Тарих • 17 Қазан, 2018

Амангелді батырдың туы қандай болған?

373 реткөрсетілді

Өлкетанушы Шөптібай Бәй­діл­дин 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілісінің негізгі басшы­лары Амангелді, Кейкі батыр­лар, Әбдіғапар туралы біраз еңбектеніп, зерттеу жүр­гізген. Өзі Торғай өңірі­нің тумасы болғандықтан ол осы аймақтағы ұлт-азат­тық көтерілісі және оған қаты­сушылар, негізгі кейіпкер­лер туралы көзкөргендер­мен кездесіп, олардың мәлі­мет­терін, көрген оқиғаларын қағазға түсіріп, жазып алып отырған. Шөкең көптен бері 1916 жылы Амангелдінің сарбаздары көтеріп шыққан туы туралы айтып келеді. 

– Бала кезімде әкем Бәйділдә, әжем Нағипа, Сейітқасым көкем біздің төрелер әулетінде ту болғанын, оны 1932 жылы аштықта елден ауар кезде Жыланшық бойындағы Әден төре деген жердегі Кенжебай деген әкеміздің үйіндегі терезе көсігі астына құрым киізге орап тыққанын айтып отыратын. Сол туды жасырған Сейітқасым Жамбылұлы Амангелді сарбаздарының бірі болған. Ол ашаршылықта Жезқазған асып, сонау Тәжікстанға дейін барып, Торғайға 40-жылдары ғана оралған. Сол кісі 1982 жылы 86 жасында қайтыс болады. 1965 жылы жасырған жерден тудың жұрнағын тапқан да сол кісі. Туды тапқанда оның қасында Амангелді батырдың жеке көмекшісі, соғыс комиссары болған Сұлтан Бектасов, Бәйділдә Омаров, Саржан Мұқанұлы, Байзақ Бәйділдин деген кісілер болған, – дейді Шөптібай аға. 

Ту қандай болған еді? Амангелді аудандық музейіндегі Амангелді батыр көтерді деген тудың түсі қызыл, арабша жазуы бар. Шөптібай ағайдың айтуынша, ол мына өзі айтып отырған туға ұқсамайды. Тудың жұрнағы табылғаннан кейін оюшы, суретшілігі бар Шөкең уақытысында көрген Сұлтан Бектасов, Сейітқасым Жамбылұлы деген кісілердің айтуы­мен оның суретін салып шығады. 

– Амангелдінің мыңбасы болған Атамбектің Ыбырайы деген кісі бірде үйге келіп, тудың қағазға салынған суретін көрген соң: «Туды айнытпай салыпсың, қарағым! Ту осындай болатын» деп қуанған еді. Көзкөргендердің маған сипаттауынша, тудың түсі жалпы ақ болғанымен, ол боз, көкшіл тәрізденіп, құбылып тұратын мата екен. Ту төмен салбырап тұрған, бетінде үш бөлек, үш тұмарша болған. Әр тұмаршаның жиегіне Құран аяты жазылған құстың сүйегі бекітілген. Ал тудың жиегіне жағалай су сиырдың (теңіз хайуаны) қылынан шашақ жасап ілінген. Тудың ұшар басында көлемі шай кеседей күмбез бейнелі алтын әшекейі болған. Ашаршылықта оны сатып жіберсе керек, – дейді өлкетанушы.

Айтпақшы, туды тапқанда оның матасы ұстауға келмей үгітіліп кетеді, тек тұмарға байланған құс сүйегі, су сиырдың қылы ғана қалады. Тудан қалған осы жұрнақтарды көзі ашық Сұлтан Бектасов поштамен Целиноград облыстық музейіне жіберсе керек. Бірақ кейін іздегенде өлкетанушы Шөптібай музейден таппайды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар

Ұлылар үндескен күн

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Футзал: Бүгін жеребе тартылады

Футбол • 18 Қазан, 2019

Күлкі керуені №4

Руханият • 18 Қазан, 2019

Қазақстанда 200 теңгелік тиын шығады

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Мақсат Мәлік

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Есболат Айдабосын

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нәзира Жәрімбет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Алмаз Мырзахмет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар