Аймақтар • 18 Қазан, 2018

ҚИК жаңа ипотекалық өнімді іске қосу туралы жариялады

682 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандағы ең ірі банктік емес қаржы институттарының бірі «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингінің» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ (бұдан әрі - Компания) ипотекалық несиелендірудің жаңа бағдарламасын іске қосу туралы жариялады. Ағымдағы айдың соңына қарай «Орда» ипотекасы қазақстандықтарға қол жетімді болады, деп хабарлайды Қазақстан Ипотекалық Компаниясы.

ҚИК жаңа ипотекалық өнімді іске қосу туралы жариялады

«ҚИК» ИҰ» АҚ-ның жаңа ипотекасы Қазақстанның барлық тұрғындарына бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан, олардың жеке меншігінде басқа тұрғын үйдің бар-жоғына қарамастан, жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік береді. Несиелендіру екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылатын болады, олар «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның тұтынушыларды тарту мен қарыз беру бойынша серіктестері ретінде әрекет етеді.

Төлем қабілеттілігін толық растаған кезде, қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз мөлшерлемесі жылдық 12%-ті, кірісті ішінара растаған кезде - жылдық 14%-ті құрайды. Қарыздың ең көп сомасы - 40 млн. теңгені, ең азы - 1 млн. теңгені құрайды. Қарыз мерзімі - 20 жылға дейін. Қазақстанның 16 қаласында ипотека қолжетімді болады. Жасы 21-ден жоғары Қазақстанның кез келген азаматы қарыз алушы бола алады. Несиені өтеу сәтінде Қарыз алушының немесе Қосалқы қарыз алушының жасы зейнеткерлікке шығатын жастан аспауы тиіс.

«Орда» ипотекасы кіріс толық расталған кезде тұрғын үй құнының 30%-нен бастап және ішінара расталған кезде 50%-нен бастап бастапқы жарна төлеуді көздейді. Бұл ретте бастапқы жарна қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаларға тиесілі жылжымайтын мүлік түрінде қосымша кепілмен ауыстырылуы мүмкін.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Басқармасының Төрағасы Әділ Мұхамеджанов:  «Өз миссиямызды орындай отырып - әртүрлі ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруда - біз көптеген қазақстандықтардың өз тұрғын үй жағдайларын жақсартуына мүмкіндік беретін ипотеканы әзірледік. Оңтайлы сыйақы мөлшерлемесі, реттелетін қарыз мерзімі мен бастапқы жарна мөлшері, кірісті ішінара растау мүмкіндігі, сондай-ақ қарыздың ең көп қомақты сомасы – бұл бүгінгі күні нарықтағы қажет болатын икемді талаптар. Қарыз алушылар өздері үшін ыңғайлы бастапқы параметрлерді таңдап, ай сайынғы қолайлы төлемді анықтайды және өздеріне ұнаған кез келген тұрғын үйді сатып ала алады».

«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының «Ипотекалық қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» бағытын жүзеге асыру аясында серіктес банктер арқылы ипотекалық өнімдерді насихаттау тәжірибесі бар Компания екінші деңгейдегі банктермен жұмыс істеудің ұқсас схемасын қолдануға ниетті: клиент пәтерді өз бетінше таңдайды және серіктес банкпен байланысады, серіктес банк қажетті құжаттарды қабылдайды және Компанияға өтiнiш жiбередi, Компания өз кезегiнде қарыз алушының төлем қабiлеттiлiгiн тексередi және Банкке өз шешiмiн ұсынады. Өтінімді қарау мерзімі бағдарламада келісілген жағдайларды қоспағанда, үш жұмыс күнінен аспайды. Қарыз мақұлданған кезде кепіл ұстаушы және кепіл беруші ретінде Қазақстан Ипотекалық Компаниясы әрекет етеді.