Әлем • 18 Қазан, 2018

Ұстаз – ұлт келбеті

28 реткөрсетілді

«Осы замандағы жан таңырқалық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген - ғылым. Дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым. »

Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынов бір ғасыр бұрын осылай деп жазып қалдырған екен. Алып-қосарымыз жоқ.

     Шүкір деп айтайық, кешегі Жолдауда Елбасы Ұлт болашағы үшін ең нәзік те, ең жауапты сала – білім, ғылымның бүгіні мен келешегіне қатысты қадау-қадау ұсыныстар айтты. Білім саласындағы жүйелі қателіктерге байланысты бірнеше сын айтылды. Үкіметке, жауапты ведомства басшыларына қоғамдағы білім қызметкерлерінің мәртебесіне және саладағы жүйесіздікті реттеуге қатысты әлі нақты шаралар атқарылмағанын ескертіп, келесі жылы «Ұстаз мәртебесі» туралы заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынуды тапсырды. Бұл жолғы Жолдаудың салмағы да осында деп ойлаймын.

Осы салада ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан маман ретінде Ұстаздардың бүгінгі жай-күйіне тоқталсам. Ең басты кемшілік, білім жүйесіндегі бірізділіктің жоқтығы. Білім қызметкерлерінің еткен еңбегі нақты іспен шұғылданатын техникалық сала мамандарындай көзге көрініп, қолға ұстайтындай емес. Мұны қандай да бір есептік көрсеткішпен дәлелдеп, анықтау мүмкін емес. Яғни, еңбекті бағалау тетіктерін дұрыс жетілдіру керек.Үлкен толымды еңбектің жемісін ұзақ жылғы маңдай тер арқылы ғана дәлелдей аласыз. Ал, күнделікті сабақ беріп, оқушылармен жұмыс істейтін мұғалімдердің қандай да бір нақты жетістіктерді жүйелі түрде бағындыруы қазір қиындай түскен. Себебі, қағазбастылық көп, таусылмайтын есеп-қисап. Мұны Жолдауда Н.Назарбаев та атқарушы билікке қарата, сынап жеткізді. «Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат жұмыстарын да солар жүргізеді.» - деді, Президент. Елбасы оларға осы жұмыстары үшін ақы төленбейтінін және ең қиыны, ұстаздарды құзырлы мекемелердің білім жүйесін бас көзсіз тексеріп, оқу процесіне кері әсер етіп отырғанын айтты.

Педагог еңбегінің бағалану критерийлеріне қатысты тағы бір ұсыныс. Ұстаздың ұзақ жылғы еңбек өтіліне қатысты мемлекеттік марапаттаулар мен қандай да бір жоғары дәрежелі құрметті атақтарға ұсынылуы. Осы жағы да кемшін. Мәселе, атақ-даңқта емес, мәселе көңілде дер едім. Өнер, мәдениет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік құрылым мамандары үздіксіз марапатталып отырады. (Жоғары мемлекеттік наградалармен)

Ұстаздардың әлеуметтік мәртебесі де оңып тұрған жоқ. Елбасы мұны да айтты. Меніңше, барлық мәселе осы жерде. Алдымен, ұстаз мәртебесіне қатысты алғашқы ұсынысты мұғалім еңбегін бағалаудың жаңа тетіктерін енгізуден бастау керек дер едім. Сарапшылар қазірдің өзінде бірнеше тараудан тұратын ұсыныстар топтамасын әзірлеп жатқан болуы керек. Мұғалім қоғамның барлық мүшелерін, мемлекеттің барлық дерлік азаматын сауаттандырып, көзін ашатын негізгі агрегатор Тұлға. Олай болса, Ұстаз мәртебесі неге «Мемлекеттік қызметкер» статусымен теңестірілмейді?! Біз жиі айтатын АҚШ пен Еуропа елдерінде бұл мәселе жүйелі шешілген. Бір сөзбен айтсақ, бұл елдерде мұғалім мемлекеттік қызметкер санатына жатады. (мәртебесі теңестірілген) Олардың құқықтық статусы барынша сақталған және әлеуметтік тұрғыда қорғалған. Сәйкесінше, жоғары жалақы және тұрақты жұмыс орнындағы кәсіби өсу мен мансаптық дәрежелері нақтыланған. Меніңше, «Педагогтар мәртебесі туралы» Заң қабылданысымен, бұл Заңның орындалуын мемлекеттік құзырлы мекемелермен қатар, қоғамдық белсенділер де қадағалауы керек. Яғни, осы Заңды бұзғандар жауапқа тартылуы тиіс. Кемшіліктер жойылғанда ғана, жүйелі жұмыс атқарылады.

Ұрпаққа сапалы білім мен қатар, саналы тәрбие ұрығын себетін Тұлға – ұстаз екені анық. Тағы да Ахаңша, Ахмет Байтұрсыновша айтсақ: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген жанашыр сөзі қазір әр қазақ үшін бағдаршам іспетті, қазақ қоғамының ең бір өзекті мәселесіне айналған. Сондықтан, мемлекеттің Ұстаз мәртебесіне қатысты ұстанымы мен принципті қағидаттарын тек ұстаздар қауымы ғана емес, мұқым ел болып талқылап, қоғамдық негізде ұсыныстар енгізуден шаршамауыз керек.

Шынар Батырғалиева,

Астана қаласы, №14 мектеп – гимназиясы директорының оқу - тәрбие жөніндегі орынбасары

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар