Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Қарағандыда әнші-композитор Қорабай Есеновтің мерейтойлық кеші өтті

1259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыда белгілі әнші, сазгер Қорабай Есеновтің мерейтойлық концерті өтті.

Қарағандыда әнші-композитор Қорабай Есеновтің мерейтойлық кеші өтті

Кешке арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Ерлан Қошанов өзінің құттықтау сөзінде Қорабай Есенов әндерінің ұлттық музыка өнерінің алтын қорына еніп, шын мәнінде халық игілігіне айналғанын атап өтті.

– Мен сіздің шығармашылығыңызбен бала кезімнен таныспын. Сіздің талантыңызды дәріптейтін адамдардың бірімін. Сіз біздің, ағаларымыздың кумирі болғансыз. Сіздің әндеріңіз негізінен сол уақыттағы романтизмді сипаттайды, ол кездері жастар мөлдір, таза сезімдерге, махаббатқа толы болатын. Қорабай аға, халық сізді сол үшін жақсы көреді, сіздің әндеріңіз қазақ радиосының алтын қорында сақталған, – деді Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы жетпіске жасы жеткен мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Шығармашылық кешке әнші Ғалым Мұхамедин, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев және мерейтой иесінің шәкірті, әнші Сейіл Аяғанов сынды өнер саласының майталмандары қатысып, кеш көрігін қыздырды.

Қорабай Есенов Жаңаарқа ауданының тумасы. Әуесқой әнші-композитордың он жеті жасында жазған «Жас қалам» әні өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары жастар арасында ерекше танымал болған. Осы «Жас қалам» және «Қоштасу» әндері композитордың ерекше туындыларына айналып, оның есімін бүкіл елге әйгілі етті. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ