Әлем • 15 Қазан, 2018

Джамаль Хашогги өлімі Америка назарында

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Араб журналисі Джамаль Хашоггидің жоғалуына байланысты батыстық кәсіпкерлер жыл сайынғы Future Investment Initiative экономикалық форумына қатысудан бас тартуда. Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры ұйымдастырып жатқан шарамен бірқатар Америка БАҚ-тары да серіктестікті үзген, деп хабарлайды Euronews

Джамаль Хашогги өлімі Америка назарында

Өз кезегінде Анкара Эр-Риядты серіктестікке шақыруда. Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу: «Сауд Арабиясымен бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сауд Арабиясы прокуратура қызметкерлері мен сарапшыларға мемлекет консулдығының аумағына кіруге мүмкіндік беруі керек. Журналист соңғы рет қайда көрінді? Консулдықта. Дегенмен, тергеу процесіне ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ», деді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясымен әскери келісімді жалғастырмақ ниетімен бөлісті. Жағдай өзгерсе, құны 110 миллиард доллар болатын тапсырыстар басқа мемлекеттерге бұйырмақ. Дональд Трамп «Мен Түркия мен Сауд Арабиясының басшыларынан жағдай туралы хабар алу үшін қоңырау шаламын», деп сөз берді.

АҚШ парламенті Сауд Арабиясы бұл оқиғаға байланысты Магнитский актына сәйкес адам құқықтарының бұзылуы бойынша жауап беруі тиіс дейді. АҚШ конгресінде Эр-Риядқа оқ-қару тасымалдау мәселесі талқыланды. Алайда, Америка президенті тасымалды тоқтатудың еш себебі жоғын айтты. Сарапшылар бұл шешім Америка конгресі мен ақ үйдің қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін дейді.

Джамаль Хашогги Сауд Арабиясының қазіргі саяси жағдайын сынаушы журналист ретінде таныс. Соңғы рет 2 қазан күні Ыстамбұл қаласындағы Сауд Арабиясының консулдығында көрінеді. Түрік полициясы журналист дипломатиялық ведомство ғимаратында өлтірілді деп күдіктенеді. Тергеу жұмыстары жалғасуда.