Мұндай жағдайда әуелі тұрғындар медицинаның көмегіне жүгінеді. Бүгінгідей медицина дамыған кезеңде түрлі ауруларды емдеуге, оны жазуға мүмкіндік бар. Алайда біреуге қонған ем, біреуге қонбай, өмірдің соңы өкінішпен аяқталып жататын жағдайлар да кездесіп жатады. Қазір аурудың түрі көп. Бұрын құлақ естіп, көз көрмеген дерттер қазір қаптап кетті. Бүгінде Жамбыл өңірінде жүрек қан-тамыр мен жүйке аурулары жиілеп кеткен. Жүрек пен жүйке негізінен адамның тіршілік кепілі болғандықтан, бұл дертті қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды. Аталған дерттің неден пайда болатынын әркім әртүрлі жорамалдайды. Пайда болуы мүмкін себептерін Жамбыл облыстық ауруханасы операция жасау бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков айтып берді.
«Көпшілік, әсіресе қазақ халқы, қазір тұзды тамақтарды көп пайдаланады. Ал әрбір адам қолданатын тұздың мөлшері бес грамм, қанттың мөлшері күніне он бес грамнан аспауы тиіс.
Газдалған сусын ішу де негізінен денсаулыққа зиян. Оның құрамында түрлі дәмдеуіштер мен қант бар. Олар көпшілікті қант диабетіне ұшыратады. Сонымен қатар темекі шегу, спирттік ішімдіктер де адам денсаулығына зиян тигізетін әрекеттердің бірі. Шылым шегу кезінде адамның қан тамырлары тарылады. Ал қан тамырлары тарылған адамның қан қысымы көтеріледі де гипертониялық ауруларға шалдығады. Гипертония жүрек ауруларына, инсультқа алып барады. Және шылым тарту өкпе обырына алып келуі мүмкін», дейді профессор.
Бұдан бөлек, әрбір науқас ауруханаға порталмен жоспарлы түрде түсу керек болғанымен, көпшілігі ауруы асқынған кезде келеді екен. Яғни, ауру асқынған кезде оны емдеудің мүмкіндігі төмендейтіні белгілі. Сонымен қатар науқасты аяқтан тұрғызу үшін бағасы жоғары көптеген дәрі-дәрмектерді пайдалануға тура келеді. Облыстық орталық ауруханада бұрын жедел операция жасау 40 процент болған болса, бүгіндері ол көрсеткіш 70 проценттен артып кеткен. Бұл көрсеткіштен де көп адамдардың өз денсаулығына салғырт, немқұрайлы қарайтынын байқауға болады.
Бүгінде өңірде жүрек қан-тамырлары ауруын операция арқылы емдейтін Жамбыл облыстық ауруханасы, Тараз қаласындағы профессор Сейтхан Жошыбаев басқаратын «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» және медицина ғылымдарының кандидаты Абуталып Аширов басқаратын «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы сияқты үш емдеу орталығы жұмыс істейді.
Жамбылдықтардан бөлек, ағымдағы жылы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» көмегіне Грузия мен Қырғыз елінің азаматтары да жүгінген еді. Бұл жердегі білікті мамандардың тәжірибесінің нәтижесінде, ол азаматтарға да сәтті операция жасалған болатын. Жыл сайын Таразға келіп, ем алатын азаматтардың қатары аз емес. Дей тұрғанмен, бір қиюы кеткен денсаулықтың қайтадан таза қалпына келуі үшін дәрігердің көмегімен қатар, уақыт та керек. Жүрек өте нәзік ағза екені белгілі. Әрі бұл тіршілік көзімен тікелей байланысты болғандықтан, жүрек ауруына шалдығудың қауіпті екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.
«Жүректе үш тамыр бар. Сол үш тамырдың біреуі тарылып, қызметінде ақау болып, жөнді істемей қалса да, жүректің бұлшықеттері өліеттенеді, яғни жүрек инфаркті болады», дейді Сағындық Ордабеков.
Жамбыл облыстық ауруханасында алғаш рет 1991 жылы көрші Қырғызстанда қызмет ететін профессор Сейтхан Жошыбаев туған жеріне іссапарға келіп, оның қатысуымен облыстық ауруханада жүрекке операция жасалған екен. Содан бері отыз жылға жуық уақыт бойы облыстық ауруханада кардиохирургиялық операциялар жасалып, облыс және көрші өңірлердің тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келеді.
Бүгінгі таңда облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімінде жылына 200-ден астам жүрек операциясы жасалады. Операция кезінде бір жасақта 4 маман қызмет атқарады. Өткен жылы мұнда жүрек қан-тамырлары ауруына шалдыққан 164 адамға кеудені ашып жасау әдісімен операция жасалса, 458 адамның жүрек тамырларына стенд, ал 17 адамға электрокардиостимулятор қойылған. Стенд жүректің тамырларын кеңейтіп, қан айналымын жақсартады екен. Бүгінде облыстық ауруханада 370 науқас адамға арналған орын бар. Оның ішінде 12 орын ақылы түрде жұмыс істейді. Мұнда өткен жылы 8440 адам келіп түскен болса, ағымдағы жылдың алты айында 4114 адам қабылданған. Оның ішінде 503 азамат күндізгі стационар бойынша ем алыпты. Сонымен қатар, биыл жүрек ауруы бойынша 227 адам қабылданған болса, оның ішінде 33 адамға кеудені ашып жасау әдісі бойынша операция жасалыпты. Өкініштісі сол, мұнда ем-домға келіп жатқан науқастардың басым көпшілігі қан-тамырлары дерті бойынша түседі екен.
Жыл сайын мемлекет қазынасынан адам денсаулығын сақтау, ауру түрлерін болдырмау мақсатында тиісті мол қаражат бөлінеді. Жүрек дертімен ауырған науқастар үшін ауруханада бүгінде «Кардиология», «Кардиохирургия» және «Кардиореанимация» сияқты үш бөлімше жұмыс істейді. Мұнда еңбек ететін Ибадат Әміреқұлова, Рауза Жұбандықова, Мұхамедияр Жайпанов сынды тәжірибелі мамандар келіп түскен азаматтардың өмірін сақтау үшін тынбай әрекет етуде. Сонымен қатар осыдан екі жыл бұрын ашылған «Нейроинсульт» бөлімшесіне ми тамырларының жарылуы, қысылуы салдарынан ауыр инсульт диагнозы бойынша науқастар арасында жастар да бар екен. Бұл да өкінішті жағдай болғанымен, бүгінде қалыпты жағдайға айналғандай. Көпшілік өкінішке қарай, әлі де өз денсаулығына өзі жауапты екенін ұға қойған жоқ. Ал облыстық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Сағи Бейсенбеков жүрек инфаркті мен инсульт сынды мұндай аурулардың өмірдегі әртүрлі жағдайлардан – денсаулығына жауапсыз қараудан, саламатты өмір салтын сақтамаудан және де басқа себептерден пайда болуы мүмкін екенін айтады.
Денсаулық – басты байлық. Жүрек – тіршілік белгісі. Адамның қай жері ауырса, жаны да сол жерде. Сондықтан да бірінші байлыққа баланған денсаулыққа дүниеде ешқандай байлық жетпейді. Осыны көпшілік есінде ұстаса жөн болар еді...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы