Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Д. Кәлетаев Қостанайдағы үкіметтік емес ұйымдар республикаға үлгі екенін айтты

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайға Елбасы Жолдауын түсіндіру жұмысымен келген Қоғамдық даму министрі облыстағы үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерімен кездесті.

Д. Кәлетаев Қостанайдағы үкіметтік емес ұйымдар республикаға үлгі екенін айтты

Алдымен министр азаматтық қоғамның Қостанай облысында белсенді жұмыс істейтінін, өңірде көптеген қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп отырған ресурстық орталықтың республикада бірінші осы облыста құрылғанын айтты. Енді олар еліміздің өзге өңірлерінде де құрылып жатыр.

Бұл кездесуде министрмен әңгіме сұрақ-жауап форматында болды. Көптеген қоғамдық белсенділер министрге сұрақ беруге мүмкіндік алды. Облыста көптен бері жұмыс істеп келе жатқан Мүгедек балалар аналарының «Радуга» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Колоскова үкіметтік емес сектор қызметінің базалық ережелері, этикалық нормасын бекітетін кодексі болуы керек деген ұсынысын айтты.

«Біз қазір үкіметтік емес ұйымдар жұмысындағы өзгерістер туралы жұмыс жүргізіп жатырмыз, сонда мұндай кодекстің керектігін де білгенбіз. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырмыз, Әділет министрлігіндегі мамандардың айтуынша, мұндай кодекс жасау оңай шаруа емес. Сондықтан заңгерлердің қатысуымен біз жұмыс тобын құрдық, мүмкін жақын уақытта мұндай кодекс туралы еститін боларсыз» деп жауап берді министр Кәлетаев.

Үкіметтік емес ұйымдар белсенділері министрге мұнан басқа да осындай қадау-қадау өзекті мәселелерді қамтитын сұрақтар берді. Оның барлығына Дархан Кәлетаев жауап берді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

 Қостанай