Бизнес • 20 Қазан, 2018

Сенат депутаттары Алматыдағы көпір құрылысы зауытын аралады

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Төлеубек Мұқашев пен Динар Нөкетаева Алматы қаласына жұмыс бабындағы сапар аясында осындағы көпір құрылысы зауытын аралады, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сенат депутаттары Алматыдағы көпір құрылысы зауытын аралады

Зауыттағы инновациялық жаңалықтар сенаторлардың назарына ұсынылды. «Біздің зауытымыз жаңа технологияларды қолдана отырып, көпірлердің аралық құрылысының бағасын төмендетуді ұсынады. Бұл өз кезегінде, бюджет қаражатын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді зауыт директоры Шухрат Шардинов.

Сенат депутаттары өнімнің қазақстандық үлесінің пайызын нақтылауды сұрады. Зауыт басшылығы Қазақстанның үздік өндірушілері өндірген цемент, шағыл және басқа да барлық материалдар пайдаланылатынын жеткізді. Өндіріс орны елімізде шығарылмайтын инновациялық жабдықты ғана сырттан алдыруға мәжбүр.

«Бүгін, біз, кәсіпорынның тұрақты жұмыс істейтініне куә болдық. Зауыт шығаратын өнім елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде пайдаланатыны қуантады», - деді Т.Мұқашев.

Зауыт қызметкерлерінің алдында сөз алған Д.Нөкетаева кездесу Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы аясында өтіп жатқанын атап өтті. «Зауыттың әлеуметтік бағдардағы кәсіпорын екеніне көз жеткіздік. Жұмыскерлер үшін барлық жағдай жасалған: асхана, дүкен, медицина орталығы, шаштараз және спортпен айналысуға да мүмкіндік беретін фитнес-зал бар. Біз Сіздермен пікір алмасып, бүгінгі таңда отандық өндірушілерді толғандырған мәселелерді шешуге қолғабыс жасауға әзірміз», - деді сенатор.

«Зауыт ұжымы Елбасының Жолдауын толық қолдайды. Жолдау бұл – әрбір азаматтың сөзден нақты іске көшудегі нұсқаулығы. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылды деген жаңалықты зауыт қызметкерлері аса қуанышпен қабылдады. Демек, алдағы 7 жылда жол құрылысы саласының жұмыс көлемі ауқымды болады деген сөз», - деді зауыт ұжымының атынан «Жас Отан» лидері Данияр Ибрагимов.

Сапар аясында Сенат депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева мен Төлеубек Мұқашев Қазақ мемлекеттік әйелдер педагогикалық университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті.