31 Желтоқсан, 2011

Қолдау сенім арттырады

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық тауар өндірушілерді қолдауға екпін берген «Ақ жол» пар­тиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған ұйым мүшелері Тал­ды­қорған қаласындағы «Қайнар АКБ» зауытының жұмысшыларымен кездесті. Құрамында, сондай-ақ олим­пиада чемпионы Б.Сәрсекбаев, «Қаз­гранит» компаниясының президенті А.Әбілдаев, «Жас маман» жастар қоз­ғалысының көшбасшысы Е.Ілиясов, Алматы облысының кәсіпкер­ле­рі қауымдастығының төрағасы Н.Жазылбеков, партияның аймақтық активі бар «Ақ жол» партиясының рес­публикалық сайлауалды штабы­ның үгіт-насихат тобы Талдықорған қаласында бірқатар сайлауалды іс-шаралар өткізді.

Ал аймақ сайлаушыларымен кездесу өткен «Ай-Сер» қонақ үйінің за­лында ине шаншар орын болмады. А.Перуашев «Ақ жол» партиясының алға тартатын басты мәселелерін сөз етіп, елдегі баға өсімі, азаматтардың табысы, зейнетақымен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, тағы да басқа көптеген халықтың әлеуметтік жағдайларына байланысты сайлау­шылар сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, кеңесте кәсіпкерлер құқығының бұзылуы, сыбайлас жем­қор­лық пен сот шешімдерінің кейбір даулы мәселелері талқыланды. Азат Перуашев айтып өткендей, «еркін бизнес-климаттың қалыптасуы – пар­тияның сайлауалды тұғырна­ма­сы­ның маңызды бөлігі және осы ба­ғыттағы партияның басты міндеті – қордаланып қалған мәселелерді шешу және бизнеспен айналысу үшін қалыпты жағдай туғызу».

Бәсекелестік пікірталас болғанда ғана халықтың мүддесі қорғалады. «Ақ жол» партиясы оппозициялық партия болғанымен, дұрыс түсіністік орныққанын қалаймыз. Ақжол­дық­тар мемлекетке, Елбасына қарсы емес. Керісінше, тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан Мемлекет басшы­сы­ның ерен еңбегін бағалаймыз. Еліміздегі қол жеткізілген жетістіктерді білеміз. Дегенмен, әлі де қолға алатын түйінді мәселелер бар. Оған үлес қосуға дайын екендіктеріне екпін берді.

Кездесуде «Ақ жол» пар­тия­сы­ның белді мүшесі, журналист Қазы­бек Иса сөз сөйлеп, жер жәннаты Жетісу жұртшылығы алдағы өтетін сайлауда өздерін қолдайтын­дықтарына сенім білдірді.

Күмісжан БАЙЖАН.

ТАЛДЫҚОРҒАН.