Аймақтар • 20 Қазан, 2018

Маңғыстау облысына ирандық делегация келді

432 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан Иран Ислам Республикасы Гүлстан провинциясының губернаторы Манаф Хашеми бастаған ирандық делегеция өңірге келді. Делегация құрамында мемлекеттік орган басшылары, туризм, медицина, сауда-өнеркәсіп палатасының қызметкерлері де бар.

Маңғыстау облысына ирандық делегация келді

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы жалпы тауарайналымы 27,2 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт – 4 млн. АҚШ долл., импорт – 23,2 млн.АҚШ долларын құрап отыр. Маңғыстау өңірі Иранға: 4 млн. АҚШ доллар көлемінде астық пен жармалар, темекі бұйымдары, құрылыс материалдары, болат және басқа да тауарларды экспорттайды. Ираннан Маңғыстау облысына: көкөністер, жеміс-жидектер, ағаштар, спорттық құрал-саймандар, жиһаздар және басқа да тауарлар импортталады.

Ирандық делегация Ақшұқыр ауылындағы балық зауытында болып, Құрық портын аралап, стратегиялық маңызы зор нысанның мүмкіндігімен танысты. Құрық порты - еліміз үшін ғана емес, көптеген елдер үшін де транскаспий халықаралық дәлізінің және көлік-логистикалық жүйесінің ең негізгі нүктесі.

Маңғыстау облысы мен Гулстан провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында бизнес-форум өтті. Онда Маңғыстау облысының әкімдігі мен Гүлстан провинциясы арасында, сондай-ақ «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Гүлстан облысының Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбав экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторға тікелей инвестициялар тарту міндетін тікелей жүктеді. Арнайы экономикалық аймақтар экономиканы әртараптандырудың тиімді және пәрменді құралы болып табылады. Бүгінгі «Ақтау теңіз порты»арнайы экономикалық аймағында 500 млн. АҚШ доллар сомасында 27 инвестициялық жоба іске асырылуда. Біздің өңірдің климаттық жағдайы, электр энергиясының қосымша ресурсы үшін күн және жел электр станцияларын салуға мүмкіндік береді. Сондықтан баламалы энергия көздерін дамыту маңызды сектор. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салу үшін, атап айтқанда жылыжай шаруашылықтарын дамытуда мол мүмкіндіктер бар. Маңғыстау өңірінің географиялық жағынан қолайлы орналасуы, бай тарихи мұрасы, көрікті жерлері, теңіз айдыны, ұзақ жағажай маусымы - туристік ағынды молайтып екі ел туризмінің дамуына мүмкіндік мол, деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов.

Шара барысында екі елдің кәсіпкер өкілі және басқа да мекемелердің мамандары келіссөздер жүргізді. Теміржол, әуе және автокөлік қатынастары бойынша өзара іс-қимылдарды жолға қою, Маңғыстау мен Гүлстанда өзара сауда үйлерін ашу, Инчебұрын т/ж бекеті аумағында элеватор салу, Инчебұрын азат экономикалық аймағын ашу, сондай-ақ Гүлстанға астықты уақытша кіргізіп өңдеп, үшінші елге сату, дәнді дақылдар, соның ішінде күріш егу мәселелері қаралып, білім, медицина және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ, егін, мал және құс шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, инженерлік-техникалық қызметтер, құрылыс өнеркәсібі, бидай, өсімдік майларын өндіру-сату, техника, ағаш өнеркәсібі, буып-түю өнеркәсібі, кен, фармацевтика, химиялық заттар, табиғат туризмі мен емдік туризм саласы талқыланды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше