Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Грузиядағы президент сайлауына Қазақстаннан жіберілетін байқаушылар тізімі бекітілді

391 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Берік Имашевтың төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясында Грузиядағы президент сайлауына Қазақстаннан жіберілетін байқаушылар тізімін бекітуге қатысты отырыс өтті.

Грузиядағы президент сайлауына Қазақстаннан жіберілетін байқаушылар тізімі бекітілді

ОСК мәліметінше, Грузиядағы сай­лауға байқаушы ретінде елімізден 9 адам ресми тіркелген. Олардың ішінде 3 ба­қылаушыны Грузия ОСК арнайы шақыр­ған. Бақылаушылар қатарына ОСК-дан, Қа­зақ­станның Бас прокуратурасынан, Жоғар­ғы соты мен «Нұр Отан» саяси партиясы­нан – 1 кандидатурадан, Сыртқы істер минис­тр­лігінен 2 кандидатура ұсынылған. Айта кетейік, ОСК 28 қазанда өтетін сайлауды бақылауға қатысу үшін жеті саяси партияға шақыру жіберген, бірақ тек «Нұр Отан» партиясы өз кандидатурасын ұсынған.

Ескере кететін жайт,  Қазақстаннан шетелдерге жіберілетін байқаушылар тізімі ОСК қаулысымен бекітіледі.

Ұсынылғандар тізімі ресми бекітілгеннен кейін комиссия мүшесі Зәуреш Баймолдина бақылаушылар үшін арнайы тренинг өткізді. Тренинг кезінде олар сайлау науқанындағы негізгі құжаттармен, стандарттармен таныстырылды. Әсіресе сайлау процесінің және алдын ала шығарылатын сайлау нәтижелерінің ерекшеліктеріне аса кө­ңіл бөлінді. Сонымен қатар шетелдегі бақы­лау­шы­лар сайлау кезінде ұстануы тиіс ережелер таныстырылды.

Бүгінде еліміз сайлауды халықаралық дең­гейде бақылау ісіне белсене атсалысып келеді. 2005-2018 жылдар көлемінде халық­аралық бақылаушы ретінде елімізден шамамен 123 сайлау кампаниясының жұмысын бақылауға 1,9 мың өкіл жіберілген.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»