Аударма • 17 Қазан, 2018

Эфиопиядағы үлкен өзгеріс

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мектеп табалдырығын аттайтын алғашқы күні 7 жастағы Абий Ахмедтің құлағына анасы сыбырлаған-тұғын. Сол кезде анасы «Сен ерекшесің, ұлым! Осы қадамың сені сарайға апарады. Мектепте жүргенде есіңде болсын. Сен бір күні халыққа қызмет ететін тұлғаға айналасың», деген болатын. 

Эфиопиядағы үлкен өзгеріс

Сомини СЕНГУПТА, «Нью-Йорк Таймс» – Лос-Анджелес

Эфиопияның шағын ауы­лындағы электр жарығы жоқ үй­де өскен баланы анасы басынан сүйіп, мектепке баратын жолға салып жіберді. Ананың өсиеті шындыққа айналды. 

42 жастағы Абий мырза қа­зіргі таңда ел премьер-министрі қызметін атқарады. Сондай-ақ ол Африкадағы ең танымал тұлғаға айналды. А.Ахмед елін түбегейлі өзгертуді қалайтынын мәлімдеп үлгерді. 

Наурызда жаңа қызметке кіріс­кен ол Эфиопияның жиыр­ма жылға жуық дұшпанына ай­налған, көрші мемлекет Эри­треямен мәмілеге келді. Бұдан бөлек, ол қатаң мемлекеттік бас­қарудағы экономиканы же­ңілдетіп, өзгеше ойлайтындарды соттаумен танылған елде көппартиялы сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ билікті қатты сынға алып, түрлі толқулар ұйымдастыратын­дарды – шетелдегі Эфиопия диаспораларын құрметтей бастады. Бұған дейін заңмен қудаланған оппозициялық топтың басшылары 15 қыркүйекте ел астанасына қайта оралды. 

Алға қойылған міндет көп. Эфиопия – Африкадағы халқы көп екінші мемлекет. Онда 100 миллион адам тұрады. Сондай-ақ құрлықтағы сыртқы күштер әсер етуге талпынатын өңірдің бір бөлігі. 

Сондықтан шешімін таппаған мәселе көп: миллиондаған наразы жастар, кедейшілік, Эфиопиядағы бәсекелес этностық топтардың табиғи ресурстар үшін қанды қақтығысы, билікті жамандайтын жалақорлардың сырттан да, іштен де шығуы. Олар өзгеріске ырза емес. 

Абий мырзаның бастамалары Эфиопияға үлкен өзгеріс әкеледі. Бұрын Қытай билігіне ұқсас модельге арқа сүйеген Эфиопия мем­лекеттік басқарудағы эко­номикалық өсім мен саяси пікір алуандығына қарсы болып келген. 

Бірақ Абий ел тұрғындарының басым бөлігі жастар екенін жақсы біледі. Қазіргі таңда орташа жас 18-ді құрайды. Тұрғындар эко­но­микалық және саяси еркіндікті аңсайды. 

«Есікті тарс жабу – қате шешім», деді ол «Нью-Йорк Таймсқа» берген сұхбатында. А.Ахмед Лос-Анджелесте АҚШ-та тұратын эфиопиялықтармен кездесуде де осыны айтты. 

Әзірге Абийдің уәделері толық орындалған жоқ. Ол әлі азаматтық қоғамға салынған тыйымды алып тастауы керек. Оның үстіне, басқарушы топ пен олардың әріптестері бүкіл институттардағы билікті алма-кезек ауыстырған, парламенттегі бүкіл орынға ие елде Абий мырза уәде еткен көппартиялы сайлау қалай жүргізілетіні әзірге белгісіз. 

Калифорниялық демократ Карен Басс тамыздың соңына таман А.Ахмедпен кездескенде оның өзгерістерін құптайтынын жеткізіп, бірақ бірқатар қауіптің бар екенін ескертті. 

«Оның бастамалары керемет. Бірақ күнделікті тұрмыс өзгермесе, адамдар шыдамсыздана бастайды», дейді К.Басс. 
Демократиялық ұстанымдағы жаңа басшының елін қаншалықты көркейтерін уақыт көрсетеді.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»