31 Желтоқсан, 2011

Жүрекпен қабылдап, көңілмен іс істейік

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өтіп бара жатқан жылдың тәлімі де, тағы­лымы да көп болды. Ең бастысы, Тәуелсіз­дігі­міздің 20 жылдық белесін қорытындыладық.  Салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының барлығын жүйелеп айтып бергенде,  мейірім қанып тың­даған едім. Мен Торғайда, Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың ту­ған жері – сонау Ақкөлде   туып-өс­кен жанмын. Тәу­елсіздіктен бұрнағы жыл­дары данышпан Ахаңның туған жерінен түлеп ұшқан балаларымыз  көңілі қа­ла­ған мамандығын ала ала ма, өмірдегі орнын таба ала ма деген ой мазалай бастайтын уақыт­қа жеткен едік. Өйткені,  қазақ тілі есіктен қарап қалды да, бар жерде орыс тілінің ғана асығы алшысынан тұрды. Тәуелсіздік келіп, ана тіліміздің болашағы, көкжиегі ашыл­ды. Осы жиырма жыл ішінде  Ақкөлден ұшқан түлектер  өзінің ана тілінде оқып білім алып, түрлі мамандықтарды игерді. Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев мерекедегі сөзінде: «1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттер саны 32 пайыз болса, ол көрсеткіш бүгінде 85 пайыздан асты» деді. Республика бойын­ша мыңнан аса мектеп салынғанын да Президенттің өз аузынан естідік сол күні. Нұрекең дұрыс айтады. Біздің облыс ор­та­лығынан он сағат жүріп баратын Ақ­көл­де қазір балалар екі қабатты мектеп ғи­маратында оқиды. Іші заңғырап тұр, қыс­тың  қандай аязы мен боранында жып-жылы. Торғайлық балалар компьютерді асықтай үйіреді. Елбасының: «Әрине, тіл мәселесі – уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді» деген сөзі де көңілге тоқ. Мемлекеттік тілдің болашағына ешқандай  шүбә келтірмеймін.

Қай кездегідей, Елбасы  мерекедегі сөзінде де елдің тыныштығы бірінші байлығымыз екенін еске салып өткен. Аталарымыз: «ағайын  тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген екен. Міне, кішкентай ауыл, бір әулеттің береке-бірлігін ойлаған аталарымыз қалай дәл айтқан. Осы дуалы сөз бүкіл қазаққа қатысты емес пе? Ал тұтас елдің жүгін арқа­лаған Елбасы ынтымағы жарасқан Қазақстан ғана алға жылжитынын айтумен келеді. Шү­кір­шілік,  Қазақстан халықтарының татулы­ғын, ынтымақ-бірлігін өзге елдерге үлгі етіп көрсетіп келеміз. Президентіміз дінаралық татулық  үшін де көп жұмыс істеді.

Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаз жұмыстарын тек өзіміз ғана емес, қазір түгел әлем біліп отыр. Бірақ оны айта бергеннен гөрі оның бастамалары мен идеяларының жүзеге асуы үшін әр қазақстандық қолдан келгенше жұмыс істеуі керек. Біз, еңбек ардагерлері  елдің тыныштығы, молшылық арқасында, балалардың қызығын көріп үйде отырмыз. Зейнеткер адамдардың қолынан не келеді? Көп нәрсе келеді дер едім. Біздің міндетіміз де, парызымыз да сол – балалардың тәрбиесін нықтауымыз керек. «Ата көрген оқ жонар, ана  көрген тон пішер» деген, тәрбие көрген ұрпақ қана  ертең Отанының, елінің, халқының қамын ойлайтын азамат болады.

Алдағы 2012 жыл баршамыз үшін табысты, берекелі жыл болсын! Тәуелсіздігіміз баянды бола берсін!

Ибрагим АҒЫТАЙ, еңбек ардагері.

ҚОСТАНАЙ.