ОСК мәліметінше, Грузиядағы сайлауға байқаушы ретінде елімізден 9 адам ресми тіркелген. Олардың ішінде 3 бақылаушыны Грузия ОСК арнайы шақырған. Бақылаушылар қатарына ОСК-дан, Қазақстанның Бас прокуратурасынан, Жоғарғы соты мен «Нұр Отан» саяси партиясынан – 1 кандидатурадан, Сыртқы істер министрлігінен 2 кандидатура ұсынылған. Айта кетейік, ОСК 28 қазанда өтетін сайлауды бақылауға қатысу үшін жеті саяси партияға шақыру жіберген, бірақ тек «Нұр Отан» партиясы өз кандидатурасын ұсынған.
Ескере кететін жайт, Қазақстаннан шетелдерге жіберілетін байқаушылар тізімі ОСК қаулысымен бекітіледі.
Ұсынылғандар тізімі ресми бекітілгеннен кейін комиссия мүшесі Зәуреш Баймолдина бақылаушылар үшін арнайы тренинг өткізді. Тренинг кезінде олар сайлау науқанындағы негізгі құжаттармен, стандарттармен таныстырылды. Әсіресе сайлау процесінің және алдын ала шығарылатын сайлау нәтижелерінің ерекшеліктеріне аса көңіл бөлінді. Сонымен қатар шетелдегі бақылаушылар сайлау кезінде ұстануы тиіс ережелер таныстырылды.
Бүгінде еліміз сайлауды халықаралық деңгейде бақылау ісіне белсене атсалысып келеді. 2005-2018 жылдар көлемінде халықаралық бақылаушы ретінде елімізден шамамен 123 сайлау кампаниясының жұмысын бақылауға 1,9 мың өкіл жіберілген.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Егемен Қазақстан»