Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Қарағандыда тәртіп сақшылары мен құтқарушылар 850 млн теңгенің жаңа техникасына ие болды

49 реткөрсетілді

Қарағандыда ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттеріне  қызметтік арнайы көліктердің кілттері тапсырылды. Жаңа техника түрлерін  сатып алуға облыстық бюджеттен 850 млн теңге қаржы жұмсалған.

Аталған қызметтердің басшыларына кілттерді салтанатты тапсыру  кезінде облыс әкімі Ерлан Қошанов Президенттің халыққа Жолдауында полицейлердің басты міндеті тұрғындардың сеніміне ие болу екендігін айтқанын еске салып, тәртіп сақшылары мен құтқарушыларға нәтижелі жұмыс тіледі.

– Жыл сайын облыстың ішкі істер департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілуіне облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді. Өткен жылы біз полицейлерге 150 қызметтік көліктің кілтін табыс етсек, биыл тәртіп сақшылары тағы 127 бірлік көлікке, ал құтқарушыларымыз 10 бірлік арнайы техникаға ие болды, – деді Е.Қошанов.

Жаңа көліктерді жол полицейлері, өңірлердегі тәртіп сақшылары мен учаскелік полиция қызметкерлері пайдаланатын болады.

– Бұл біздің қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыстарды ізін суытпай ашу барысында жеделділігімізді арттыратын болады, – деді облыстық ІІД бастығы Мергенбай Жаппаров. – Жыл сайын біз ескі техниканы шығысқа шығарамыз. Биыл қырыққа тарта автокөлік қолданыстан шығарылады. Әлі де болса автомобиль паркінің жаңартылуына мұқтажбыз. Бұл тұрғыда облыс басшылығы бізге айтарлықтай көмек көрсетіп келеді.

Облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтің айтуынша, соңғы екі жылда ведомствоның материалдық-техникалық жабдықталуы айтарлықтай жақсарып, көлік құралдарының 20 проценттейі жаңартылған. Ал биыл құтқарушыларға арналған арнайы техниканы сатып алуға 206,2 млн теңге жұмсалыпты.

– Басқа облыстармен салыстырғанда, жол талғамайтын көліктер санының ең көбі бізде. Олар көктемгі су тасқыны мен қар басып қалған кездерде далада іздестіру-құтқару операцияларын іске асыру үшін қажет. Осыған дейін қалың қар мен ми батпақта жүретін үш көлік болған, енді тағы біреуі сатып алынды, – дейді ТЖД бастығы. 

Құтқарушылар ие болған тағы бір жаңа техника – Беларусь елінде шығарылған 32 метрлік автобүгілмелі арнайы көтергіш. Ол өрт сөндірушілерге бес минут ішінде тоғыз қабатты үйдің төбесіне шығуға мүмкіндік береді. Мұндай арнайы техника зәулім үйлері бар ірі қалаларға ауадай қажет.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар