеті тұр.
Қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Павлодар электр желілерін тарату компаниясы» АҚ сияқты кәсіпорындардың кейбір қызметтерінің ақысы төмендетілуде. Өз сөзінде облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев облыстық орта білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасу бағытында жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.
Ал «Мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің вице-президенті Ермек Баймұханов өндірісті қолдау бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорында қазір технология, сандық жүйе қыр-сырын білетін білікті, білімді жастар еңбек етуде. Өйткені мұнай зауытында жұмыстар түгел автоматтандырылған.
Актив отырысы соңында өңір басшысы Болат Бақауов жиынға қатысушыларды Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы