Аймақтар • 19 Қазан, 2018

Оралда студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

60 реткөрсетілді

Оралда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталық студенттерге анықтама, транскрипт, диплом телнұсқалары береді, білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеп, гранттар мен шәкіртақыларға өтініш қабылдайды – барлығы 35 түрлі қызметті «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетеді.

Суретті түсірген Наталья ГОРОХОВА

Батыс Қазақстан облысында тұңғыш ашылып отырған орталыққа өңір басшысы Алтай Көлгінов арнайы келді. ЖОО ректоры Асқар Нәметов биыл ашылғанына 55 жылдығын атап өткен іргелі білім ордасында қолға алынған «SMART университет» жобасы туралы әңгімеледі.  

- Осы орталықтың арқасында біз университеттегі «Smart university» жобамызды бастап отырмыз. Бұл орталықта студенттерге де, оқытушыларға да автоматты қызмет үлгісін көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғаса береді, - деді Асқар Нәметов.

- Елбасымыз келесі жылды «Жастар жылы» деп атады. Жастарға ең басты қолдау – мемлекетіміздің білім алуға, кәсіп үйренуге барлық мүмкіндікті жасауы. Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ білімге ерекше көңіл бөлді. «Болашақ» бағдарламасы пайда болды, «Назарбаев» университеті ашылды, зияткерлік мектептер ашылды, лицейлер ашылды. Олар құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, қаншама грант бөлініп жатыр. Бес әлеуметтік бастама бойынша биыл тағы да қосымша грант бөлінді. Ол гранттың иегерлері біздің өңірде де, осы университетте де бар. Мемлекет жыл сайын жастарға жаңа кеңістік ашып отыр. Ең басты көздеген мақсат – сапалы білім, біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тізіміне енгіміз келсе, оған тек қана білім керек! Басқа жол жоқ! Сондықтан бүгін ашылған студенттерге қызмет көрсету орталығы да білім сапасын арттыруға сеп болады деп ойлаймыз, - деді Алтай Көлгінов орталықтың ашылу салтанаты кезінде.

Студенттерге қызмет көрсету орталығының лентасын «Рухани жаңғыру» орталығының профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев пен машина жасау факультетінің 4 курс студенті, Қазақстан Республикасы Президенті атындағы шәкіртақы иегері, ЖОО арасында өткізілген «Үздік студент-2018» байқауының жеңімпазы Гүлнұр Тілепберген қиды. Орталық қызметін тұңғыш пайдаланғандардың бірі машина жасау факультетінің 4 курс студенті Муса Көнеев болды.

- Бұрын дәл осы транскрипті алу үшін бір апта уақытымыз кететін. Бүгін, міне, бес-ақ минут жұмсадым, - дейді Муса. - Уақытты тиімді пайдаланатын болдық. Бұл жерден үнемделген уақытты білім алуға, басқа да пайдалы іске жұмсаймыз.

Студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып шыққан Алтай Көлгінов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дің 1 курс студенттері алдында «Білімге талпыныс – жетістіктің негізгі кілті» тақырыбында қоғамдық дәріс өткізді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар