Парламент • 18 Қазан, 2018

Сенат депутаттары Қыздар университетінің ұжымымен кездесті

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева мен Төлеубек Мұқашев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары мен студенттерімен кездесті.

Сенат депутаттары Қыздар университетінің ұжымымен кездесті

Халық қалаулылары сапарының мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауының мазмұнын талқылау, жан-жақты түсіндіру.

– Биылғы Жолдауды әсіресе, еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қабылдады. Бұған себеп те жоқ емес. Мемлекет басшысы маңызды құжатта жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ, – деді жиынды ашып, жүргізіп отырған университет ректоры Г. Алдамбергенова өз сөзінде.

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов Елбасы Жолдауында айтылған ауқымды жұмыстарды рет-ретімен түсіндірді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін көтеру жайында да кеңінен тоқталып өтті. «Елбасы тапсырмасымен біз ұстаздың мәртебесі жайлы заң қабылдаймыз. Бұл заңға сәйкес, ұстаздардың мәртебесін, жұмысын, қызметін, кәсіби жабдықталуын, материалдық ахуалын түгел өзгерту керек. Сіздердің оқу орындарыңызда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық бар екен. Онда педагог, психолог мамандардың тәжірибеден өтуі орталық жұмысын дамыта түсері сөзсіз», – деді Б. Жұмағұлов.

Сенат депутаты Динар Нөкетаева өзі алты жыл басшылық жасаған Қыздар Университетінің мәртебесі туралы баяндады.

– 1944 жылы ашылып, 75 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл білім ордасы 70 000-нан астам педагог маман дайындап шығарған. Биылғы Елбасының Жолдауы, негізінен, педагогтарға бағытталды. Оның ішінде ең төменгі жалақыны 28 000 теңгеден 42 мың теңгеге жеткізу туралы айтылды. Үкіметке нақты тапсырма берілді. Парламент қазір осы заң жобасын дайындауға әзір, – деп атап өтті Д. Нөкетаева.

Жиын барысында университет студенттері Мемлекет басшысының Жолдауы төңірегінде сауалдар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Ұстаздар мен студенттер стратегиялық маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта университеттің арнайы кешенді өз жоспары қабылданады. Ол Президент тапсырмаларының орындалуын, оқу орнында жайлы орта қалыптастыруды және оқытушылардың кәсіби деңгейін анықтауды қамтамасыз етпек. Алқалы басқосуды Г. Алдамбергенова қорытындылап, халық қалауларына еркін форматтағы мазмұнды әңгімесі үшін университет ұжымының атынан алғыс білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ