Ішкі саяси тұрақтылық – орнықты даму кепілі
Халқымыз Елбасы айқындаған ортақ мүдде жолында ауызбіршілік танытпаса, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ дамыған 30 елдің қатарына кіру міндеті жүзеге аспайтынына ешкім күмән келтірмейді.
Елдің әлемдік элитаға кіруінің негізгі шарттары этно-конфессиялық төзімділік, ішкі саяси тұрақтылық және дамыған азаматтық қоғам болып табылады.
Ел тәуелсіздігінің 27 жылында қол жеткізілген табыстарымыздың барлығы – көп этносты еліміздің ынтымағының, қоғамдық келісімнің, Президентіміз алға қойған стратегиялық міндеттерді барша қазақстандықтар жұмыла еңсеруінің нәтижесі.
Әлемдік қоғамдастық азаматтық қоғамның тиімді үлгісі ретінде таныған еліміздегі саяси тұрақтылық пен этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі негізінде «Әралуандықтан біртектілікке» қағидаты бекітілді. Бұл принцип өмірдің барлық саласында қолданылады: әлемдік саясатта (көп векторлық), экономикада (жаңа технологияларды пайдалану және экспортқа бағдарланған индустрияландыру), әлеуметтік және ішкі саясатта (халықтың кірістерінің өсуі және өмір сүру сапасын қоғамдық келісім және төзімділік қағидаттарымен жақсарту).
Бағзы замандардан бері толеранттылық пен этносаралық татулық Ұлы Даланың негізгі қағидасы болып табылатындығын атап өту керек. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық қалаларда түрлі діни ғимараттар – мешіттер, шіркеулер, храмдар, синагогалар, буддистердің ғибадатханалары салынды. Тек олардың биіктіктері мешіттен аспауы керек болған.
Қазақстанның стратегиялық жетістіктерінің бастауында Елбасының әріден ойлай білер көрегендігі, кең ауқымды саясаты және жасампаз жоспарлары мен халықты ортақ мүддеге жұмылдыра білген маңызды бастамалары тұр.
Бүгінде Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елдерінің қатарына жылжыту басты мақсатымыз. Осы орайда алдымызға елдегі тұрақтылықты, азаматтардың барлық конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, қоғам мен мемлекетті басқарудың ең тиімді жүйесін іске асыра алатын қазіргі заманғы демократиялық басқару формасына көшу міндеті қойылып отыр. Бұл міндетті іске асыру мақсатында елімізде корпоративтік басқарудың, өнімділіктің, ашықтықтың және есептіліктің қағидаттарын негізге алған сапалы жаңа модель құрылуда.
Біздің отандастарымыз мемлекеттік биліктің тиімділігін көрсеткіштер мен есептерге емес, шынайы өмір сүру сапасына және өз табыстарының өсуіне қарай бағалайды.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы біздің барлығымыз үшін жаңа қазақстандық шындықты қалыптастыруға бағытталған.
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік, қоғамдық және іскерлік құрылымдардың әлеуметтік әріптестігі, аймақтың әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін шешуге қатысуы жоспарлы және мақсатты жұмыс болып табылады.
Бұл жұмыстардың нәтижесі аймақ тұрғындарының әлеуметтік өркендеуі мен экономикалық өсуінің нақты көрсеткіштерінен көрінеді.
Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуы және Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру шаралары облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсті.
Аймақтағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, шағын және орта бизнес саласының жетістіктері өндірістің өсуін көрсетеді. Олар жұмыс орындарының көбеюіне оң әсерін тигізіп отыр. Мысал ретінде бірнеше көрсеткіштерді келтіре кетейін.
Облыста жыл сайын 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. 180 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тиімді жұмыс істейді, жеңілдікті микрокредит беру аясында 2,7 млрд теңге бөлінген, ауыл шаруашылығы саласының аймақтың экономикалық қозғаушы күшіне айналатынына сенім мол. Туристік әлеует тиімді іске асырылуда – осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Түркістан қаласына келген туристерден облыстық экономикаға 3,73 млрд теңге түскен.
Аймақтық шкала бойынша жүргізілген социологиялық сауалнамалардың нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің 90%-ы өздерінің тұрмыс жағдайына қанағаттанған және аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты және гүлденген деп бағалаған. Сондай-ақ респонденттердің 96,7%-ы елдегі әртүрлі этностық топтар арасындағы қарым-қатынастағы ахуалды қауіпсіз және тыныш деп бағалаған. Бұл Елбасының айтқан сөздеріне сәйкес, еліміздің экономикалық әл-ауқаты Қазақстан халқының бірлігіне негізделгенін білдіреді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, сондай-ақ Жолдаудың мазмұны біздің бәрімізді – қоғамдық және мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін өзара қарым-қатынастар, қазақстандық мемлекеттіліктің болашағы үшін серіктестік, жеке бастамалар мен жауапкершілік жүйесіне сапалы өзгерістер жасауға шақырады.
Владимир ЖАРИНОВ,
облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласының ахуалдық мониторингі және талдау бөлімінің басшысы
Түркістан облысы
***
Туризм – экономикаға серпін қосатын сала
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-әуқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елдігімізге сын болатын ауқымды істер байыппен бағамдалды. Қоғам болып жүйелі жүзеге асыра білсек, бұл ұлан-ғайыр Жолдау тармақтары – әлем өрісті цифрлы технологияға нық қадам басқан бүгінгі дәуірде дамудың көкейкесті шешім түйіндері табылуға тиісті арналардың жолын ашатын маңызды құжат.
Өзгесін айтпағанда, әлем өркениетінің тәжірибелеріне сүйенсек, Елбасының ел экономикасын табысты арнаға бұруда туризмді дамыту саласына айрықша назар аударуы тегін емес. Рухани жаңғыруымыз бүгінгі және келер ұрпақтың кемел болашағы үшін керек. Осы тұста Президент Жолдауда мектеп туризмі туралы «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек», деп атап көрсетті.
Байтақ еліміздің өңірлерінде қаншама танымдық тарихи-шежірелі маңызды мәдени объекті, мұражай, қорық, демалып саяхаттайтын суы шипалы, айналасы көк желекті өзен-көл. Иә, еліміз тарихы терең мекендерге өте бай. Қазақтың байтақ даласы жерасты байлығымен ғана емес, шежіреге толы мазарларымен, тарихи көне жәдігерлерімен де құнды. Өзгесін айтпағанның өзінде мәдениетіміздің мәйегі Семей өңіріндегі, яғни Абай ауданындағы тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық Жидебай қорығының өзі ішкі туризм үшін маңызды нысан. Ондағы классикалық әдебиетіміздің алтын діңгектері – Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің мұражайлары, Сарыкөл, Қоңыр әулие үңгірлері, Еңлік-Кебек ескерткіші сияқты кешендер, еліміздің өзге өңірлеріндегі тарихи ескерткіштер мен мұражайларды тамашалауға білім ұйымдары көшпелі ақылы туризмдер ұйымдастыруы керек. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей өзіңді сыйлау дегенді бұл арада – өзіңді ғана емес, еліңді, жұртыңды, мәдениетіңді танып-білу, рухани биік болу деген кеңейтілген мағынада да қолдануға болады. Ол үшін туған жердің дастан-тарихын оқы, біл, үйрен, ұлылар еліне, қасиетті жерлерге барып табан тіреп, тәу етіп саяхатта. 1899 жылы «Русский турист» журналында арнайы мектеп туризміне арналған жеке айдар пайда болған. Сол айдарда апта сайын қай мектеп оқушылары қандай елді мекендерде болғаны туралы қызықты мақалалар жарияланып отырған. Осы арқылы басқа мектеп оқушыларының дәл сол жерге баруына себеп болған екен. Қазіргі цифрлы дәуірде фейсбук, инстаграм желілері арқылы дәл осы мектеп туризмін ел ішінде маңызды үрдіске айналдыруға болады. Мектеп оқушылары арасындағы эссе, шығармалар байқауы республика көлемінде аталып өтсе.
Болашақта Қазақстандағы туризм өңірлік қана емес, жаһандық та сипат алуы керек. Ол үшін, яғни еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи орындарымыз, шипалы өзен-көлдеріміз, жер жаннаты Көкшетаудағы ғажайып мекен Бурабай, шипалы Алакөл және т.б. мекендерді инновациялық және мәдени орталық ретінде дамытып қалыптастыруды қамтамасыз ете білсек, мемлекеттік бюджет айтарлықтай толығып, әлеуметтің әл-ауқаты көтерілер еді. «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет», деп Елбасы Жолдауында айтылғандай, туризмнің барлық түрін Қазақстанда дамытуға болады. Ал түбегейлі мақсат – цифрлы туризмді дамыту болуы керек.
Саябек ЗИЯДИН,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономикалық зерттеу орталығының директоры
***
Баршамызға жігер берген Жолдау
Елбасының Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды.
Мемлекет басшысы бүгінде халық саны 18 млн-нан асып, өмір сүру ұзақтығының 72,5 жасқа жеткенін, алғаш тәуелсіздік алған жылдары халық саны 14 млн болғанын атап айтты. Бұл, әрине, елдегі саяси, экономикалық-әлеуметтік жағдайдың дұрыс қалыптасқанының бір көрсеткіші екені белгілі.
Жолдауда Елбасы қоғамның әр саласына қатысты арнайы тоқталып, нақты міндеттерді атады. Соның ішінде мені медицина қызметкері ретінде денсаулық сақтау саласында нақтыланған тапсырмалар ерекше қызықтырды. Мемлекет басшысы бастапқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру мәселесіне тоқталғаны, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруді тапсырғаны өзім басқаратын ұжым мүшелерін қуанышқа бөледі. Осы мақсатта келесі жылы бюджеттен 5 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды. Бұл бір жағынан емханаларға үлкен сенім артып, жауапкершілік жүктейді.
Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы бәрімізге айрықша жігер берді.
Гүлстан МАҚСҰТОВА,
Қызылорда қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері
***
Ең басты құндылық – адам тағдыры
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл Жолдауы бұрынғыларынан шын мәнінде өзгерек болды. Өнер адамы ғана емес, Қазақстанның бір азаматы ретінде тыңдап отырып тамсандым, шын мәнінде риза болдым. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам тағдыры мен оның кемел келешегіне қатысты бірқатар сүбелі жобалар мен бастамалар қолға алынатын болды. Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекітуінің өзі ұлтының кемел келешегіне сенген дана басшының көрегендігі деп білемін. Одан кейін, әрине, мұғалімдердің мәртебесіне қатысты алдағы уақытта қабылданатын заң да өмірін еліміздің келешегін тәрбиелеуге арнаған ұлағатты жандарға кәсіби мерекесі қарсаңында теңдессіз сый болды ғой деп ойлаймын. Кез келген адамның бұл өмірде ғұмыр бойы қарыз болып өтетін екі адамы бар. Оның бірі – ата-анасы болса, екіншісі – осы ұстазы. Менің әкем де, анам да бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздар. Мен ұстаздық жұмыстың ауыртпалығы мен жауапкершілігін жақсы біліп, жаныммен түсінемін. Әкемнің маңдай тері мен адал еңбегі, анамның әр күрсінісі маған осыны ұғындырып, ұстаздардың қадіріне жетуге үйретті. Сондықтан да ұлағатты жандарға көрсетіліп жатқан бұл мәртебе шын мәнінде дер шағында қабылданған өте дұрыс шешімдердің бірі деп санаймын.
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі
***
Экспортты ұлғайтайық
Елбасының биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына аса көңіл бөлінгені белгілі. Сонымен қатар басты құжатта көрсетілген бағыттардың қайсысын алып қарасаңыз да халық үшін өте маңызды.
Мемлекет басшысы Жолдаудың бесінші бағытында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді тапсырды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың тиімсіз бағыттары қысқартылып, заманауи агротехнологиялар қолдануға басымдық берілетіні айтылды. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің бәсекеге қабілетті және сапалы өнім өндіруіне, сондай-ақ өнімін экспортқа шығаруына зор мүмкіндік береді.
Ал енді өзімнің шаруа қожалығыма келетін болсам, жоғарыда аталған қолдаулардың арқасында қант қызылшасы дақылының көлемін 2 есеге арттырдық. Өндірген 700 тонна көкөніс өнімдері Жамбыл облысымен қатар Астана, Алматы қалаларына өткізілді. Сонымен қатар сүт фермасындағы 200 бас асыл тұқымды сауын сиырдың өнімдерін сүт өңдеуші кәсіпорындарға өткізіп жатырмыз.
Жолдауда айтылғандай, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді қолдай отырып, мүдделі кәсіпорындар төңірегінде шаруашылықтарды ұйымдастырып, ет экспорты көлемін арттыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл жұмыстар еңбек өнімділігінің өсуіне де өз септігін тигізеді.
Жолдаудағы аграрлық саланы дамытуға бағытталған бастамаларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер атынан қолдайтынымызды білдіргім келеді. Елбасы Жолдауында атап өткен міндеттерді толық жүзеге асыруға барынша атсалысатын боламыз.
Саха МАНАТОВ,
«Саха» шаруа қожалығының жетекшісі
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы