Өнер • 17 Қазан, 2018

Суретшілер симпозиумы

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жайық жағасына жеті мемлекеттің суретшілері жиналды. «Сұлулық әлемді құтқарады» тақырыбымен өткен халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушылар өздерінің ең керемет суреттерін сыйға ала келді. Ал Атыраудың көрікті жерлерін аралағаннан кейін салған туындыларын естелікке қалдырды. Қалалық әкімдіктің қолдауымен «BatikKami» мәдени қоры ұйымдастырған шара осындай ерекшеліктерімен есте қалды. 

Суретшілер симпозиумы

– Симпозиумға Қазақстан мен Түркия, Қытай, Иран, Әзер­байжан, Ресей, Өзбекстан елде­рінен келген белгілі суретшілер қатысты, – дейді жоба авторы, Мә­­дениет қайраткері Камила Жапалова. – Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік университетінде дөңгелек үстел басына жиналған қонақтар бейнелеу өнерінің бүгінгі ахуалы жай­лы ойларымен бөлісіп, жас су­ретшілермен кездесті. Отыз­дан астам суретші универси­тет сту­денттеріне шеберлік сыныптарын өткізді, бұл жас дарындардың шың­­далуларына септігін тигізері анық.

Суретшілер кездесуінде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта қолға алынып жатқан жобалар туралы баян­дады. Мәдени серіктестікті да­мы­туға бағытталған осындай ша­ралар жүйелі түрде ұйым­дастырылатынын айтты. Қазақ­стан және Қырғызстан Респуб­ликаларының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов тек композитор ғана емес, суретші ретінде де белгілі. Симпозиум жұмысына белсенді қатысқан өнер қайраткері жалпы өңірде мәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Шара аясында Атырау қалалық әкімдігі мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы және Кипр қазір­гі заманғы музейі арасында ынты­мақтастық меморандумына қол қойылды. 

Кипр Таяу Шығыс универ­ситетінің деканы, дизайнер Ер­дал Айгенч: «Келер жылдың көк­темінде осындай симпозиумды Кипрде өткіземіз. Қазақстандық суретшілермен бірге жаңа жобаларды қолға алмақ ниеттеміз», дейді. Атырауда жоғары дәре­жеде өткен ауқымды шара енді басқа елдерде жалғасын табады. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ