Аймақтар • 19 Қазан, 2018

Айкерім Мұқағалидың ауылына барады

708 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ертіс дарыны» қосымша білім беру өңірлік оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 8-ші республикалық «Мұқағали оқуларының» облыстық кезеңі өтті.

Айкерім Мұқағалидың ауылына барады

Рухани мән-мағынасы терең бұл поэзия байқауына өңірдің ауыл, қалаларынан 31 оқушы қа­тысты. 

Осы айтулы шараға қаты­сушы Қалқаман ауылы мекте­бінен келген Айтол­ған  Жүнісхан, Аққулы ауданы Тілектес орта мектебінің шәкірті Мақ­пал Хайратбек, Шарбақты ауданы Есіл­бай орта мектебінің намысын қорғаған Айдана Қайкен, Ақ­су қаласының гимназия оқу­шы­сы Жансая Жәнібек, облыс орталығындағы гимназия-интернат өкілі Рама­зан Дәуренбекұлы, Екібастұздағы №36 мек­теп-лицейі үкілеп қосқан Қазына Тыныбек және басқалар туған тілдерін құдірет көрген өр мінезді өрендер екендерін көр­сет­ті. 

Тағы бір байқалғаны – «Мұ­қағали оқуларына» өзге ұлт өкіл­дерінің балалары, атап айт­қанда, облыс орталығындағы №3 гимназиясының 8-сынып оқушысы Дарья Лангольф пен №8 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Екатерина Соко­лова қатысты. 

Орталық мамандарының ай­­­­туынша, «Мұқағали оқу­­ла­рының» мақсаты – жас ұр­пақ­тың әдебиетке, қазақ поэзиясына деген құш­­тарлығын арттыру, оларды өлең құдіреті мен қуатын жанымен сезі­ніп, жүрегімен түсіне бі­лу­ге үйрету. 

Екіншіден, еліміздегі мектеп оқушылары арасында қа­зақ­ ақындарының, Мұқағали Мақа­таевтың да шығармаларын наси­хат­тау, балғын таланттардың шы­­­­­­ғар­­машылық қабілеттерін, та­­би­ғи дарындарын ұштау болып табылады. 

Үшіншіден, жаңадан өлең­ жа­зу­ға талпынып жүр­ген оқушы­ларға қолдау көрсетіп, олармен жүргізілетін шығармашылық жұ­мыс түрлерін жандандыру. 

Оқушылар «Өлең пірі – Мұ­қағали» аталатын негізгі бө­лім шарты бойынша ақынның жырларын жатқа оқып берді. Оның ішінде ақынның өлең­дерімен бірге «Аққулар ұйық­тағанда» және «Райымбек, Ра­йымбек!» сияқты поэмалары да бар. Ақиық ақынның өмі­рі мен шығармашылығынан қан­шалықты хабардар екендіктерін үміткерлер «Мұқағали жайлы кім көп біледі?» деген бөлімде 10 сұраққа жауап беру арқылы бай­қатты. 

«Жауқазын жыр жаным­ды жүр мазалап» деген бөлім­де қа­ламының желі бар жеткіншек­тер өздері жазған өлеңдерін де оқып берді. Қауырсын қанат өлеңдер жүрек тербеп, санаға түрлі ой салады екен. 

Қатысушылар өлеңнің идея­­сын ашып, мәнерлеп, көрер­менге әсерлі етіп оқып беру­лері керек. Қазылар алқасы оқу­шының өлең­ді мәнерлеп оқу шебер­лігіне, дикциясына, да­уыс бояуына, әртіс­тік қабілетіне ерекше мән берді. 

Осындай талапқа оқушы­лардың арасынан Ямышев ауы­лы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айкерім Хауметқали сай келіп, қатарынан қара үзіп шық­ты. 

Ал оны осы байқауға әзір­леген ұстазы, қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Тө­леу Каукердің айтуынша, ата-анасы, мектебі үлкен үміт күте­тін Айкерім өте талапты қыз. Өлең де жазады. Ямыштың мек­те­бінде тәуелсіздіктен кейін тарихи отаны­на оралған ағайын­дардың 80 баласы оқып білім алуда.  Сөйтіп  «Мұқағали оқула­рының» облыстық кезеңінің қорыт­ын­дысы бойынша бас жүлдені Айкерім Хауметқали иеленді. Айкерім енді Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауы­лын­да өтетін республикалық кезеңде сынға түседі. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Павлодар

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51