«SAT & Company» АҚ бас мекемесі Алматы қаласына орналасқан. Ол негізінен мұнай өнімдерінің көтерме саудасымен, мұнай-химия өнеркәсібімен, металл өңдеумен, әуе тасымалымен, экономиканың ең жедел дамитын салаларына инвестиция тартумен, мұнай-газ машиналарын құрастырумен шұғылданады.
Ел экономикасының сан саласын қамтыған аталмыш компания Жамбыл облысының орталығынан Тараз металлургия зауытын ашқалы да біраз жыл болып қалды. Атап айтсақ, 2006 жылы Елбасының тапсырмасымен бұрынғы «Химпром-2030» ЖШС «Тараз металлургия зауыты» болып қайта құрылды. Зауыт ә дегеннен-ақ ферроқорытпалар өндірісін жаңғырту және кеңейту жобасын қолға алып, тәмамдады. Бүгінде зауыттың екінші тынысы ашылып, алға қарай басқан адымы қарыштай түсті. Оның ферросиликомарганец, электрод массасы, жөндеу массасына деген өнімдеріне сұраныстар да көп. Ферробалқыма үшін негізгі шикізат болып табылатын марганец шикізаты Батыс Қамыс, Түйебай-Сыртсу, Айткөкше кен орындарынан тасымалданады.
Уақыт талабы – өндірісті модернизациялау. Ол шикізатты жан-жақты өңдеп, экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ресейлік және еуропалық кәсіпорындар тарапынан зауыттың өнімдерін сатып алуға нақты тапсырыстар мол. Тапсырысты тап-тұйнақтай орындау үшін әлеуеті де зор. Мысалы, кәсіпорын жылына 100 мың тонна ферросиликомарганец өндіре алады. Енді өндірістік бағдарлама бойынша жылына 65 мың тонна ферросиликомарганец шығару жоспарланып отыр.
Зауытты одан әрі дамыту үшін айына 21 мың тонна марганец концентратын жеткізіп тұру қажет. Бұл өндіріс орнының жаңаруына және бірқатар марганец кеніштерінің өркендеуіне септігін тигізбек. Сонымен қатар, «SAT & Company» АҚ Тараз филиалының іске қосылуы Қарағанды, Павлодар және Тараз қалаларының бірқатар кәсіпорындарын тапсырыстармен қамтамасыз ететін болады.
Тараз металлургия зауытын жаңғыртуға 11,6 миллиард теңге жұмсалды. Бұл жобаға қолдау көрсеткен – «Қазақстан Даму банкі» АҚ. Соның арқасында зауытқа Ресей, Украина және отандық жаңа құрылғылар орнатылып, ферроқорытпаларды өндеудің жаңа технологиялары енгізілді. Зауыттың қанат жайып, дамуының арқасында, жұмысшыларының саны бүгінде 1700-ке жетті. Сондай-ақ, болашақта табыстың белгілі бір бөлігі білікті мамандарды дайындауға жұмсалмақшы.
Қоршаған орта мен ауаны зиянды қоспалармен ластамау үшін зауытта құны 200 миллион теңге болатын газ тазалағыш құрылғы салу жоспарланған. Бұл жоба зиянды қоспалардағы қатты қалдықтардың, яғни органикалық емес шаң, марганец оксидтері, алюминий оксидтерін 97% тазартады. Аталған құрылғы ауаға кететін неорганикалық шаң қалдықтарын жылына – 257,52, марганец оксидін жылына – 15, 84, алюминий оксидін жылына 14, 48 тоннаға кемітуге мүмкіндік береді.
Шынын айту керек, өнеркәсіптің өркендеп, кәсіпорындардың қарыштап дамуының «әттеген-ай» дегізетін жағы да бар. Ол – Тараз қаласы аумағындағы ауыр экологиялық ахуал. Бірақ Тараз металлургия зауытының аталған жобасы экологияның нашарлығынан пайда болатын аурулар санын азайта түспек.
Зауыт жұмысшылары таяуда кезекті ферроқоспалар пешінің іске қосылғанына қуанышпен еске алады. Өйткені, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген бұл жоба осы мекемеге 11,5 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы олардың әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсуге мүмкіндік беріп отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.